Партияның қолдауы кәсіпкерлердің көмегімен ұштасты
Ауданымыздағы С.Сейфуллин ауылы ата-бабамыз туып-өскен, еңбегі сіңген, өніп-өскен киелі мекен. Жақында ауылдағы ағайыннан жақсы хабар келді. Рамазан айындағы игі іске көңіліміз толып, азаматтардың ауызбіршілігіне, ұйымшылдығына риза болдық. Енді сол жақсы жаңалық туралы қысқаша айтып өтсем.
Халқымыз "Үйі жоқтың күйі жоқ" деп бекер айтпаған. Тұрғын үйлі, яғни баспаналы болу әр қазақ үшін маңызды мәселе екені белгілі. Ал, үйі апаттық жағдайда деп танылғандар үшін үйдің қадірі екі есе қымбат. Осы ретте С.Сейфуллин ауылының тұрғыны, ІІІ топ мүгедегі Алмагүл Ахметованың осыдан 55 жыл бұрын салынған үйі апаттық деп танылғанын атап өтейік. Осы мәселе бойынша жалғызбасты ана жақында Nur Otan партиясының Сырдария аудандық филиалына өтініш жазып, көмек сұраған екен. Нақты істердің партиясы бұл мәселені назарға алып, облыстық мәслихат депутаты Расул Есенов бастаған Еркебұлан Жақып, Багдат Есназар есімді аудандық мәслихат депутаттары ауыл тұрғынымен кездесу өткізген. Жай кездесу ұйымдастырылған жоқ, нәтижесінде үлкен іс басталды.
Облыстық мәслихат депутаты, «Углесбыт» ЖШС төрағасы Расул Есенов мұқтаж отбасыға 200 000 теңге көлемінде қаржылай көмек берді. Сонымен қатар, «С.Сейфуллин» БПҰ төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Бағдат Есназар мен «С.Сейфуллин Жер» ШҚ төрағасы Оңғар Саймағанбетовтің бірлесе бастауымен асар әдісімен 3 бөлмелі тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Бұл түсіне білгенге үлкен іс, шынайы қамқорлық әрі азаматтардың бекем бірлігінің жемісі.
Қазіргі уақытта «С.Сейфуллин» БПҰ мүшелері және елді-мекен ардагерлері құрылыстың сапалы жүруін бақылауға алған. Біз осынау игі іске атсалысып жатқан Расул Есенов, Бағдат Есназар, Оңғар Саймағанбетов секілді көңілі кең, жомарт азаматтарға алғыс айтамыз. Бекзат Кыдырбаев басқаратын шағын ауыл бұйырса алдағы уақытта да жақсы жаңалықтарымен таныла береді деп сенеміз.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ