Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тазалық – иманның кепілі

Тазалық – иманның кепілі

Ислам дінімізде тазалық – сауапты іс болумен қатар сенім, имандылық деңгейіне көтерілген. Бұған дәлел ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тазалық – иманның жартысы», «Тазалық – иманнан», «Дін – бұл тазалық» деген хадистері.

Тазалықты иманның жартысына теңеу – дініміздің тазалыққа қаншалықты мән беретінінің айғағы. Бұл өз кезегінде біз – дініміздің талаптарына сай болуымыз керек дегенді білдіреді.

Тазалық сақтау адам үшін, адам денсаулығы үшін, түрлі аурулардың таралмауы үшін өте қажет фактор. Мұны қазіргі ғылым да дәлел­деді. Ал біздің дініміз мұны он төрт ғасыр бұрын ғибадат деңгейіне көтеріп, оны иманнан, иманның жартысы деп жариялаған болатын. Сондықтан бізге тазалық туралы айтылған аят-хадистерге амал жасау шарт. Өзіміздің жан мен тән тазалығымызбен, киімі­міздің, баспанамыздың, қалаларымыздың, ауыл­дарымыздың тазалығымен ерекшеленуіміз – Алла алдындағы және қоғам алдындағы бас­ты міндетіміз екенін қаперімізде сақтайық! Өйткені, Алла Тағала бізді тазалыққа бұйырды. Тазалық арқылы әлемге үлгі болуымызды өсиет етті.

Әсілінде, Алла Құранда бізге не бұйырса, астарында көптеген нығметтердің, сүйін­шілердің бар екені даусыз. Мысалы, Бақара сүресінің 222-аятында: «Шүбәсіз, Алла тәубе ететін тәубешіл құлдарын және үнемі тазаланушыларды жақсы көреді» дейді. Сонымен қатар исламдағы алғашқы түскен бұйрықтардың өзі Пайғамбарымызды (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Ей, бүркенген жан! Тұр, халыққа ескерт! Раббыңды ұлықта! Киіміңді таза ұста!» (Муддассир сүресі 1-4 аяттар) – деп ескертуі де адам баласы үшін тазалықтың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Қазақ халқы «Бірінші байлық – денсаулық» деп, денсаулықты күтуге қатты көңіл бөлгені белгілі. Міне сол денсаулықтың мықты болуы да тазалыққа қатысты екенін, «Тазалық – денсаулық кепілі» деген бір ауыз сөзбен білдірген.

«Жұғын бар жерде шыбын бар, шыбын бар жерде шығын бар» деген мақалмен, үйдің айналасында нәжістің жұғыны да болмау керектігін үйреткен.

Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағала – жомарт құлдарын жақсы көреді. Алла Тағала – таза, тазаланғандарды жақсы көреді. Сондықтан, үйлеріңіздің маңайын таза ұстаңыздар» деп бізге Алла Тағаланың жақсы көретін құл­дарының қатарынан көрінгіміз келсе қоршаған ортамыздың тазалығына мән беруіміз керек екенін де білдіреді. Сонымен қатар, бізді Алланың қарғысына ұшырап қалмауға шақы­рып: «Абайлаңыздар, қарғыс атқандардың қатарынан болып қалмаңыздар. Олар – ел жүретін жолға, ел көлеңкелейтін ағаштың түбіне, өзен, көлдің жағасына дәрет сындырып ластайтындар» дейді. Қоғамда бұндай бұзақылардың бар екендігі де өкінішті жайт.

Ислам дінінде тазалық ұғымы адамның денесіндегі, киіміндегі, айналасындағы лас, нәжіс нәрселерден тазаруымен қатар, жүректегі лас нәрселерден, яғни күнәлардан да таза болуды білдіреді. Себебі сыртқы тазалық пен ішкі тазалық бір-бірімен үйлескенде ғана адам баласының құлшылығы қабыл болады.

Жүректің тазалығы туралы Ардақты Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Адам баласының денесінде бір ет бар, ол жақсы болса бүкіл дене жақсы болады. Ол бұзылса бүкіл дене бұзылады. Абайлаңыздар! Ол – жүрек» деген. Ішкі жан дүниемізді таза сақтаудың бірден-бір жолы жүректі таза ұстау екенін ескерткен ардақты Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) оны тазалаудың жолдарын: «Әр заттың кірлегені сияқты жүрек те кірлейді. Оны тәубемен, кешірім тілеумен, тазалап отырыңдар». Ақмолда Мұхаммедиярұлы атамыз: «Әуелі жуу керек іштің кірін, Іште толып жатпасын сасық ірің. Аһ, дариға, іш тазарсын, іш тазарсын, Әйтпесе, пайда бермес құры білім» деп жүрек тазалығының маңызын ұқтырады.

Құрметті аудан тұрғындары! Тазалықты әрдайым жақсы көрушілерден болуды Алла баршамызға нәсіп еткей!

Нұрсұлтан СЕРІКҰЛЫ,
Сырдария аудандық орталық
«Мұсылмандар» мешітінің бас имамы
Фото: ашық декреккөзден
17 қыркүйек 2024 ж. 243 0