Тіл мәртебесі – ел мәртебесі
Тілдің халық өмірінде атқарар рөлі орасан. Алдымен ол – біздің басты құндылығымыз. Бір елді екінші бір халықтан ажырататын да, ұлтқа ғана тән рухани байлықты да тілмен тікелей байланыста қараймыз.
5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні. Айтулы дата 2018 жылы Қазақстан Респбуликасы үкіметінің қаулысымен бекітілген. Оған дейін Тілдер мерекесін 22 қыркүйекте тойлайтын едік. 22 қыркүйек – Қазақстанда «Тілдер туралы» Заң қабылданған күн. Аталған Заң жобасы 1989 жылы қабылданғанымен, бұл күн мереке ретінде 1998 жылдан бастап аталып келді. Рухани қазынамыздың төл мерекесі қыркүйек айының 5-і деп өзгертілуінің де өзіндік себебі жоқ емес. Бұл күн – қазақтың тағдыры мен тілі үшін саналы ғұмырын сарп еткен Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Қазақтың маңдайына жол көрсетер жарық жұлдыз боп біткен ұлт ұстазының қазақ әліпбиінің негізін салған ғалым екенін де атап өткен жөн. Жаңа бүрлеген жас шыбыққа білім беру мен тәрбие ісін қатар үйлестіруді мақсат тұтып, кейінгіе мол мұра етіп қалдырған Ахмет Байтұрсынұлының дүние есігін ашқан күні – Қазақстан халқы Тілдері мерекесі. Қазақ тілі пәнінде кездесетін әріп, дыбыс, зат есім, буын секілді терминдердің 90 пайызын айналымға енгізген де тіл жанашыры Ахмет Байтұрсынұлы еді. Бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі – латын әліпбиіне көшу туралы сөз қозғалғанда да ұлы тұлғаның аты аталмай қалмайды.
Ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың сақталуы мен жоғалуына да себеп болатын – халықтың өзі. Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» дейді. Тіл – мәдениеттің жемісі. Тіл жоғалса ұғымдар жоғалады, ұғымдармен бірге құндылықтар күйрейді, құндылықтармен қоса мәдениет те мәресіне жетеді. Бұл нағыз деградацияға апаратын жол. «Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады» дейді ұлт жанашыры. Бұл даналық сөзді дәйектеп жатудың өзі артық.
Тіл мәртебесін арттыруда ауданымызда кешенді жұмыстар атқарылып келеді. Бұл туралы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Төрәлиев:
– Қай халықтың тілін алып қарасақ та, ол тарихпен тығыз байланысты. Тіл – адамзат қатынасын жүзеге асырушы маңызды құрал. Тіл қарым-қатынас құралы бола отырып, сананы, ойлауды қалыптастырып, одан әрі дамытуға қызмет етеді. Тіл – қоғамды дамытатын өзіндік ерекше жүйеге ие кешенді құбылыс. Осы тұста аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жыл бойына түрлі іс-шаралар өткізіп отырады. Олардың мақсаты – тілге деген сүйіспеншілікті, қызығушылықты дамыту. Достық қарым-қатынасқа, ой ұшқырлығы мен тапқырлыққа, өз ұлтын сүюге, құрметтеуге баулу мақсатында аудан, облыс көлемінде байқау, фестиваль, семинар, тақырыптық кеш, лекция, брейн-ринг, концерттік бағдарламалар жиі ұйымдастырылады. Қатысушылар да белсенді, – дейді бөлім басшысы.
Ұлттық дүниетаным қайталанбайтын құбылыс. Кез келген этностың сол қайталанбас дүниетанымы мен этномәдени тұрмысын ұлттық тілдің негізінде түсінуге болады. Ол сол ұлттың бүкіл бітім-болмысымен, қоршаған ортасымен, ділімен тығыз байланысты. Әр этностық мәдениетте дүние, қоршаған ортаға деген сан қилы көзқарас, түсінік қалыптасады. Себебі әр мәдениет заманына, діліне, моральдық нормаларына қарай адамға, адамның іс-әрекетіне, сезімге және басқа да негізгі құндылықтарға байланысты өзінің көзқарас жүйесін қалыптастырады. Міне, осы көзқарастың көрінетін, таралатын, сақталатын құралы – тіл.
Тіл өлсе, ұлт жоғалады. Тілден өзге ешбір ерекшелік ұлтты ұлт ретінде сақтап қала алмайды. Тіл – мәңгілік құндылық. Ұлттық дүниемізді халық арасында насихаттау, жеткізу үшін ең әуелі тіліміз түзу болмақ керек. Тіл – халықтың қазынасы, ұлттың мұрасы. Тіл тағдыры – ұлт тағдыры. Бұл сөзге жасанды жанашырлықпен емес, терең түсінікпен қарасақ екен.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ