Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Текті әулеттің түлегі

Текті әулеттің түлегі

Елу – ердің жасы, азаматтың кемеліне келген шағы. Өзіміз еңселі елуді, асқаралы алпыс пен бір кездері алынбастай асу болған жетпіс жасты артқа тастап, сексеннен асқандықтан бұл жастың қадірін жақсы білеміз. Бүгін біз сөз еткелі отырған, өмірі мен өлеңі тақырыбымызға арқау болатын кейіпкеріміз ердің жасы – елуге толып отыр. Ол менің ізбасарым, шәкіртім, кейінгі буын жастардың ақылшы ағасы, ауданның білім, өнер, мәдениет саласында өзіндік орны бар азамат, ұлағатты ұстаз, ақын, аудандық мәслихат депутаты – Бағдат Есназар.
Бағдат Мансұрұлы туралы айтпас бұрын, тектілік ұғымын ой таразысынан өткізгеніміз жөн. Себебі, мақаламның тақырыбын – «Текті әулеттің түлегі» деп атадым. Мұның өзіндік сыры да бар. Бағдаттың түлеп ұшқан әу­леті С.Сейфуллин ауылына ғана емес, ауданға, қала берді облыс пен рес­публикаға белгілі. Есназаровтардың елге танылуының астарында адал еңбек пен маңдай тер, үздіксіз ізденіс пен үлгілі істер жатыр. Сондай-ақ, тамырын тереңге жайған іргелі әулеттің өнерге, өлеңге деген сүйіспеншілігі жоғары. Текті әулеттен шыққан тірлігі тындырымды азаматтардың әрбірі өз саласының майталманына, білгіріне, бір сөзбен айтқанда, тарланына айналды. Бағдат та абырой тұғырында, бедел биігінде жүрген азаматтардың бірі.
Қолға қалам алсақ, өткен күндер еске оралады. Бәрі көз алдымызда, барлығы қымбат. Ұмытылмас кезең­дерді бастан өткердік. Редакция қа­бырғасында қызмет еткен жылдары бізге жалақымыздан бөлек белгілі бір мөлшерде қаламақы берілетін. Ол пош­та арқылы келетін. Есназаровтар әулетінің абыройлы азаматы Зейнулла Нұрғазыұлы бізбен үзеңгілес, сырлас азамат еді. Ауданның пошта саласында басшылық қызмет атқаратын ол қаламақы келген күні редакцияға сүйінші хабарды жеткізетін. Ол күн біз үшін кішігірім мейрам, той еді. Кейін Зейнулланың өзі де аудандық газеттің тұрақты авторы атанды. Мақа­лаларын, очерктерін басылым беттерін парақтаған, ізденген жан табады деп ойлаймын. Бүгінде ардақты азаматтың ұрпақтары ауданның дамуына өз үлестерін қосып, жемісті еңбек етіп келеді. Сол досымыздың іні-бауырлары да өзі секілді ақжарқын, адал болып қалыптасты. Менің шәкіртім Бағдат та сол қатардан.
Бағдат туралы жазылған дүниені тектіліктен, әулет жөніндегі жақсы пікірлерден бастауымның тағы бір себебі, ол құжат бойынша үлкен әке­сі Ман­­сұрдың атына жазылыпты. Сондықтан оны қарапайым тіл­мен айт­қан­да, «шалдың баласы» деп айтуы­мызға толық негіз бар. Ал, даланың дана абызы атанған қазақы шалдың әңгімесін тыңдап, тағылымын көріп өскен баланың осал болмасы анық. Бағдаттың жастайынан жақсылыққа жаны құмар болып қалыптасуы, білім­ге, өнерге жақындығы сол отбасында берілген тәрбиенің жемісі болса керек-ті. Иә, Мансұр ағамыздың есімі ауданның білім саласында абыроймен аталатын. Ол С.Сейфуллин ауылындағы орта мектепті басқарады. Іргелі істердің басы-қасынан табылып, өз заманының зиялысы атанды. Жұмысы жүйелі, сө­зі де өтімді болатын. Мен білсем, С.Сейфуллин ауылындағы мектептің бүгінгі күнгі жетістіктерінің астарында Мансұр Есназаровтың сіңірген ең­бегі мол. Бүгінде оны ұрпақтары лайық­ты жалғастыруда. Бұл ұрпақтар сабақ­тас­тығының мәуелі жемісі.
Бағдат Есназарға мені ұстаз, маған оны шәкірт қылған – өлең, әдеби орта, шығармашылық. Өлең өлкесінде аты­мыз шығып, әдеби ортада ақын ретін­де танылып қалғандықтан кейінгі буынға да көз салу, қамқорлық жасау қажеттігін сонау Асқар Тоқмағамбетов, Қалтай Мұхамеджановтардан көріп, біліп, өскенбіз. Бағдат жас кезінен ре­дакцияға жиі соғатын. Ол басылымға өлеңдерін ұсынып, аудан көлеміндегі мүшәйраларға қатысып, алысқа барып, Алматы танымай-ақ шағын ауылда жақсы ақын болып қалыптасты. Талай мәрте аудандық мүшәйралардың бас жүлдесін иеленіп, облыстық деңгейдегі жыр бәйгелерінің жүлдегері атанды. Республикаға белгілі ақын Маралтай Райымбекұлы бастаған ақындармен сырлас, сыйлас болып, жыр әлемінде өзіндік қолтаңбасын, оқырманын қа­лып­тастырды. Осы ретте, оның қара өлең жазудан бөлек әнге мәтін жазу шеберлігін жоғары бағалаймын. Бір жылдары жастар жатқа айтып, кешкі серуеннің көркіне айналған әсем әндердің авторы Бағдат Есназар болатын.
Бағдаттың ақындығы жөнінде көп айтуға болады. Мен оны аз жазатын, бірақ саз жазатын ақын деп есептеймін. Әсіресе, ол арнау жырлардың хас шебері. Сондай-ақ6 көзі тірі, өз ортамызда жүрген, лайықты еңбегімен абырой биігіне көтерілген азаматтардың өнегелі өмірін, ғибратты ғұмырын жырға қосқанды жөн көреді. Мәселен, ауданның Құрметті азаматы, белгілі сазгер Сансызбай Сәдуақасовқа арнаған бір өлеңінде өнер адамының бітім-болмысын «Сүбелі үлесіңді қосып жүрсің, Сыр елінің мәуелі өнеріне» немесе «Жетеледің биікке мың дарынды, Білемін әлі талай шырқарыңды» деген орынды теңеулермен жақсы айшықтай түседі. Айтпақшы, бірер жыл бұрын Тереңөзек кентінен «Ағайынды Бозжановтар» көшесі ашылды. Сол көшенің ашылуында Бағдат Есназар өлең оқыды және сол маған қатты ұнады. Өлеңдегі белгілі бір қайырымдар есімде сақталып қалыпты.
«Парағын тарихымның жиі ақтарғам,
Мақтаныштан көңілім мияттанған.
Тіспен шешер түйінді тілмен шешкен,
Ділмарлармен мәртебем биік болған!

Бірлік болса бәрінің тілегені,
Ерлерім емес пе еді кіл өрелі.
Даңғайыр даналықтың бір тармағы,
Атақты Бозжан биге тіреледі» деген өлең жолдары тағылымды тарихтан, Бозжан билердің даналықты ту еткен тектілігінен сыр шертеді емес пе?! Мұндай өлеңдерді тізбектей берсек, Бағдаттың шығармашылығында өте көп.
Осыдан бірнеше жыл бұрын аудан­дық мәдениет үйінде 80 жылдық мерейтойым ұйымдастырылды. Сонда Бағдат бастаған ақындар маған арнау өлеңдер оқыды. Сол іс-шарада Бағдаттың маған арнаған жырының тек үш шумағын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдім.
«Өнер ғана жеңеді  кәрілікті,
Сол кие ғой көктеткен сан үмітті.
Сізге деген құрметім бөлек менің,
Мен білген Мұхтарлардың бәрі мықты!
Мақтау көп өзіңіздей лайық жанға,
Не жетсін дегдарлықты танытқанға.
Ұлықтаймыз біз Сізді, біз түгілі
Ұстаз тұтқан дүр Иран Ғайыптар да.
Келешекке мұрадай көп еңбегің,
Өнерлі жастар көрсең елеңдедің.
Ақындық атақта емес, абыройда
Екенін Сыр жұртына дәлелдедің» деп мерейімді өсірген еді.
Ақын азамат ауданның білім беру саласында жемісті еңбек етіп келеді. Ол бірнеше жыл аудандық білім бөлімінде абыройлы жұмыс істеді. Кейін өзі туып-өскен ауыл мектебіне қызмет ауыстырылып, директорлық қызметті атқаруда. Осыдан бірнеше жыл бұрын №137 орта мектепте тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Бағдаттың өзі бастамашы болып мектептің акт залында ауданның Құрметті азаматы, еңбек ардагері Рақымжан Бәйменов екеумізбен кездесу өткізді. Өлең оқылды, ән шырқалды, сүбелі сұхбат жүргізілді. Біз бір серпіліп, қуанып қалдық. Жөн-жоралғыны жақсы білетін мектеп ұжымы ардагер-ағаларға құрмет ретінде иығымызға шапан жапты, Рәкең кейінгі толқынға ақ батасын берді. Іс-шарадан кейін кітапхана көрмесімен, атқарып жатқан жұмысымен таныстық. Бұл туралы аудандық газетте жақсы мақала жарияланды.
Жоғарыда айтқанымдай, Бағдат Есназар бүгінде аудандық мәслихат депутаты, кейінгі буын жастардың ақылшы ағасы, ауданның білім, өнер, мәдениет саласында өзіндік орны бар ақын. Ол ердің жасы – елуге зор абыроймен жетіп отыр. Отызында орда бұзып, қырқында қамал алған азамат елуді еселі еңбегімен бағындырды. Алда алпыстың асқары тұр. Лайым, ауданның руханият саласында қызмет етіп жүрген Бағдат Есназарға жақсылықтар тілеймін. Ма­қаламның соңын:
Туындың көп көлемді,
Ортаң нұрға бөленді.
Елу жасқа толдым деп,
Тастап кетпе өлеңді.
Талантыңды біледі ел,
Саған бақыт тіледі ел.
Жүзге жетіп аман-сау,
Жыр тербетіп жүре бер!, – деген тілек жырмен аяқтағанды жөн көрдім.


Мұхтар САҚТАПОВ,
ақын, Қазақстанның Құрметті журналисі,
Сырдария ауданының Құрметті азаматы.



17 қазан 2020 ж. 529 0