Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сала ардагері, салихалы қария

Сала ардагері, салихалы қария

Саналы ғұмырының 20 жылын орман шаруашылығына арнаған ардагер Рыстай Андабаевтың есімі тереңөзектіктерге етене таныс. Бейнетінің зейнетіне осы салада еңбек ете жүріп жеткен ақсақал келесі жылы 80 жасқа келеді. Жүрісі ширақ, еңбекке епті азамат алғырлығы мен еңбекқорлығының арқасында қарапайым жүргізушіліктен бастап, бірнеше мамандықты меңгерген бесапап маман.

Өмірі еңбекпен өрілген қарапайым еңбек адамының өмірбая­ны 1945 жылы Қарағанды облысы Жезқазған ауданы Байқоңыр ауылында дүниеге келуімен басталады. Әкесі Қалбай соғыс жылдары Жезқазғандағы мыс қорыту зауытында тылда еңбек етіп, 1948 жылы отбасымен туған елге оралады. Тереңөзектің Узтоп елді мекеніне қоныс аударып, 38 жыл бойы сонда тұрады. Кейін Рыстай аға Тереңөзекке көшіп келіп, қарашаңырақтың түтінін жұбайы Ақзайрашпен бірге түтетіп, өсіп-өнеді.

– Әкем Қалбай тылда еңбек еткен. Анам Нәзи – Арқаның қызы. Бала кезімде отбасымыз Узтопқа көшіп келді. Сонда оқу оқып, ер жеттік. Үлкен ағамды Тотанды әкем өзінің бауырына берген. Тереңөзектегі мектепті бітірген соң әскерге аттандым. Отан алдындағы борышымды Куйбышев қаласындағы ішкі істер әскері құрамында 2,5 жыл атқардым. Әскерде жүргізуші болдым. Міндетімді мінсіз атқарғаным үшін алғашқы награда «Жеңіске – 20 жыл» мерекелік медалін алдым, – деген ардагер кеудесінде жарқырап тұрған медалін көрсетті.

Шын мәнінде әскери міндетін атқара жүріп, осындай марапатқа ие болу – үлкен абырой. Бұл ардақты азаматтың қай істі де аса жауапкершілікпен атқаратын қасиетіне берілген марапат еді. Әскерден келген соң аудандық ауруханада жүргізуші болып еңбек етеді. Білімге, ізденіске құмар азамат жоғарғы білім алу мақсатымен Жамбыл технологиялық жеңіл өнеркәсіп институтына оқуға түсіп, инженер-технолог мамандығын алады. Білікті маман ауданда тұтынушылар одағында кондитерлік цехтың бастығы қызметін атқарады. Сан салада еңбек еткен ардақты азамат құрылыста да еңбектенеді. Ағаш шебері ретінде оның қолтаңбасы Қалжан ахундағы бірнеше құрылыста қалған.
Елдегі аумалы-төкпелі, тоқырау заманда да жұмыссыз қалмай, орман шаруашылығына, яғни аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне жұмысқа қабылданады. Мекемеде әр жылдары инженер, шебер, орман күтуші болып, саланың іргелі жылжуына атсалысады.

Иә, орман – табиғат-ананың бір бөлігі. Адамзатқа қорған болған орман-тоғайдың экологиялық аймақ үшін маңызы зор және денсаулықтың кепілі екені баршаға аян. Рыстай Андабаев еңбек еткен жылдары мекемедегі 25 қызметкермен аудан көлемінде мемлекеттің қорындағы жер учаскелерін қорғап, сексеуіл көшетін егумен қатар, орман мен тоғайлы жердегі қорды мүмкіндігінше сақтау, пайдалану, қосымша оны өсірумен айналысқан.

– Орманшының жұмысы далада. 13 орманшы табиғаттың байлығын қадағалаймыз. Әр мезгілде атқаратын жұмысымыз болды. Оңай болды деп айта алмаймын. Әсіресе мына бір оқиға есімнен кетпейді. Күз мезгілінде сексеуілдің тұқымын жинауға аттануымыз керек болды. Біз еңбек еткенде мекеменің техникалық жарақтануы өте мүшкіл халде еді. Басшымыз облыстан бір «Техпомощь» деген көлікті әкелді. 21 қазан күні 13 орманшы және жүргізуші Қызылқұмға көлікке мініп аттандық. Жол ұзақ, Іңкәрдариядан 40-50 шақырым жерде. Орманшыларға жасалған жағдай да жоқ. Күннің ызғарына қарамастан тұқым жинадық. Қаншама адам түнде «Техпомощтің» кузовына ұйықтадық. Бәріміз сыйысып, солдаттарша тіп-тік жатамыз, басқаша ұйықтау мүмкін емес. Таңертең аяқ-қолымызды әрең жинап аламыз, құрысып қалады. Көлік жүргізушіміз шыдамай машинаның кабинасына, бір-екі жігіт көліктің астына ұйықтауға кететін. Осындай қиыншылық болса да жұмысымызды жауапкершілікпен атқардық. Тұқым жинаудың машақатын айтып жеткізу қиын, 21 күнде 500 келі 100 қаптай тұқым жинадық. Осындай ерен еңбектің үлгісін көрсеткендердің еңбегі бағаланып, алты орманшы мерекелік медальмен, алтауы бағалы сыйлықпен марапатталды, – дейді өткен күннің естелігінен Рыстай Андабаев.

«Орманшының міндеті – халыққа отын беру ғана емес. Ол – мемлекеттің орман қорына жататын барлық өскіннің жақсы өсіп, қорғалуына жауап беретін адам» дейді байырғы орманшы. Қайбір жылдары орман шаруашылығының күшімен 9 разъезд аумағынан арнайы тұқым бағы отырғызылды. Оның өскенін қадағалап, қорғап, аудан мекемелеріне көшеттер беруді де ұйымдастырған орманшылар. Қазір жайқалып өскен бақта ағаштың бірнеше түрі өсіріледі. Бұл еңбекте де Рыстай ағаның маңдай тері бар. Қысы-жазы орман және жануарлар дүниесін қорғау жұмысын атқарған орман күтушісі әріптестеріне үлгі, міндетіне адал болды.

Бүгінде мекеменің ардагері ретінде қадірменді де құрметті, сыйлы азамат кейінгі толқын мамандарға өз ақыл-кеңесін айтудан жалыққан емес.

Ардақты орманшының ізгі жолын бүгінде баласы жалғастыруда. Тұңғышы Төребек мекемеде инженер қызметін атқарады. Әке жолын қуған азамат орманды сақтауға бар күш-жігерін салып, халықпен де жақсы жұмыс істеп жүр.

Рыстай Андабаев зейнеткермін деп қарап отыруды жаны қаламайды. Қолы қалт етсе сүйікті ісі бағбандықпен айналысады. Сондықтан болар қарияның қимылы шалт әрі ширақ. Ол есігінің алдын бау-бақшаға айналдырған. Ерте көктемнен бастап бақты баптайды. 10 түрлі жеміс ағашы өсіп тұрған бау-бақшадағы ағаштың жартысын дәннен егіп, өсірген. Себебі біздің жер ащы, тұзды болғандықтан көшеттен отырғызған жеміс өспейді дейді бағбан.

– Немерелеріме деп неше түрлі жеміс ағашын отырғыздым. Алма, алмұрт, шие, сары өрік, қара өрік, жүзім, шабдалы, құлпынай бар. Жаңғақты да өсірдім. Ермегім осы ағаштарды баптау. Оның дәмді жемісін немерелерім жесе, одан асқан бақыт жоқ, – дейді қарт.

Сөзі де, ісі де байсалды ақсақалдың өнегелі өмірін жалғас­тырған ұрпағы Төребек жоғарыда айтып өткеніміздей орманшы болса, Жорабегі – жол маманы, қызы Самал тұрмыста, Қазалыда тұрады, тәрбиеші болып қызмет етеді. Жұбайымен бірге он шақты немере сүйіп отырған бақытты ата мен әже. Байырғы орманшыны төл мерекесімен құттықтаймыз!

Бибісара ЖАНӘЛІ
19 қазан 2024 ж. 221 0