Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Рухани қазына ошағы

Рухани қазына ошағы

Білімнің сарқылмас бұлағы, ой мен сананы байытатын рухани қазына – кітап. Ал кітапхана білімнің киелі құтханасы, руханият ордасы, білім мен мәдениеттің алтын бесігі. Кітап сақтайтын және кітап оқитын орын, кітапхана, кітап қоры осы үшеуінің бірлігі ол әрине кітапхана екені сөзсіз. «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп жазады жазушы Әбіш Кекілбаев.

Бүгінде аудан тарихында жақсы бастамаға, жарқын болашаққа жол ашатын рухани қазына ордасы – Сырдария аудандық орталықтандырылған кітапханасы. 86 жылдан бері аудан тұрғындарына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан кітапхананың тарихы тым тереңнен бастау алады. Өткен ғасырдан сыр шертетін болсақ орталық кітапхана 1938 жылы «Қызыл отау» негізінде ашылады. 1946 жылы Қазақстанда Мәдениет министрлігі құрылып, осыған орай ауданда мәдениет бөлімі ұйымдастырылса, 1952 жылы аудандық мәдениет бөлімі жанынан аудандық кітапхана мен аудандық балалар кітапханасы қайта құрылады. 1980 жылы аудан кітапханалары бірік­тіріліп, орталықтандырылған кітапханалар жүйесі болады. 1999 жылы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі үшін ізгілікке бет бұрған жыл болды. Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің қаулысына сәйкес «Сырдария аудандық орта­лық­тандырылған кітапхана жүйесі» 1999 жылдың қаңтар айынан бастап мемлекеттік мекеме болып қайта құрылады. 2015 жылы аудандық орталық және балалар кітапханаларына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жаңа технологиялармен жабдықталған 6 орындық электронды оқу кабинеті бар ғимаратқа көшті.

Тарихы терең рухани ошақтың 1952-1964 жылдары кітапханашысы – Шайхы Нұржанов болды. Ал 1964-1980 жылдар Күлтай Ахметова, 1980-1994 жылдар аралығында Қаракөз Башенова, 1994 жылдан 2022 жылға дейін Гүлстан Нұржакиева басқарды. Қазіргі таңда 2022 жылдан бері Айбек Қонысбаев басқарып келеді.

– «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негіз­гі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек» деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында атап өткен болатын. Қазіргі таңда ауданда 17 кітапхана жүйесі жұмыс жасайды. Сондай-ақ білім ошақтарында 17 кітапхана бар. Бүгінде кітапханалар жүйесінде 400 мыңнан астам кітап қоры қамтылған. Кітапхана – білім көзі болса, ал кітапханашы – оның тірегі екені сөзсіз. Тек қана оқырманға кітап беріп қана қоймай, кітапхананың бай қорын сақтап және насихаттап, халыққа жеткізуде 29 білікті кітапханашы қызмет етіп келеді. Аудан бойынша 18 515 оқырман кітапханамен тығыз байланыста, – дейді кітапхана директоры Айбек Қонысбаев.

Кітапхана жұмысы – көзге көрінбейтін, бірақ өте ауыр жұмыс. Руханият ордасынсыз ұлт болашағын елестету мүмкін емес. Аудан халқына рухани азық беретін кітапхана жүйесі игі істердің ұйытқысы болып келеді. Руханият ордасы ашылған сәттен бастап халықтың ыстық ықыласына бөленіп, атқарылып келе жатқан жұмыстарының жемісін көруде. Ең алғаш халыққа рухани қызмет көрсетуде жоғарғы көр­сет­кішке жеткені үшін орталықтандырылған кітапхана жыл жеңімпазы болып танылып, облыстық мәдениет басқармасының Құрмет дип­ломымен марапатталды.

Аудандық кітапхана ауылдық кітап­хана­лармен тығыз байланыста. Жылдан-жылға аудандық, ауылдық кітапханаларда кітап қоры жаңартылып, кітапхана жұмысы жаңа заманауи техникалармен жабдықталуда. Коворкинг орталығы, «Адалдық алаңы» жобасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Парасат жолы» орталығы жұмыс жасаса, биылдан бас­тап «Адал адам» мәдени тәрбие орталығы тұжы­рымдамасының «Әлем-Book» жобасы аясында оқырмандар бұрышы ашылып, мәдени іс-шаралар өткізілуде. 2016 жылдан бастап жыл сайын жергілікті ақын-жазушылардың шығар­машылығын кеңінен насихаттау, халыққа оқыту мақсатында «Өлке болып оқимыз» атты үлкен жобамен жұмыс жасауда. Биылғы жыл таңдауы ақын, сыншы, аудармашы Әбіраш Жәмішевтің шығармашылығын насихаттап, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мұнан бөлек, жыл сайын «Дауыстап кітап оқу – руханиятқа талпынысты ояту» жобасы жүзеге асып келеді. Д.Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жас­өспірімдер кітапханасының «Оқитын ұлт» рес­публикалық онлайн байқауына қатысқан Нағи Ілиясов ауылдық кітапханасының оқырманы Ақжан Сұлтанғазиева жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» повесі бойынша эссе жазып, «Кітапхана досы» номинациясы және бағалы сыйлықпен марапатталды.

Кітапхана желісінде тегін интернет және аудио-видео құрылғылар оқырмандардың электрондық ақпараттық ресурстармен жұмыс істеуіне мүмкіндік беруде. Сондай-ақ кітапханашылар мүмкіндігі шектеулі оқыр­мандарға, оның ішінде көзі көрмейтін жандарға кітаптарды бірнеше тілде оқып беретін арнайы құрылғымен қызмет көрсетіп, кітапхана жұмысын одан әрі жандандыруда.

Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА
25 қазан 2024 ж. 129 0