Спорттық сайыста бақ сынады
Спорт – денсаулық кепілі. Ал қызмет пен отбасыны тең ұстап, онымен қоса саламатты өмір салтын сақтаған қыз-келіншектерді, расында да, «қырық жанды» деуге негіз бар. Кеше мемлекеттік мекемеде қызмет жасайтын нәзік жандылар арасында волейболдан жарыс өтті.
Күндегі күйбең тіршіліктен бой жазған сайысқа қатысушылардың көңіл-күйі көтеріңкі болды. Мереке қарсаңында арнайы ұйымдастырылған іс-шара нәзік жандыларды бір серпілтіп, өздерін жаңаша қырдан танытуға мүмкіндік берді.
120-ға жуық қыз-келіншек қатысқан спорттық сайысты аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев ашып берді.
– Сіздерді көктемнің шұғылалы мерекесі 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Әйел – Ана, әйел – мәңгілік жыр. Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді. Бүгінгі сайысқа мемлекеттік мекемеде қызмет атқаратын әйелдерден құрылған 10 топ қатысып отыр, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Нәзік жандылар сынға түскен аудандық бәсеке тартысты өтті. Күнделікті өмірде ауданның әл-ауқатын жақсартып, алға жылжуына өзіндік үлесін қосып жүрген жандар кәнігі спортшылардан кем түспеді. Тартысты ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді. Сайыс қорытындысы бойынша әділқазылардың шешімімен үш команда жүлдегер атанды. Оның ішінде аудан әкімдігі аппаратынан құрылған команда жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орын аудандағы білім саласының қыз-келіншектеріне бұйырды. Үшінші орынды Н.Ілиясов ауылының командасы қанжығаға байлады. Сайыс жеңімпаздарына арнайы алғыс хатпен қоса бағалы сыйлықтар тарту етілді.
Сондай-ақ үздік ойыншылар да марапат тұғырынан көрінді. Олардың қатарында Сандуғаш Ысқақова «Үздік қорғаушы», Алима Байманова «Үздік шабуылшы», Мақпал Мығымбаева «Үздік ойыншы», Марина Жансейітова «Үздік үйлестіруші», Гүлнар Тұрлыбекова «Үздік ойыншы» номинацияларын жеңіп алды. Марапат иелеріне жүлдені аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Жігер Айекешов табыс етіп, мерекемен құттықтады.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ