Тіл мәртебесі – ел мәртебесі
Айтулы дата 2018 жылы Қазақстан Респбуликасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген. Оған дейін Тілдер мерекесін 22 қыркүйекте тойлайтын едік. 22 қыркүйек – Қазақстанда «Тілдер туралы» Заң қабылданған күн. Аталған Заң жобасы 1989 жылы қабылданғанымен, бұл күн мереке ретінде 1998 жылдан бастап аталып келді.
Рухани қазынамыздың төл мерекесі қыркүйек айының 5-і деп өзгертілуінің де өзіндік себебі жоқ емес. Бұл күн – қазақтың тағдыры мен тілі үшін саналы ғұмырын сарп еткен Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Қазақтың маңдайына жол көрсетер жарық жұлдыз боп біткен ұлт ұстазының қазақ әліпбиінің негізін салған ғалым екенін де атап өткен жөн. Жаңа бүрлеген жас шыбыққа білім беру мен тәрбие ісін қатар үйлестіруді мақсат тұтып, кейінгіге мол мұра етіп қалдырған Ахмет Байтұрсынұлының дүние есігін ашқан күні – Қазақстан халқы Тілдері мерекесі. Қазақ тілі пәнінде кездесетін әріп, дыбыс, зат есім, буын секілді терминдердің 90 пайызын айналымға енгізген де тіл жанашыры Ахмет Байтұрсынұлы еді.
Қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – тіл саясаты. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әр жылғы Қазақстан халқына Жолдауында да тіл мәселесіне тоқталып өтеді. «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар» деген Мемлекет басшысы Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тілдің бар екенін және ол – қазақ тілі екенін айтып өтті. Орыс тілінің «ресми тіл» мәртебесіне ие екеніне тоқталған Президент заңнамаға сәйкес оның қолданылуын шектеуге болмайтынын және «қазақ тілінің өресі шектеліп барады» деген қорқыныштың негізсіз екеніне тоқталды. Қазақ тілінің мәртебесі көтеріліп, туған тіліміз ғылым мен мәдениет, іс жүргізу тіліне айналып, қолданыс аясы кеңи түсуде. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген нақылды жалау еткен азаматтарымыздың тіл мәселесіне асқан парасаттылықпен, жауапкершілікпен қарауы маңызды.
Кейінгі жаңалықтарға сәйкес тіл саясатына қатысты оң өзгерістер орын алуда. Бұған дейін тіл мәселесі көтерілгенде балалардың бірінші сыныптан бастап үш тілді қатар меңгеруінің қиындық туғызатыны талай айтылып келген болатын. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, тәрбие мен тәлімнің негізгі іргетасы бастауыш сыныптарда қаланады. Осы кезде жас баланың бойына әрбір ілімді төл тілде дарыту маңызды. Былтырдан бастап қазақ тілінде оқитын мектептерде 1-сынып оқушысы бір ғана тілді, яғни қазақ тілін меңгереді. Ал орыс тілі 2-сыныптан, ағылшын тілі 3-сыныптан бастап оқытылады.
Тілдің халық өмірінде атқарар рөлі орасан. Алдымен ол – біздің басты құндылығымыз. Бір елді екінші бір халықтан ажырататын да, ұлтқа ғана тән рухани байлықты да тілмен тікелей байланыста қараймыз.
Кез келген қызмет көрсетуде қазақ тілін таңдау – тілге деген құрметтің бастауы. Тіл мәртебесін көтеруде кәсіпкерлерге де артылар жүк жеңіл емес. Яғни жарнама немесе дүкеннің атын жазуда белгіленген нақты ережелер бар. Осы жерде «кәсіпкерлердің құлағына алтын сырға» дегіміз келеді.
Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол – қазақ тілі. Батыр бабаларымыздың қасық қанымен аманат болып жеткен тілімізді сақтау, қорғау баршаның маңызды міндеті. Тіл мен ұлт – егіз ұғым. Олай болса, тілге деген құрмет әр адамның санасында, жүрегінде орнығып, ісінен көрініс беруі шарт. Ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың сақталуы мен жоғалуына да себеп болатын – халықтың өзі. Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» дейді. Тіл – мәдениеттің жемісі. Тіл жоғалса ұғымдар жоғалады, ұғымдармен бірге құндылықтар күйрейді, құндылықтармен қоса мәдениет те мәресіне жетеді. Бұл нағыз деградацияға апаратын жол. «Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады» дейді ұлт жанашыры. Бұл даналық сөзді дәйектеп жатудың өзі артық.
Расында да, «Тіл – саясаттың ісі емес, тіл – жүректің ісі». Тілге деген құрметті сыртқы күшке ысырып салудың қажеті шамалы. Әркім-ақ тіл болашағына шын жанашырлық танытып, құрмет көрсетер болса, қазақ тілінің мәртебесі биік болмақ.
Тіл мәселесі қай елде де маңызды. Тіл саясаттың емес, жүректің ісі десек те, үкімет тарапынан тіліміздің сақталуы мен қолдану аясының кеңеюі тұрғысындағы іс-шаралар кешенді түрде атқарылып келеді. Мемлекет басшысының әр жылғы Қазақстан халқына Жолдауында да бұл мәселе назардан тыс қалған емес. Жақында елімізде тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Тіл саясаты комитеті арнайы қаулы жобасын әзірледі. Құжат мемлекеттік тілді қоғамның барлық саласында қолдану аясын кеңейтуге және оның мәртебесін арттыруға тікелей ықпал етеді деп көретілген. Тұжырымдама діттеген мақсатына қол жеткізер болса, 2029 жылға қарай тұрғындардың 84 пайызы қазақ тілінде сөйлейді деп жоспарланған. Сондай-ақ жобада латын әліпбиіне көшудің кезең-кезеңімен жүзеге асырылатыны айтылған.
Тіл мәртебесі – ел мәртебесі. Тіл тағдыры – ұлт тағдыры. Ана тілінің тағдырына «елім» деген әрбір адам жауапты. Тіл мәртебесі, тіл саясаты мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Тіл – халықтың қазынасы, ұлттық мұра. Тіл тағдыры – ұлт тағдыры. Бұл сөзге жасанды жанашырлықпен емес, терең түсінікпен қарасақ екен!
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: ашық дереккөзден