Азан шақырып ат қою
«Әке мен шешенің баланың алдында үш міндеті бар: туғанда жақсы ат қою, дінге тәрбиелеу, үйлендіру (қыз болса — ұзату)» Хадис-шариф
Азан шақырып ат қою — сәбиге ат қоюдың мұсылманша дәстүрі. Сәбидің бір құлағына азан шақырып, екінші құлағына қамат айтып есім қою сүннет амал болып саналады. Бұл амал нәрестенің жынысына байланысты емес: ұлға да, қызға да жасалады. Ислам дінін ұстанған қазақ халқы үшін тым жат емес дәстүрлердің бірі болғандықтан «азан шақырып қойған аты» деген тіркесті күнделікті қолданысқа енгізіп жібергенбіз.
Азан шақырып ат қою
Перзентінің құлағына азан шақырып, жақсы есім қою — Ислам дінінің ата-анаға жүктейтін жауапты міндеттерінің бірі. Әке-шешесі таңдаған есім баласы өскенде кесірін тигізбейтін болуы шарт. Сондай-ақ, адам есімінің мағыналық тұрғыда өте сауатты болуының маңызы туралы хадис-шарифте де айтылған: «Сендер қиямет күні өздеріңнің есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар, сондықтан да есімдеріңді жақсартыңдар«
Атты неге азан шақырып қояды?
Азан шақырып ат қою — Мұхаммед (с.а.у) пайғамбардан қалған өсиет, сүннет амал.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) баланың құлағына азан шақырып, жақсы есім қоюды үмбетіне өсиет еткен. Күнделікті оқылатын бес уақыт намаздың уақыты кіргенін мұсылмандарға хабарлағанда азан айтылады, сондай-ақ, сәбиге ат қояр сәтте де құлағына азан шақырылады. Ибн Аббастың (р.а.) риуаят етуі бойынша пайғамбарымыз (с.а.у.) немересі Хасан дүниеге келгенде, оның оң құлағына азан, сол құлағына қамат оқыған (Тирмизи, Әдаһи, 15).
Сондай-ақ нәрестенің ең алғашқы естіген даусы азан үні болғаны дұрыс. Себебі оқылған азан мен қамат, сәбиге жасалған алғашқы иман қадамы болып табылады. Азанның мағынасы мен мазмұнында тәкбір (Алланың Ұлылығы), таухид (Алланың жалғыздығы), пайғамбарлық және намаз сияқты діннің негіздері қамтылуда.