Өлең ғұмыр
Бауырымдай көрген Бағдат жайлы өткен шақта жазу қиын болып тұр. Жазу үстелімдегі қалың қойындәптерге өткен жылы «Бағдат туралы жазуым керек» деппін. Қу тіршілікпен жүріп, кейінге қалдыра берген екенмін. Енді міне... Оның қазасын естігенде әрі-сәрі күйде болдым, көзімнен еріксіз жас аға берді.
Бірде «тәте, бірде апай, кейде апажан» дейтін әр кезеңдегі кеңпейіл, елгезек, ақжарқын, бауырмал Бағдат көз алдыма келді.
Аудандық газетте жұмыс істеп жүрген алғашқы жылдары «Сәлеметсіз бе, апай, өлеңімді әкелдім» деп күліп кірген бозбала еді. Таныстық. Жақын маңдағы Сәкен Сейфуллин ауылынан екен.
- Бағдат, Кеңескүл апай жазғандарыңды тіркеп алып қалады.
Сосынредакторымыз Абызбай ағай қажет деп тапқан ақындардың біріне қарауға береді. Бізде Мұхтар Сақтапов, Келдібай Уәйісов сияқты ақын ағаларың бар. Аудандық газетке өлеңнен басқа ауылда, мектепте болып жатқан жақсы іс-шаралар, еңбек адамдары туралы шағын мақалалар жазып тұрсаң, тезірек шығады. Ал, талабыңа нұр жаусын,-деп шығарып салдым.
Қуанып кетті.
-Ия, жазамын тәте,-деп күлді.
Қазір шығып бара жатқанда есігі ашық тұрған үлкен кабинетте мықты ағалар отырады. Сол кісілерге кіріп, сәлем бере кет.
-Жарайды. Рахмет, сізге...
Міне, содан бері бала Бағдат елге адал еңбек еткен ұстаз әрі мектеп басқарған Бағдатқа дейінгі өсу, есею, өрлеу, кемелдену баспалдақтарынан өтті. «Өлең» деген бала күнгі досын тастаған емес. Жергілікті басылымдардан оның өлеңдерін көріп, оқыған сайын риза болатынмын. Өлең демекші...
Аудандық атқару комитетінің кішкентай бөлмесінде Балашбек ағаммен радио хабарларын дайындайтын редакциямызға Бағдат батыр, досы Мамыр Байдәулетов екеуі жиі келуші еді. Келгеннен кейін үш ақын таласып, тармасып, кезектесіп өлең оқиды. Балашбек Шағыров ағам оларға ақыл-кеңесін, өзінің басынан өткен оқиғаларды айтады, сосын шағын магнитофонды қосқызып, «жастардың өлеңін таспаға жазып алайық» деуші еді. Екеуі де өлеңді арқаланып, мәнерлеп жақсы оқушы еді...
Қай жерде көрмесін, апалап келіп амандасатын. 2022 жылы менің «Тұмардай таққан гаухарым» атты кітабым жарық көрді. Мектепте жақсы кеш өтті. Оны ұйымдастырып, өткізуге атсалысқан аудан әкімінің орынбасары Димаш Серікбайұлы Байдушев пен аудандық газеттің редакторы Ақтөре Ибрагимұлына және барша үлкен-кіші жерлестеріме тағы да ризашылығымды білдіремін. Сол кездесуде екі жағдай есте қалды. Бірі - Бағдат бауырымның кітабымды қос қолымен жоғары көтеріп, шын жүрегімен, қатты қуанып тұрғаны. Екіншісі - Бағдаттың ұлы Мұхамеджанның домбырамен маған Арнау айтқаны. Әрине, жас айтыскер ақынымыз Мұхамеджанға мың да бір рахмет.
Есназаровтар әулеті өлең қонған, өнер қонған, білім, ғылым дарыған, тамырын кеңге жайған, өсіп-өнген үлкен әулет. Бағдаттың ағасы Алмастың өзі көп жылдан бері ауданның білім саласында еңбек етіп келеді. Алмастың өзі де өнерден қаражаяу емес. Домбырада, баянда, гитарада ойнап, ән салады. Сөзге шешендігі де бар. Ал, Нұрмат Мансұрұлы бауырымыз елімізде айтыс өнерін дамытуға үлкен үлес қосып жүрген азамат.
Мен Фейсбуктегі парақшама әңгімелерімді, басқа да көпшілікке ой салатын жазбаларымды салып отырамын.
Соның бірінде: «Құтты болсын! Туған жеріңіз Сырдария ауданындағы кітаптың
тұсаукесеріне қатыстық. Тереңөзек кенті, № 35 орта мектепте өткен іс-шарадан бәріміз де жақсы пікірмен қайттық. Өткенде де айттым ғой, жаздым да, кейіпкерлеріңіздің дені - өзімізбен жүрген замандастар. Сондықтан шығармаларыңыз ыстық бізге де.
Кітабыңыздың аты да - тұнып тұрған поэзия. Шығармаларыңызда сағыныш, мөлдір мұң, туған жерге, жалпы жан-жағыңызға құрмет қатар өріліп отырады. Бұның бәрі –Сіздің маңайыңыздан жақсылық іздеуіңізден. Жақсылықтан жақсылық туады. Бас қаламыздағы ұжымдастарыңыз да қуанышыңызды бөлісіп жатыр екен. Қуанышты бөліссең көбейеді емес пе? Жазар көбейсін! (2022 жыл, 5 шілде)» деген ақын әрі ұстаз інім Бағдат Есназардың пікірін жариялаған екенмін.
Міне, баладай ақкөңіл, өзгенің қуанышын өзінікіндей көретін жаны таза, жүрегі жомарт Бағдаттың болмысы осы жазбасынан-ақ көрініп тұр.
Ақын, ұстаз, ауыл жанашыры, жастардың қамқоршысы, өнегелі әке, жақсы аға, ізетті іні бола білген, талантты, бірақ бәрінен де адамгершілігі мен азаматтығы зор Бағдат Мансұрұлы Есназаровтың есімі, оны білетін жандардың есінде ұзақ сақталады. Ақын бауырым өзі туып-өскен топырақты «Сәкенім» деген өлеңіне арқау етті, ауылдың өсіп-өркендеуіне, көркеюіне бар күш-жігерін, білімі мен білігін аямады.
Мөлдіреп таудың аққан бұлағындай,
Баурайды жан-сезімді жыр ағындай.
Мен үшін жазиралы туған өлкем,
Гүлзарлы құдіреттің жұмағындай, -деп ауылын жырға қосты.
Ол мағыналы да, мәнді ғұмыр кешті. Бірақ, әлі де халқына берері көп еді. Әттең демеске, лаж жоқ. Бағдат марқұмның отбасына, бауырларына, барша ағайынға көңіл айтамын.
Бағдат бауырымыздың жайы жұмақтан болсын.
Дәметкүл ҚҰМАҚБАЙ