Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Білікті басшының есімі өшпейді

Білікті басшының есімі өшпейді

Өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, қоғам мен адамзат алдында өлшеусіз еңбек атқарған Бағдат Есназар туралы өткен шақта айтамыз деп кім ойлаған?!

«90 жылдық тарихы бар білім ордасын 11 жыл басқарған, аудандық мәслихат депутаты болған ардақты азамат Бағдат Есназар басшы ретінде қолтаңбасы қойылмаған бірде бір іс жоқ десек артық айтқандық болмас. Мектептің әр ісіне бар ықыласымен кірісіп кететін жүрегі жомарт, кең пейілді тұлғаның нар бейнесі көптің көз алдында. Кішкентай бүлдіршіннен бастап киелі шаңырақта қызмет етіп жүрген әр жанның жанынан табылатын. Терең ойлы, білімді, аптал азамат еді. Ауылымыздың әрбір қоғамдық іс-шараларының басында жүретін», – дейді бүгінде әріптестері.

Бағдат Есназардың «Ауылдың баласы – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын тұлғасы» деп ұжымды алға қарай жетелегенін мектептегі оқушыдан бастап, барша мұғалімдер жақсы біледі. Ауданда, ауылда, мектепте өтетін барлық іс-шаралардың басы-қасынан табылуға асығатын. Жақсы жаңалықты бірінші болып көпшілікке ұсыну, әлеуметтік желіге жариялау, ауыл мәртебесін көтеру оның жақсы қасиетінің бірі болды.

Ардақты азамат 2022 жылы Ұлы Отан соғысының ардагері, даңқты ұстаз, Аралда және Сырдарияда өз басшылығымен еңселі мектеп салдырған, қаншама мықты шәкірт тәрбиелеген Мансұр Есназардың 110 жылдығына арналған турнирді ұйымдастырды. Турнирге айтыскер ақын Нұрмат Мансұровтың ақын достары да қатысып, ауыл мерейін өсіргені ел-жұрттың жадында.

– Бағдат ағай басшылық еткен жылдары кейінгі ұрпақтың есінде қалатын игі істердің талайы өткізілді. Тарихы тағылымды білім ордамыздың 90 жылдығына орай мектебімізде мұражай ашу ісіне де белді бекем буып кірісіп, 1930 жылдан бастау алған мектеп тарихын айшықтаған маңызы бар үлкен еңбек жасалды. 2013-2022 оқу жылдары аралығында мектебімізден 4 «Алтын белгі» иегері шықты. Шәкірттердің өнері мен мәдениетін қалыптастыру мақсатында ағайдың ұйытқы болуымен 2020 жылы Сырдария аудандық әуез мектебінің филиалы ашылды. Бұл қанша ата-ананың қуанышы еді. Сонымен қатар қанша жастың үмітінің үкісін желбіретті.

Мектеп ұжымы Қызылорда облыстық білім қызметкерлері мен кәсіподақ ұйымының «Ынтымағы жарасқан ұйым» номинациясын иеленуі де үлкен жетістік. Мектепте «Piza – 2022» халықаралық зерттеу кезеңінің өткізілуін сапалы ұйымдастырғаны үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен ұжым мен басшымыз марапатталды. Мектеп оқушыларының әртүрлі бағыттағы ғылыми жоба жарысы мен өнер байқауларында облыстық, республикалық дәрежеде жүлделі орындардан көрінуіне Бағдат ағайдың ұйымдастырушылық еңбегі зор болды, – дейді ұстаз Асылзат Құрманғалиқызы.

Иә, бұл жетістіктер ардақты ұстаз, білікті басшы Бағдат Есназар басқарған жылдардағы жемісті еңбектің бір ғана көрінісі. Жыл сайын мектептен түлеп ұшқан шәкірттердің ҰБТ сынағын сәтті аяқтап, грант иегерлері атануы да ұстаздар үшін мәртебе.

Әттең, кеннеттен өмірден өткен басшы биылғы жылы мектеп бітірген 22 оқушының 16-ы ҰБТ сынағына қатысып, 15 оқушы грант иегері атанғанын көрмей кетті.

Артында мәңгі өшпейтін жыры қалған, білікті басшы, жанашыр ұстаз, сүйікті әке бола біл­ген жүрегі кең, елпілдеген азамат әріптестерінің жадында мәңгі сақталатыны сөзсіз.

Бибісара ЖАНӘЛІ
10 қыркүйек 2024 ж. 90 0