Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел тарихының қазынасы

Ел тарихының қазынасы

Том-том болып дүкенде тұрмасақ та,
Подвалдағы архивтен табылармыз... – деп жыр­лаған ақиық ақын М.Мақатаевтың Ф.Оңғар­сыноваға өлеңмен «шаққан мұңы» көп­ші­лікке таныс. Расында, өткен күннің белгілері бүгінде мұрағат сөре­лерінен күні кешегідей сыр шертсе, бүгінгі күннің әр парағы да архивтерден орын алары анық. Себебі бүгінгі күн – ертеңгі тарих.

Халықтың өткені мен бүгінгісін жалғас­тырып, кеше мен келешектің арасында алтын көпір салған архив қызметкерлеріне артылар жүк те, жауапкершілік те жеңіл емес. Тарихты түгендеп, келешекке жеткізушілердің қызметі де қауырт. Осы ретте, Сырдария ау­дандық архиві филиалында ашық есік күні болып өтті. Мемлекет басшысының 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауына орай Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті «Архив және болашақ ұрпақ» жобасын бүкіл республика бойынша өткізуде. Аталған жоба аясында өткізілген ашық есік күніне арнайы шақырумен, ерекше ынтамен, зор құрметпен барып қатыстық.

Көпшілік архив қызметіне жиі жүгініп, тығыз байланыста жұмыс жасайды. Әсіресе, журналистер қауымы өткен күннен белгі болған кез келген керекті ақпаратты осы жерден табамыз. Былтыр ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қар­саңында «Тәуелсіздік шежіресі» айдары жұмыс жасады. Ол бойынша редакцияның шы­ғар­машылық топ өкілдері егемендік алған­нан бері қарайғы аудан тарихын қайта сараптап шықты. Бұл ретте, әр жылдары шыққан газет тігінділері негізгі ақпарат көзі болса, сол ақпараттарды біз аудандық архивтен ғана та­ба алдық.

Ал ашық есік күнінің негізгі мақсаты – архив құжаттарын пайдалана отырып, жас ұрпақты патриоттық сезімге тәрбиелеу, ұрпақтар сабақ­тастығын сақтау, аудан тарихын зерттеуге тарту, архив саласының имиджін арттыру. Ашық есік күні «Архив ісіндегі жаңа белес» тақырыбындағы дөңгелек үстелмен бастау алды. Бір күн бойына дөңгелек үс­тел, архив қорына экскурсия, көрме танысты­рылымы іс-шаралары жүргізіліп, сирек қордағы құжаттар келушілер назарына ұсы­ныл­ды. Жиынға аудандық ардагерлер кеңе­сі­нің төрағасы М.Келдібаев, Халықаралық «Қазақ тілі» ҚБ Сырдария аудандық филиалы төрағасы Ш.Нұрсейітов, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұ.Жанәлиева, «Сырдария» қоғамдық қорының төрайымы Н.Керейтбаева мейман ретінде қатысты. Сондай-ақ Сырдария аграрлы-техникалық колледжі мен аудан орталығы мектептерінің мұғалімдері, студенттер мен оқушылар белсенділік танытты. Дөңгелек үстелді аудандық архив филиалының басшысы Р.Турикбаев ашып, аудандық архив мекемесінің тарихымен таныстырды.

– Сырдария аудандық архив филиалы 1988 жылдың 13 қаңтарында құрылған. Биыл бұл мекеменің құрылғанына 34 жыл толып отыр. Қазіргі уақытта аудандық архив – 36000-нан астам архивтік құжаттарды 137 қорға бөліп сақтап отырған үлкен тарихи мекеме. Жыл сайын жоспарға сәйкес біз аудандық архивке ауданға қарасты барлық мекеменің құжат­тарын мемлекеттік сақтауға қабылдап отырамыз. Оның ішінде, басқару құжаттары, жеке тектік және фотоқұжаттары бар. Аудандық архив жұмысының негізгі бағыты – Ұлттық архив қорын қалыптастыру, оны тиісті құжаттармен толықтыру, ол құжаттардың сақталуын қам­тама­сыз ету және мемлекет мүддесі үшін пайдалану, – деді мекеме басшысы.

Одан кейін іс-шараның қонақтарына сөз берілді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төр­ағасы М.Келдібаев архив ісінің қоғамда ғана емес, ұлт тарихында алар маңызы зор екеніне тоқталып өтті. Ал аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы, аудандық архив саласының ардагері Ұ.Жанәлиева туған өлке тарихын тануда архив құжаттарының маңызы зор екендігін, сонымен қатар, ауданның 80 жылдығына орай жарық көрген «Сырдария (Тереңөзек)» ше­жі­ресі және «Сырдарияның ұл-қыздары спорт­тың жұлдыздары» кітаптарын әзірлеуде архив қорының құжаттары толығымен пайдаланыл­ғандығын айтты.

Архивист Г.Мейрамбекова келген меймандарды архив қорындағы жеке тектік қор құжаттарынан дайындалған «Архив қо­рын­дағы кемеңгер тұлғалардың тарихы» тақырыбындағы көрмемен таныстырды. Көр­ме соңы экскурсияға жалғасып, оқушылар мен студенттерге «Архив жұмысы маңызды құ­жаттармен құнды» тақырыбында экскурсия ұйымдастырылды. Экскурсия барысында оқушылар құжат сақтау қоймасына кіріп, тұрақты сақтауда тұрған құжаттармен танысып, архив жұмысының қыры мен сырына қанықты. Аудандық архив мекемесінің қызмет­керлері Ж.Сейілов, Ж.Ермаханов, Ж.Майханов саланың қызығы мен қиындығы, өздеріне артылар міндеттің жүгі мен жауапкершілігі туралы әңгімелеп берді.

Аталған іс-шара жоғарғы деңгейде өтіп, меймандар архив қызметкерлеріне ыстық ықыласын білдірді. Айта кетейік, бүгінде 1935-1937 жылдардан бастап ауданға қажетті құжаттар сақталып тұрған архив қорын электронды форматқа өткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл дегеніміз алдағы уақытта түп­нұс­қамен қатар, арнайы платформаға орна­ластырылған құнды құжаттарға компьютердің көмегімен-ақ қол жеткізе аламыз деген сөз.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
24 қыркүйек 2022 ж. 346 0