Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау өзекті мәселе
Қыркүйек айының басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жолдаған болатын. «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деген тақырыпты арқау еткен кезекті Жолдау таяудағы жылдары атқарылуы тиіс маңызды міндеттерді айқындап берді.
Осы орайда аудандағы аграрлық-техникалық колледжде Жолдауға қолдау, үн қосу мақсатында арнайы жиын өтті. Жиынды аграрлық-техникалық колледж директоры Дархан Қожахметов ашып, жүргізіп отырды.
– Мемлекет басшысының Жолдауы – ел дамуының алғышарты іспетті. Әр жыл сайын халыққа ұсынылған Президент Жолдауында өткен жылы атқарылған жұмыстар бағаланып, алдағы мақсат нақтыланады. Сондай-ақ үкімет алдына нақты тапсырмалар қойылып, мерзімі, негізгі бағыттары сараланады. Биылғы Жолдауда да аса маңызды мәселелер қаралып, нақты тапсырмалар айтылды. Соның ішінде еңбек адамының мәртебесін көтеру, экономиканың артуы білікті мамандардың қатарын толықтырудан басталатынын нақтылап айтып өтті. «Экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет. Ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажет. Сондай-ақ болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керек. Бұл бағытта нақты жұмыстар басталды. ... Жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет. Үкімет колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруға тиіс. Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам» деді Президент өз сөзінде. Бұл тұста тарихы тереңнен сыр шертетін аудандық аграрлық-техникалық колледжімізге артылар жауапкершілік зор деп білемін, – деді Дархан Сейдалыұлы.
Одан кейін ұжым қызметкерлері Жолдауды өзара талдап, пікір білдірді. Аудандық аграрлық-техникалық колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айсұлу Айдарбекқызы, тарих пәнінің мұғалімі, колледж кәсіподақ ұйымының төрағасы Ғани Нұрланов сөз сөйлеп, Президент Жолдауында көрсетілген бағыттар мен міндеттерге тоқталып өтті.
– Ел Президенті «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді» деп атап өткен болатын. Осы ретте білікті, білімді маман тәрбиелеп, ұлтқа қызмет ету жолында ұстаздар қауымына артылар жүк жеңіл емес, – деді тарих пәнінің мұғалімі Ғ.Нұрланұлы.
Жиын соңында ұстаздар өзара пікір алмасып, жүйелі жұмысты жандандыру жолындағы кезекті жоспарларды талқылады.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ