Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тіл мәртебесі – ел мәртебесі

Тіл мәртебесі – ел мәртебесі

Ел Үкіметінің қаулысына сәйкес 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні болып белгіленген. Осыған сәйкес, 2018 жылдан бастап Тілдер мерекесі қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай 5 қыркүйекте мерекеленіп келеді. Ал елімізде мемлекеттік тіл – қазақ тілі болса, мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.

­Конституцияның 7-бабының үшінші тармағында «Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды» делінген. Яғни кім қай тілді үйренемін, тереңірек меңгеремін десе, оған еш қарсылық жоқ. Осы ретте тілдің халық өмірінде атқарар рөлі орасан екені анық. Алдымен ол – біздің басты құндылығымыз. Бір елді екінші бір халықтан ажырататын да, ұлтқа ғана тән рухани байлықты да тілмен тікелей байланыста қараймыз.

– Тіл – ұлттың тірегі, рухани байлығы, өткені мен болашағы. Қазақ елінің тарихына көз жүгіртсек, бірінші тұғыры биік байлық – жер, екіншісі – тіл, үшіншісі – мемлекет және оның тарихы болуы керектігі айқындалады. Ағартушы-педагог, ғалым, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген. Бұл – тілден артық қазына жоқ екендігінің айғағы, – дейді №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейі директорының бағдарлы оқыту жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанна Сәркеева.

Ал халықаралық «Қазақ тілі қо­ғамы» қоғамдық бірлестігінің Сыр­да­рия аудандық филиалының төра­ғасы Шаһарбек Нұрсейіт тіл мәртебесі – ел мәртебесі екенін айтады.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі шын мәнінде білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі» деп атап көрсетті. Осы орайда аудандық білім бөліміне қарасты мектептер және балабақшалар, ұжымдар мемлекеттік тілге айрықша ықылас танытып отырғанын атап өткім келеді. Әр мектепте қазақ тілі бұрышы бар. Іс-шаралар тұрақты деңгейде өткізі­ліп келеді. Соңғы кезде аудандық ауру­ха­наның, орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің, мәдениет және тілдерді дамыту бө­лі­­­­­міне қарасты ме­кемелердің, кент жә­не ауылдық округі әкімдіктері жа­нынан құрылған бас­­та­уыш ұйымдардың жұмысы жан­­данып келе жатқаны қу­ан­тады. Күріш егумен айналысатын шар­уа­­шылықтар арасынан Жеңісбек Сыздықов басқаратын «Шаған жер» ЖШС ұжымы мемлекеттік тілдің мәр­те­бесін көтеруге белсенділікпен атса­­лысып келеді, – дейді Шаһарбек Балтабайұлы.

Тіл тазалығы қашан да басты мәнге ие. Осы ретте айтып өтетін бір мәселе бар. Ол жергілікті ұлт өкілдерінің саны 99,8 пайызды құрайтын Тереңөзек кентінде кейбір кәсіпкерлер жарнама­ларын ресми тілде жазғанды өздеріне ар көрмейтіні. Дегенмен халықара­лық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлес­тігінің аудандық филиалы­ның ұйытқы болуымен түсін­дір­ме жұмыстары тұрақты түрде жүр­гізілуде. Бұл жұ­мыс­тар ресми тілде жазылған жарнамаларды өзгертуге оң ықпал етуде.

А.ИБРАГИМҰЛЫ
Фото:Ara24.kz.
03 қыркүйек 2024 ж. 325 0