Ұлттық өнерді ұлықтаған ұстаз
«Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» – дейді халық даналығы. Алдына осындай мақсат қойған Әсемкүл Құлтайбаева 37 жылдан бері ұстаздық қызмет атқарып келеді. Туған ауылдың қызы бала күнгі асқақ арманына жету үшін жастайынан музыкаға әуес болады. Бойындағы талантты байқаған мектептегі ұстазы Әлібек Аюповтың жетекшілігімен үштік құрылып, құрбыларымен домбыраға қосылып, ән салуды үйренеді. Мектептегі іс-шараларға қатысып, ұлттық аспапта ойнауды меңгереді.
–Сәкен Сейфуллин ауылында туып-өсіп, көпбалалы отбасында тәрбиелендім. Бауырларыма қамқор болып, өнерге жақын болдым. Әкем Мұқанбетқали есепші болды. Балаларды анам Айғаншамен жеткізіп, жақсы тәрбие берді. Менің арманым кәсіби музыкант болу еді. Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищеге оқуға түстім. Одан әрі мамандығымда шыңдалу үшін жоғарғы білім алдым. Алғашқы еңбек жолым Шаған ауылындағы музыка мектебінде басталды. Өз ісінің шебері Нағашыбай Жанәбіловтен алған тәжірибем өнерге деген сүйіспеншілігімді одан сайын арттыра түсті. Білікті басшыдан үйренгенім көп болды. Сол кездегі алғашқы шәкіртім Нұргүл Жақсылықова ізімді жалғап, қазір Шағанда өнер мектебінде қызмет етеді. Мықты маман атанған шәкіртімді мақтан етемін, – дейді ұлағатты ұстаз Әсемкүл Мұқанбетқалиқызы.
Педагог-зерттеуші Әсемкүл Құлтайбаева мектепте музыка сабағынан дәріс берумен қатар аудандық өнер мектебі жанынан ашылған ауылдық филиалда домбыра сыныбында шәкірттер тәрбиелеуде. Мектеп пен өнерді қатар алып жүрген ардақты ұстаздың шәкірттері бесінші сыныпқа өтіп, араларында талай байқауда жеңімпаз атанғандары бар. Ұстаз мерейін асырып жүрген қос шәкірті Нұрсәт Кеңесбай мен Нұрдәулет Бердібеков дуэтте күй орындауда алдарына жан салмайды.
–Жас жеткіншектерге өз халқымыздың тілін, мәдениетін, өнерін үйрету, бойларына сіңіру міндетіміз. Осы жолда қырық жылға жуық еңбек етіп келе жатқан ұстаз Әсемкүл Мұқанбетқалиқызымен қызмет жолымыз қатар келеді. Мектепте өтетін, ауыл көлемінде ұйымдастырылатын іс-шараның керемет өтуіне атсалысатын ұстаздың еңбегі өлшеусіз. Ізденісі мен шығармашылығы, өнерді ұлықтауға деген құлшынысына көз сүйсінеді. Ұлттық аспапта ойнауға, домбыраны үйренуге құмар оқушылар мектепте өте көп. Уақытпен санаспай оқушыларды өнерге баулуда тер төгіп жүрген әріптесіме шығармашылық табыс тілеймін, – дейді әріптесі Шекер Картаева.
«Әнге әуес, күйге құмар бала жаны сұлу, өмірге ғашық болып өседі» деп ұлы жазушы М.Әуезов айтқандай, талабы таудай жеткіншектерге қазақтың ұлттық аспабы домбыраны үйретуден жалықпайтын ұстаз осыдан бірнеше жыл бұрын оркестр құрған. Құрамында 35 домбырашы бар оркестрге жетекшілік етіп, бірнеше күйді үйретіп, мәдени көпшілік іс-шаралардың жақсы өтуіне атсалысқан. Қазіргі кезде оркестр тарағанымен, «өнерді үйренемін деушілерге өнер мектебінің есігі ашық» дейді өнер жанашыры.
«Өнерді сүйген адам – елін сүйген адам», «Өнер – кісі бойындағы кемшілікті жояды» дегендей ауыл балаларын ұлттық өнерге үйретуде әрбір сабағына жаңашылдықпен, ізденіспен келетін білікті ұстаздың оқушыларының жетістіктері де жеткілікті. Атап айтқанда IV халықаралық балалар, жасөспірімдер мен ересектерге арналған «Дариға – Домбыра» атты өнер байқауында «Әуен» домбырашылар дуэті Гран-при жеңіп алып, мектептің, ұстаздың мерейін, мәртебесін асырды. Сондай-ақ Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының XXVI облыстық «Бозторғай» байқауына қатысып, жүлделі екінші орын алды. Өнерлі ұстаздың шәкірттері орындайтын репертуарында халық күйлері мен күйші-композиторлардың туындылары бар.
–Білім беру жүйесінде кеше, бүгін, ертең деген түсінік қалыптасқанымен мектеп үшін өзгермейтін тұлға мұғалім мен шәкірт және үздіксіз білім мен тәрбие беру үрдісі. Шәкірттерім болашақта домбырашы болмаса да, ұлттық өнерді бойларына сіңіріп өссе екен деймін. Мектебімізде білім мен өнердің қатар дамуына атсалысқан марқұм мектеп директоры Бағдат Есназардың орны ерекше. Өзі де өнерге жақын, ақын болған басшы әрбір ұстаздың, баланың жанына жақын еді. Әрбір бастамаларымызға қолдау білдіріп, қамқор болды. Әттең, дүниеден өтіп кеткені жанымызға аяздай батты. Дегенмен біздің жүрегімізде нар тұлғаның жасаған ісі мәңгі қалатын болады, – дейді ұстаз.
Тәжірибелі ұстаз ұзақ жылғы жемісті еңбегінің арқасында талай мәрте марапат биігінен көрінді. ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Құрмет Грамотасымен, облыстық білім басқармасының Құрмет Грамотасымен, «Наурыз шапағаты» фестиваліне 20 жыл, Сырдария ауданына 90 жыл мерекелік медальдары мен Алғыс хаттары ардақты ұстаздың еңбегіне берілген лайықты награда.
Ардақты ұстаз мектепте оқушыларын өнерге баулыса, үйде сүйікті жар, ардақты ана. Перзенттері Нұрғали мен Аймереке аналарының ізімен ұстаздық жолда болса, тұңғышы Толғанай медицина саласында. Жұбайы Ыбыраймен бірге тәрбиелеген ұрпақтары ата-ана жолымен елге қызмет етіп, немере сүйгізіп отыр.
Бибісара ЖАНӘЛІ