Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сайыпқыран спортшылардың алғашқы бапкері

Сайыпқыран спортшылардың алғашқы бапкері

Ұстаз, шәкірт, мектеп. Үш ұғымды байланыстыратын негізгі құрал – білім. Арамызда шәкірттері үшін бар уақытын аямаған ұстаздар жетерлік. Білім беру ісінде озық тәжірибесімен ерекшеленетін мұғалім – мектеп жүрегі. Яғни, өз мамандығының шебері атанған біздің кейіпкерімізді оқушылары үнемі мақтан тұтады. Бұл ретте, №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бақытжан Абылбеков жайлы қалам тербемекпіз.

Көп балалалы отбасынан шыққан Бақытжан Абылбеков – Жаңақорған ауданының тумасы. Кең пейілді мінезімен ерекшеленетін ол – 8 ағайындының кенжесі екен. Көршілес ауданға қарасты Талап ауылындағы №160 орта мектепті бітірген оның бойында спортқа деген қызығушылық басым болды. Бала кезінен қазақша күреспен шұғылданған ауыл баласы арманына қанат бітіру үшін Алматы қаласына барады. Мұнда педогикалық училищеде «Дене шынықтыру» пәні бойынша білім алды. Бір жылдары әскер сапына қабылданған Б.Абылбеков Отан алдындағы борышын өтеді. Әскерден келген жас сарбаз еңбек жолын Алматы қаласындағы №139 Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектептен бастайды. Кейіннен, Тереңөзекке қоныс аударған ұлағатты ұстаз №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің дене шынықтыру пәні бойынша қызметке орналасады.

– Иә, менің білім саласы қызметінде жүрегеніме отыз жылдан асты. Алматы қаласынан келгенімде аға буын өкілдері айқын жол көрсетті. Мен үшін ұлағатты ұстаздардың берген бағыт-бағдары өмірлік сабақ болды. Негізінен, әке-шешем темір жол саласында қызмет етті. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болу – бала кездегі арманым. Бір жылдары Тараз қаласындағы мемлекеттік университетте білімімді жетілдірдім. Қазіргі жаңартылған білім мазмұны – бұрынғыдан өзгерек. Бүгінде мұғалімдерге талап жоғары қойылады. Бұдан бөлек, ертеректе балаларға арналған спорт секциялары сирек ашылатын. Ал осы күні барлық мүмкіндік қарастырылған. Біз үнемі баланың бойындағы қай спортқа қабілеті бар екенін анықтап, ақыл-кеңесімізді айтамыз. Демек, кәсіби спортшы болудың негізгі баспалдағы – мектепте қалыптасады.

Айта кетейік, әрбір буындағы шәкірттердің өзіндік ерекшеліктері бар. Талай жыл дәріс берген оқушыларымыз халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері. Әрдайым хабарласып, өз салалары бойынша жан-жақты ақылдасып отырады. Олардың жетістікке жетуіне кішкене үлес қоса білсек, қуаныштымыз, – дейді ұлағатты ұстаз.

Тарихы терең білім ордасынан түлеп ұшқан дарынды оқушылар тәжірибелі ұстаз Бақытжан Абылбековтің тәлім-тәрбиесіне қаныққан. Талай жыл спортқа бейім жастар білікті мұғалімнің нұсқауы бойынша байрақты бәсекелерден топ жарды. Өткен күндерін еске алған білікті маман жаттығу залдарының материалдық базасының төмендігі жастардың тұрақты спортпен шұғылдануына кедергі келтіргендігін айтады. Мәселен, қара жерде доп қуалаған балалардың чемпион болуға құштарлығы зор болған.

– №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде 7 дене шынықтыру пәнінің мұғалімі жұмыс жасайды. Балалардың спортқа деген ынтасын ояту – біздің міндетіміз. Жаңартылған білім мазмұны бойынша практикалық сабақтарға басымдық беріледі. Әрине, көкейде жүрген қынжылыс бар. Осыдан 10-15 жыл бұрын бір сыныпта бірнеше бала спортпен шұғылданатын. Бала санасын әлеуметтік желі, ғаламтор жау­лаған уақытта спортқа қызығатындар саны азайды. Дегенмен, оқушылар өзіне керекті ақпаратты, білімді, спортқа қатысты мағ­лұматты алуға тырысады. Сондықтан дене шынықтыру пәні бойынша енгізілген тың жа­ңалықтармен, ғылыми тео­риялармен ұдайы танысып отырамыз – дейді Бақытжан Абылбеков.

Талантты шәкірттердің томағасын сыпырып, үлкен спортқа дайындаған Бақытжан Әшетұлы тереңөзектік Шынар Мырхиевамен отбасын құрады. Зайыбы Шынар Бағдатқызы бүгінде аудандық оқушылар үйінде қызмет етеді. Педагогика саласында қажырлы еңбек етіп келе жатқан ерлі-зайыптының екі ұлы бар. Үлкен ұлы – Ернұр кәсіби тұрғыдан волейбол спортымен шұғылданған. Екі дүркін ҚР чемпионы. Ал кішісі – Асхат әлі күнге футболмен айналысады. Кейіпкеріміз бос уақытында темірден түйін түйіп, ағаштан түрлі бұйымдарды жасағанды ұнатады. Сонымен бірге ол үйінен жаттығуға арналған бөлме жасақтап, уақытылы дене бітімін қа­лып­қа келтіріп отырады. Үнемі спорттық жат­тығуларға көңіл бөлетін ұстаз жас ұрпақтың шымыр, денсаулығы мықты болып өсуіне ерік-жігерін арнай бермек.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
22 ақпан 2022 ж. 310 0