Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ана мен бала өміріне араша түскен

Ана мен бала өміріне араша түскен

Медицина саласында қатар қызмет етіп, жұптары жазылмай келетін абзал жандар жеткілікті. Күрделі қызметте халық алғысына бөленіп жүрген Емжаровтар әулетінің мүшелері Бауыржан мен Жанат аудандық ауруханада қызмет етеді. Гиппократ антына адал Бауыржан Әлібекұлының жары Жанат Қалымбетова соңғы 8 жылда 100-ден аса сәбиге кіндік шеше атанған. Біздің кейіпкеріміздің ең алғаш босандырған сәбиі бүгінде 2 сыныпта оқиды. Бұл ретте, «Перзентхана» бөлімшесінің тәжірибелі акушеркасы Жанат Қалымбетовамен қызметінің қызығы мен қиындығы жөнінде әңгімелескен едік.

Соңғы 16 жылда медицина саласында еңбек етіп келе жатқан Жанат Қалымбетова – Тереңөзек кентінің тумасы. Ол Әбілхан мен Дариякүлдің шаңырағында 5 қыздың ортасында бойжетті. Осыдан 30 жыл бұрын №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектеп табалдырығын аттаған Жанат Қызылорда қаласындағы медцина колледжінде мамандық алды. «Акушерлік іс» мамандығын игерген жас маман өмірлік жары Бауыржанмен 1 курста оқып жүргенде танысып, оқу бітірген жылы табысты.

– Біздің әкелеріміз бір салада қызмет етті. Бала кезімізден бір-бірімізді танитынбыз. Бәкең үйге келгенде «сені келіншек қылып аламын» деп үнемі айтатын еді. Ол кезде балалықпен отбасы құрудың мән-жайына қанықпадық. Кейіннен ортақ сезім пайда болып, оқу бітірген жылы шаңырақ көтердік, – дейді жас келін.

Жылдар бойы медицина саласында тәжірибесімен танылып келе жатқан Жанат Әбілханқызы ең алғаш аудандық ауруханаға қарасты «Балалар» бөлімшесінің мейірбикесі болып қызметке орналасқан. Мұнда мейірбике сәбилердің күтімін жасап, дертіне шипа іздеген жандардың қасынан табылған. Ал кәнігі маман ретінде «Перзентхана» бөлімшесіндегі қызметі 2008 жылы басталған. Мұнда алғашқы жылдары ана мен бала мейірбикесі қызметін жауапкершілікпен атқарған. Содан кейін негізгі мамандығы – акушерка болудың қыр-сырына қаныққан. Күн сайын толғағы жеткен ананың жанынан табылып, дені сау ұрпақтың дүниеге келуіне сүбелі үлес қосып келеді.

– Жауапкершілігі мол қиын саланың өзіңдік қызықтары бар. Тәулік бойы ана мен баланың денсаулығына жауапкершілікпен қарап, жанымыз қыл үстінде жүреді. Әрбір босануға келген келіншек сенің сөздерін арқылы қуат алады. Өмірге басқаша көзқараспен қарайды. Күш-жігерін жинап, перзенті үшін күреседі. Сен ол жерде осалдық танытпауың қажет. Қайта аяғы ауыр келіншекке демеу болуы маңызды. Кейде күрделі сәттерді бастан өткергенде дәрігерлердің сөзіне құлақ асып, тез жиналып аламыз. Бізге босаңсуға болмайтындығын білікті дәрігерлер Нейля Әбішова мен аға акушерка Лариса Цой үнемі есімізге салып отырады, – дейді тәжірибелі маман.

Бала көтерудің қияметін тартқан аналар «енді бала көтермеймін, қиналғаным есімнен кетпейді» дегенімен, келесі жылы жүкті аналар қайта келетінін Жанат Әбілханқызы еске алады. Мұндайды бір жағынан қызықты сәттерге баласа, екінші жағынан босануды «ұмытшақ ауру» деп айтатынның дәлелі болса керек.

Бүгінде көптеген сырдариялық сәбидің кіндік шешесі атанған Жанат Қалымбетова – 1 қыз, 3 ұлдың анасы.

Балтабай Аябекұлы
01 маусым 2021 ж. 811 0