Архив – тарихтың алтын қазынасы
Аудан тарихының өткен жаңа көзқарас тұрғысынан зерттеп саралау бүгінгі таңдағы маңызды міндеттердің бірі. Осы орайда туған жерімізге қатысты құнды құжаттарды сақтап отырған аудандық архивтің алатын орны ерекше. Архив – елдің тарихындағы құнды құжаттар мен деректерді, елдің шежіресіне қатысты мәліметтерді сақтайтын мәдени ошақ.
«Сырдария аудандық архиві» филиалы мекемесі 1988 жылдың 13 қаңтарынан бастап жұмыс жасайды. Ондағы құжаттардың құрамы 1938 жылдан басталып, 2018 жылға дейін сақталып келеді. Қазіргі уақытта аудандық архив мекемесінде 38168 мыңнан астам архивтік құжаттар 139 қорға бөлініп сақталуда. Жыл сайын жоспарға сәйкес аудандық архив ауданға қарасты барлық мекемелердің құжаттарын мемлекеттік сақтауға қабылдайды. Оның ішінде басқару құжаттары, жеке тектік құжаттар және фотоқұжаттар бар. Аудандық архив жұмысының негізгі бағыты − Ұлттық архив қорын қалыптастыру, оны тиісті құжаттармен толықтыру, ол құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету және мемлекет мүддесі үшін пайдалану. Қазіргі таңда аудандық архив қызметкерлері Қазақстан Республикасы «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңы мен архив ісі саласындағы нормативтік құқықтық-актілерді негізге ала отырып қызмет атқаруда. «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік архивтің толықтыру көзі болып табылатын мекемелерге іс-қағаздарды жүргізу, архивтік құжаттарды сақтау жағдайына байланысты әдістемелік көмектер көрсетіліп тұрады.
Құжаттар заңды және жеке тұлғалардың сұраныстарын орындауда кеңінен пайдаланылып, «Архивтік анықтама беру» бойынша мемлекеттік қызметін тиімді көрсетіп келеді. «Архивтік анықтама, архивтік құжаттардың көшірмелері немесе архивтік үзінділер беру» мемлекеттік қызметі www.e.gov.kz «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы және архив мекемесі арқылы қағаз және электронды түрде көрсетіледі.
Сонымен қатар, аудандық архив қорының құрамында ауданның тарихына, мәдениетіне, экономикасына үлес қосып, өзіндік қолтаңбаларын қалдырған белгілі тұлғалардың құжаттары сақталуда. Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлеріміздің ерен ерліктері туралы баяндайтын естелік құжаттары және жергілікті ақындардың А.Тоқмағанбетов, Б.Шағыров, М.Сақтапов, Ш.Оразова, З.Ибадуллаевтың шығармалары сақталуда. Облыстық мәслихат депутаты Алмагүл Божанованың, Тәуелсіз еліміздің алғашқы Әнұранының авторларының бірі, жерлесіміз Жадыра Дәрібаеваның өз қолтаңбасымен аудандық архивке сыйлаған кітаптары да бар.
«Сырдария аудандық архиві» филиалы құжаттарды жинақтауға, сақтауға, пайдалануға құқық берілген мекеме болумен қатар, мемлекеттік іс-қағаздарын жүргізудің әдістемелік орталығы болып табылады. Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қоры құжаттарының құрамының толық сақталуын қамтамасыз ету бағытында толықтыру көздеріне енген аудандағы 53 мекемемен тығыз байланыста жұмыстар атқаруда. Ведомстволық архивтердің жұмысын жандандыру мақсатында мекемелер мен ұйымдардың ведомстволық архивіне қатысты әдістемелік көмектер көрсетіп, іс-жүргізуді ұйымдастыруда, құжаттардын құндылығын сараптауда семинарлар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып тұрады. Сонымен қатар, аудандық архив қызметкерлері аудан тарихына қатысты деректерді фотоқұжат етіп жинақтауда.
Еліміз бойынша «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылып, аталмыш бағдарлама аясында 2013 жылдан бастап аудандық архив филиалы қорында сақтаулы тұрған құжаттарды сканерлеу арқылы электронды жүйеге көшіру жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта «Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві» КММ-нің «Сырдария аудандық архиві» филиалында сақтауда тұрған құжаттарды сандық форматқа көшіру толықтай жолға қойылды. Қоймада сақтауда тұрған мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерден алынған маңызды құжаттарды атап айтқанда жеке құрам бойынша және негізгі қызметке байланысты бұйрықтар, айлық жалақы есептеу ведомостері, қаулылар, шешімдері және басқа да тұрақты сақталатын құжаттар сандық форматқа көшірілуде. Бұл құжаттарды толығымен цифрландырып, азаматтардың қажеттілігін өтеу - архив қызметкерлерінің міндеті.
Архив мекемесі құжаттарды мүлтіксіз қорғап, сенімді жерде сақтауды қамтамасыз етеді және ұлттық тарихи-мәдени мұраны іске пайдаланады. Сондықтан архив құжаттарын ұлттық қалыптасуымыздың кемелдену жолындағы баға жетпес асыл қазынасы десек артық айтқандық емес.
Ж.ЕРМАХАНОВ,
«Сырдария аудандық архиві»
филиалының архивисі