Саламатты өмір салты насихатталды
Тамыз айының үшінші жексенбісінде спорт саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі тойланады. 2003 жылы қабылданған Жарлыққа сәйкес қолданысқа енген атаулы күн жыл сайын аудан көлемінде де ауқымды түрде аталып өтіледі.
Биыл спорт күніне орай ауданда бірнеше аудандық жарыс ұйымдастырылып, үздіктер анықталды. Апта басынан басталған спорттық ойындар апта бойына үздіксіз жалғас тапты. Спорт күніне орайластырылған іс-шаралар легі спорт саласының қыз-келіншектері арасындағы қол күресінен бастау алды. Сайысқа аталған салада аудан намысын қорғап жүрген қыз-келіншектер атсалысты. Білекте де, жүректе де күші тасыған арулар саламатты өмір салтын сақтаудың маңыздылығын көрсетіп, жарыс жолында бақ таласты. Нәтиже бойынша Айнара Жеткергенова І орынды, Алия Ғазизова ІІ орынды, Гүлмира Тәштаева ІІІ орынды жеңіп алды.
Келесі күні атаулы сайыс футболдан аудан ашық біріншілігімен жалғасын тапты. №11 Сырдария ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар жасөспірімдер мектебінің ұйымдастыруымен өткен шағын футболға 2012-2013 жылы туған жасөспірімдер қатысты. Өз мәресіне жеткен тартысты додада ала доп шеберлері үздік атанып, марапатталды. І орынды «Мансұр-Шаған» командасы жеңіп алды. Жүлделі ІІ орын №137 мектеп командасына, ІІІ орын аудандық спорт клубы спортшыларына бұйырды. Сондай-ақ Сәбит Сағадат «Үздік ойыншы», Биасыл Өмірбай «Үздік қақпашы», Азамат Маратбеков «Үздік шабуылшы», Асылжан Сәбит «Үздік ойыншы» номинацияларымен марапатталды. Жарыс жеңімпаздары демеушілер ұсынған диплом және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Бір аптаға жалғасқан спорт бәсекелері ұлттық спорт – садақ атумен жалғасты. Ұлттық дәстүрді ұлықтап, спортты насихаттауды мақсат еткен жарысты спорт клубы ұйымдастырды. Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша І орынды Шерхан Кеңес, ІІ орынды Сейілхан Кеукенов, ІІІ орынды Асхат Төлеуов жеңіп алды. Сондай-ақ шахматтан жасөспірімдер мен ардагерлер арасында тартысты ойын болды. Жеңімпаздар арнайы алғыс хатпен марапатталды. Спорт күніне арналған іс-шаралар легі ересектер арасында Қалғандария көлінде жүзу, гір көтеру, арқан тарту спорт түрлерінен аудандық жарыспен қорытындыланды. 50 метрге жүзуден І орынды Мейірхан Ишанбек, ІІ орынды Мардан Оспанов, ІІІ орынды Ерсұлтан Қошқаров жеңіп алып, ақшалай сыйлықпен марапатталды. Ал гір көтеруден Айдар Ерасыл, Нұрасыл Нұрбай, Бақытбек Төлегенов үздіктер қатарынан көрінді. Арқан тарту сайысынан аудандық ішкі істер бөлімі жүлделі І орынды, қоғалыкөлдік спортшылар ІІ орынды, аудандық спорт клубы ІІІ орынды жеңіп алды.
Айта кетейік, бүгінде аудан бойынша оқушылар мен тұрғындарды қоса есептегенде 14 793 спортшы бар. Бұл – халықтың 39 пайызы дегенді білдіреді.
– Жылдан жылға спортпен шұғылданушылар қатары артып келеді. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда спортқа ден қоюшылар саны 100 шақты адамға артқан. Тұрғындар спортпен шұғылдануы үшін ең бірінші кезекте спорт нысандары да халыққа қолжетімді деңгейде болуы тиісті. Мәселен, қазіргі таңда ауданымызда 2 стадион, 5 спорт кешен, 28 спорт зал, 21 жапсарлас спорт зал, 74 жазықтық құрылғы жұмыс жасауда. Жалпы 130 дене шынықтыру және спорт нысаны халыққа, оның ішінде спортпен айналысамын деген жасөспірімдерге қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Аталған спорт нысандары тегін негізде қызмет көрсетеді. Мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында «Мансұр» спорт клубында балалар мен жасөспірімдерге арналған ақысыз түрде спорт секциялары жұмыс жасап келеді. Онда 5-15 жас аралығында балалар жаттығуда және былтырдан бастап каратэ, таеквондо, үстел теннисі спорт түрлерінен секциялар ашылды. Жастар жанына спортты серік ету арқылы дені сау ұрпақ қалыптастырып қана қоймай, тәрбиелі әрі саналы жастардың қатарын арттыруға мүмкіндік мол, – дейді аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің бас маманы Әйгерім Мешітбаева.
Биыл 18 тамыз – спорт күні ретінде тойланады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында бұқаралық спортқа, дене шынықтыруға және балаларды қолдауға басымдық беру керектігін айтып келеді. Әр облыста, ірі облыс орталықтарында спорт секцияларын ашуды тапсырды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды. Бұл мереке өмірін спортпен байланыстырған спортшылар, жаттықтырушылар, балалар мен жасөспірімдер үшін ерекше. Осы орайда сала мамандары мен спортшыларды кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймыз!
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ