Адал еңбегімен абыройға бөленген
Өмір – қамшының сабындай қысқа, көзді ашып-жұмғанша өте шығатын қас-қағым сәт. Бабаларымыздан қалған бұл есті сөзді елге адал қызмет етіп, өзіндік орнын қалыптастырған азаматтар қапияда өмірден өткенде терең түсінеміз. Ұзақ жылдар Сырдария ауданының дамуына белсене атсалысқан Мырхиев Бағдат Мырхыұлы да сондай азаматтардың санатынан еді.
Ауданымызды тумасы, ұзақ жылдар ауылшаруашылығы саласында еңбек еткен Бағдат Мырхыұлы көзі тірі болғанда биыл жетпіс жасқа толар еді. 16 жыл бұрын өмірден өткен азамат аудандық фитосанитария мекемесінде, аумақтық басқармада еңбек еткен. Кейін ауданның коммуналдық шаруашылығында жұмыс істеп, өзекті мәселелердің шешілуінде өз қолтаңбасын қалдырған. Көзкөргендердің айтуынша, Бағдат Мырхыұлы басшылық тарапынан өзіне жүктелген міндетті асқан жауапкершілкпен атқарып, ұжымның жақсы басшысы, қоғамның қадірлі азаматы ретінде көпшілік құрметіне бөленген. Бұл оның өмірлік мол тәжірибесінің, адал еңбегі мен маңдай терінің жемісі екені анық.
Мақала жазу барысында ауданның Құрметті азаматы Жантемір Айсиннің пікірін білдік. Сырдария ауданының даму белестерінен толыққанды хабардар ардақты азамат байырғы замандас-досы Бағдат Мырхыұлының азаматтық болмыс-бітімі, қарым-қабілеті туралы әңгімеледі.
– Бәкең сөзге де, іске де мығыз азамат еді. Қай ортада да сыйлы болатын. Үлкенге де, кішіге сөзі өтімді азамат ауданымыздағы бірқатар мекемеде еңбек етті. Ол кездер қиын әрі барлық салада күрделі мәселелер көптеп кездесетін уақыт еді. Сол мәселелерді шешуге іскер азаматтардың қарым-қабілеті ауадай қажет екені белгілі. Біздің жадымызда Бағдат Мырхыұлының бейнесі майталман маман ретінде сақталып қалды. Ол қай істі бастаса да, қандай жұмысты қолға алса да сол іс толық аяқталғанша тыным таппайтын. Сондай-ақ айналасын қуанышқа бөлеп, бәрімен тең араласатын азамат еді. Сыйлас, сырлас, сапарлас болдық. Абыройға адал еңбегімен қол жеткізген азаматтың өмірде ертерек өткені өкінішті. Көзі тірі болса жетпіске толып, бейнетінің зейнетін көрер еді. Марқұмның жатқан жері жайлы болсын теп тілейміз, – дейді Жантемір Айсин.
Кейіпкеріміз экология басқармасының Сырдария аудандық бөлімінің басшысы ретінде де еңбек еткен. Бұл басқармаға ауданның экологиялық, санитарлық жағдайын жақсарту міндеті жүктелетіні белгілі. Бұл міндеттер қоршаған ортаны көркейтумен, табиғатты аялаумен тығыз байланысты. Осы ретте Б.Мырхыұлының бастамасымен дарияны жағалай қоныстанған ауданның экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілгенін айтып өтуіміз қажет. Ел-жұрт сол жылдары Б.Мырхыұлы бастаған азаматтар мен бөлім түрлі үндеулер жасап, халықтың санасына ой салу жұмыстарын көптеп ұйымдастырғанын жақсы біледі. Тіпті қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге де ауданымыздан тиісті ұсыныстар енгізілген. Сол ұсыныстар аясында заңға да бірқатар түзетулер енгізіліпті.
Шаруашылықта, өндірісте жұмыс істеп мол тәжірибе жинаған азамат еңбек жолында Іңкәрдария ауылында парторг болып еңбек етті. Партиялық жұмыстарды ұйымдастырушы болу – екінің бірінің қолынан келмейтін. Бұл жұмысқа істің ретін білетін, қоғаммен тез тіл табыса алатын, жігерлі де білікті азаматтар бекітілетін. Бағдат Мырхыұлы бұл талаптардың да үдесінен шығып, ауылдың қоғамдық-саяси жұмыстарының басы-қасынан табылды. Өзі өмір сүрген қоғамның дамуына белсене атсалысты. Аудан басшыларының сенімді серігі, тапсырмаларының мүлтіксіз орындаушысы болып, аудан орталығынан шалғай орналасқан Іңкәрдария елді мекенінің еңсесін тіктеу үшін тер төкті. Ол еңбегі еш кеткен жоқ. Түрлі марапаттарға ие болды. Б.Мырхыұлы үшін марапаттың ең жоғарғысы, ол – ел-халықтың ыстық ықыласы еді. Ықылас-пейілден кенде болмаған азамат қызметте абыройлы болса, отбасында да аяулы жар, ардақты әке, жақсы ата бола білді. Бұл туралы бізге Б.Мырхыұлының өмірлік серігі Ғалия Нұрадинқызы әңгімелеп, өз естелігімен бөлісті.
– «Отан отбасынан басталады» дейтін болсақ, біздің отбасымыздың тірегі де, қамқоршысы да – Бәкең еді. Ол кісі ағайын-туысқа да қадірлі болды. Қай кезде де қайырлы істерді атқарып, өмірде дүние жинағаннан гөрі, дос жинағанды тәуір көретін. Біз үш ұл, екі қыз тәрбиелеп, немере сүйдік. Бір өкініштісі, азаматым небәрі 54 жасында өмірден өтті. Бүгінде ұрпақтары өсіп-жетіліп, еңбек етуде. Ұрпақтарымыз аман болсын деп тілеймін, – дейді Ғалия Нұрадинқызы.
Ақын Абай Құнанбайұлы «Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ» деп тебіренген екен. Иә расында да бүгін бармыз, ертең жоқпыз. Бірақ өмірден өтсе де көңілден кетпейтін, ізгі ісі мен азаматтық болмыс-бітімі ұмытылмайтын азаматтар болады. Олардың есімін де, еңбегін де ел-жұрт ұмытпайды.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ