Кітапхана – рухани игіліктің бастауы
Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев: «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен кітапхана» деп, кітапханаға дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының қайнар көзі екенін айтты. Кітап – рухани қазына. Әрбір адам кітап оқу арқылы кемелденеді, бойына күш-жігерін жинақтайды. «Бар білімнің бастауы кітапта» деп бекер айтылмаса керек.
Елімізде «Балалар кітапханасы» жобасы аясында жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында игілікті жұмыс атқарылып келеді. «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деп ұлы ақын Абай Құнанбайұлы айтқандай, осынау білімнің тұнық, мөлдір бұлағынан шәкірттерді сусындатып отырған мектеп кітапханасының орны ерекше. Рухани ордада балалар дүние-танымын молайтып, тағылымы мол тәрбие алып отырады. Әрбір шәкірт алғаш мектеп табалдырығын аттағаннан бастап, алғашқы ұстаздары мектептің құттыханасы кітапханаға саяхат жасатады. Баланың кітаппен достасуы осы шақтан бастау алып, білімге деген құштарлығы артады.
– Мектеп кітапханасында бастауыш сынып оқушысынан бастап, жоғары сынып оқушысының жасына лайықты көркем шығармалар жеткілікті. Оқушылар кітапхана оқырманы атанған сәттен бастап, кітаппен танысып, газет-журналдардың тігінділеріне де қызыға қарап, алып оқиды. Ұстаздар да өздеріне қажетті мол қазынаны кітапханадан алады. Оқу, тәрбие сағатына қажетті дүниелердің барлығы кітапханадан табылады. Яғни, ұстаздар үшін де кітапхана – мол қазынаның кені. Биылғы 2024-2025 оқу жылында №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектеп кітапханасының кітап қоры жас оқырмандарға арналған жаңа көркем әдебиеттер мен шетел әдебиетінің аудармаларымен толықтырылды, – дейді мектеп кітапханашысы Пархана Шәкімбекова.
Иә, «Кітап – рухани қазына, баға жетпес құндылығымыз». Мектеп кітапханасында балалардың оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі іс-шаралар өткізілуде. «Жаңа кітап – жаңа әлем» атты кітап көрмесінің таныстырылымы, «Тіл мерейі – ел мерейі» атты кітап көрмесі, «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында жыл таңдауы жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты танымдық сағаты өтті. Кітапханадағы кешті қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ж.Байсынова мектеп кітапханашысы ұйымдастырды.
Мұнан басқа еліміздің атаулы күндеріне орай көрме ұйымдастырылып, бастауыш сынып оқушыларының қатысуымен әдеби кеш өткізілді.
Кітап дегеніміз алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. «Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деп жазушы Ғабит Мүсірепов айтқандай, мағыналы сөздің астарында терең білімділікпен қоса рухани байлықтың өзегі жатыр. Расымен де, ұзақ сапарға шыққанда сенімді серігіміз, әркез қасымыздан табылып, көңілімізге қуаныш сыйлап, жадырататын да өзіміздің жақсы көретін кітабымыз.
– Оқушылар күзгі демалыс уақытын тиімді пайдалану мақсатында «Мен оқыған кітаптар» атты оқыған кітаптары туралы, оның мазмұнын қысқаша айтып беру сағаты өткізілді. Кітапханада елімізде аталып өтілетін айтулы күндер, ұлы тұлғалардың мерейтойлары туралы іс-шаралар өткізіледі. Мектепте «Кітапханаға кітап сыйла» акциясын өткізу дәстүрге айналған. Акцияға мектеп мұғалімдері, оқушылар мен ата-аналар, ауылымыздың азаматтары қатысып, кітап сыйлауда. Әр бала кітап оқыса қуанамыз. Кітап оқу арқылы, барлық жетістікке жетуге болады. Бүгінгі оқушыларымыз ертеңгі өмірге жолдама алғанда да әр түлек өзінің жүрек қалаған мамандығы бойынша еңбек етуі үшін де кітаптың пайдасы орасан зор екеніне көзін жеткізеді. Баланың тұлға болып қалыптасуына отбасы, мектеп ұстаздары мен кітапхананың қосар үлесі мол, – дейді өз ісінің маманы П.Шәкімбекова.
Бибісара ЖАНӘЛІ