Еңсесі биік еңбек адамы
Ол ғибратты ғұмыр иесі. Оның өмір, еңбек жолы кейінгі жас ұрпаққа үрдісті үлгі. Бұл кісінің үлкендер қасиетті Құранды қарап, азан шақырып қойған шын есімі Шерияздан. Бір әулеттің жалғыз ұлы болғандықтан апалары кішкентай кезінде кезек-кезек көтеріп жүріп, Ширек деп кетіпті. Содан бастап осы есімді иеленген Шықаң бала күнінен ширақ азамат болып өсіп, жетілді. Балалық шағы соғыс өртіне шарпылған ұрпақтардың барлығы да өмір сынында шарболаттай қайралып, жетілді.
Ширек мектеп бітіргеннен кейін анасына қолқанат болып, ауылда жұмысқа қалды. Ол кезде Сқақовтар әулеті «Ақарық» колхозында тұратын. Еңбек жолын ауылда кітапханашы болып бастады. Екі жылдан кейін Оспан көкесінің (әкесінің інісі) қызмет бабына байланысты ата қоныс Ақжармаға көшіп келді.
– Әкем Маутай 1942 жылы соғысқа аттанып, 1943 жылы соңғы хаты Сталинградтан келді. Әкеммен қатар аттанған інісі Оспан көкем ұрыс аяқталғаннан кейін 1945 жылдың қарашасында елге оралды. Көкем келгенше көп қиындық көрдік. Анам Күлбарам қайсар жан еді. Бізді жетелеп жүріп өсірді. Бар қызығымызды көріп, беріде 1997 жылы 92 жасында дүние салды, – дейді Шықаң қиын шақты қинала еске алып.
Ақжармада Ширек кітапханашылық қызметін жалғастырып, арасында Қызылорда қаласынан мамандығы бойынша бір жылдық курсты бітірді. Ауылда кітапханашы бола жүріп, сол тұстағы «Комсомол» колхозының қоғамдық жұмысына белсене араласты. Ұйымдастыру қабілетімен көрінген Ширекті жастар өздеріне жетекші етіп сайлап алды. Кітапханашы әрі ауылдың комсомол жетекшісі болды. 1962 жылы жастар жетекшісі Ширек Сқақов даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтың шақыруына үн қосып, күрішші болуға бел буды. Шын ниетпен кіріскен қай жұмыстың да нәтижелі болатыны белгілі. Алғашқы жылы-ақ жас күрішшінің айы оңынан туды. Ол өзіне бекітілген 26 гектар Сыр маржанын жыл бойы күтіп-баптап, егін құт қамбаға құйылатын сарыала күзде оның әр гектарынан 37 центнерден өнім жинады. Осы көрсеткіш нәтижесінде ол облыс бойынша жас күрішшілердің арасында чемпион болды. Келесі, одан кейінгі жылдарда табысын еселей түсіп, көтеріңкі көрсеткіштерге қол жеткізді. Мысалы, 1963 жылы әрбір гектардан 49 центнерден, 1964 жылы 58 центнерден өнім жинаса, ал 1965 жылы жастар арасында рекордтық көрсеткіш 67 центнерге қол жеткізді. Ы.Жақаевтың ізбасары, жас комсорг Ширек Сқақов осы еңбегі үшін жоғары марапат «Ленин» орденімен наградталды. Бұл әлі де отызға толмаған жас жігіт үшін үлкен мәртебе еді. Бір аттаса герой болудың алдында тұрды. Өкінішке орай ол атақ Шықаңа бұйырмады. Дегенмен, атақ, мансап үшін емес, елінің, жерінің гүлденуі үшін еңбек еткен Шықаң сол заманның нағыз патриоты болды.
Жігерлі жас Ш.Сқақовты шаруашылық басшылығы 1967 жылы өндіріс бригадирлігіне көтерді. Ол осы қызметте 1994 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін табаны күректей 27 жыл еңбек етті. Сол кезеңде өндіріс бригадирлерінің шаруашылық директорынан кейінгі шешуші тұлға болғанын көнекөз кісілер біледі. Шықаң өзінің бригадирлік еңбек жолында туған шаруашылығының бес бірдей бригадасына жетекшілік еткен. Олардың барлығын да алдыңғы қатарға шығарған.
Ш.Сқақов 1994 жылы шаруашылықтан зейнеткерлікке шыққан бойда бірінші зейнетақысын алмай жатып ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланды. Ол осы қоғамдық жұмыста 13 жыл белсене еңбек етті. Кейін денсаулығына байланысты бұл қоғамдық жұмысты ауылдасы белсенді ардагер Құрман Ысқақовқа тапсырды.
Біздің пайымдауымызша Ширек Сқақов аудандағы ең марапаты көп азамат. Ол «Ленин», «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері. Сондай-ақ, Қазақ ССР-інің ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген қызметкер, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер, Сырдария ауданының Құрметті азаматы.
Шықаңның сүйікті жары марқұм Қанымжан апа да жолдасының шынайы еңбегіне сүйеу болып, өзі де талай жыл күріштен мол өнім алған. Осы еңбегіне орай «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
Ширек аға мен Қанымжан ападан тараған 2 ұл мен 5 қыз бүгінде өрісті өркенін жайып отыр. Жақында Ақжарма ауылында болып, Шықаңа арнайы барып сәлем бердік. Жасы 87-ге қадам басқан ақсақал аздап ауру-сырқаулы болып қалыпты. Баласы Алдаберген мен келіні Шықаңды мәпелеп күтіп отыр. Абзал қарттың дертінен айығып кетуіне тілектестігімізді білдірдік.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ,
ардагер журналист