Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Асыл азамат

Асыл азамат

«Дүние – үлкен көл, Заман – соққан жел, Алдыңғы толқын – ағалар, Кейінгі толқын – інілер» деп ұлы Абай айтқандай, алдымызда жүрген ағалардың шапағатын көріп өстік. Олар бізді ақыл-кеңесімен, өздерінің өнегелі істерімен тәрбиеледі. Солардай болуға ұмтылдық. Сондай жайсаң ағамыздың бірі – тереңөзектік Хасен Ыбрайұлы Мұратбеков еді.

Әрбір тұлғаның өз ерекшелігі, заманына қарай іс-әрекеті, қоғамына орай таным-түсінігі болады. Хасен ағамыз сымбатты келбеті мен сырбаз мінезі бірін-бірі толықтырып тұратын пайымы мен парасаты тең келетін жан еді. Ол бүкіл саналы ғұмырын адамдардың игілігі және сол игіліктердің бастысы болып саналатын құрылыс жұмысына арнады.

Қатардағы шеберден жылжымалы мехколонна бастығы дәрежесіне дейін көтерілді. Ағамыздың өмір жолының өзі өнеге.

Ол 1961 жылы Тереңөзек қыс­тағындағы №35 М.И.Калинин атын­дағы орта мектепті бітіргеннен кейін еңбек жолын осында теміржол жұмыс­шысы болып бастады. Өйткені әкесі Ыбрай, анасы Қатира байырғы теміржолшылар еді. Бұл салада 3 жыл еңбек еткеннен соң әскер қатарына шақырылды. Азаматтық борышын өтеп оралғаннан кейін белгілі бір мамандық иесі болуды мақсат тұтып, Ташкент көлік инженерлерін дайындайтын институттың құрылыс бөліміне оқуға түсті. Адамда ең бірінші мақсат болу керек, ал міндет пен парыз сол мақсатты орындау барысында туындайды. Бұл жерде мәселе азаматтың болмысына, тегі мен алған тәрбиесіне, ықылас-пейіліне де байланысты. Ақыл-парасат, жігер-күші де, ізденіс те керек. Аға-ұрпақтың бойындағы тағы бір қасиет жоғары білім алуға ұмтылу. Анығы­рақ айтайын, диплом алуға, қызметке емес, шын мәніндегі маман болғысы келді. Жоғарғы оқу орнын бітірген соң туған жері Тереңөзекке оралып, ПМК-1608-ге құрылыс шебері болып жұмысқа орналасты. Бұл кезде кент орталығында құрылыс жұмыстары қарқын алып келе жатқан болатын.

– Алғашқы еңбек жолының да куәсімін. Ол құрылыс шебері болып бастағанда мен ПМК-да ПТО бастығы едім. Хасен бізге 1974 жылдың желтоқсан айында келді дейді, – «Құрметті құрылысшы», зейнеткер, кент тұрғыны Төлеу Сүлейменов.

Сол кезеңде А.Әлиакбаров көше­сін­дегі екі қабатты тұрғын үй салынып жатқан. Сонда еңбек етті. Сондай-ақ аудандық мәдениет үйін, қазіргі әуез мектебінің ғимаратын, бұрынғы универмагты және басқа да жаңа құрылыстарды салуға атсалысты.

Хасен Мұратбеков 1976 жылдың 1 сәуірінен бастап ПМК-1608 мекемесінің ПТО бастығы болып тағайындалған. Яғни, өндірістік-техникалық бөлімінің жетекшісі. Бұл дегеніміз жылжымалы мехколоннаның «жүрегі» болып саналады. Өйткені жаңадан салынатын, пайдалануға берілетін құрылыстардың барлығы осы бөлім арқылы құжаттандырылатын еді.

– Хасекең аудандағы сауатты құры­лыс инженерлерінің бірі ғана емес, бірегейі еді. Сол өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының орта шенінде мен ПМК-15-те құрылыс шебері, ол кісі ПМК-1608-де қатар жұмыс істедік. Тәжірибе алмасып тұрдық. Сол кезде Хасен аға еңбек ететін. ПМК-1608 аудан орталығында көптеген жаңа құрылыстар салды. Сол ғимараттар күні бүгінге дейін Тереңөзектің көркіне көрік қосып тұр, – дейді құрылыс және спорт саласының ардагері Мектепхан Елеусінов.

Білікті құрылыс инженері Хасен Мұратбеков тоғыз жыл ПТО бастығы болып еңбек қызмет еткеннен кейін бас инженерлікке көтерілді. Аудандағы бүкіл құрылысқа басшылық жасады. Кейін аталмыш мехколонаға бастық болды.

– Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғы мен тоқсаныншы жылдарының басында еліміздегі іргелі өзгерістермен қатар құрылыс саласында көптеген реформалар жүрді. Осындай қиын да күрделі кезеңде Хасен ағамыз ПМК басқарып, ауданда құрылыс жұмыстарының тұра­ламауына үлкен үлес қосты. Еліміз нарық қатынастарына көшкен қиын кезеңде аудандық аурухана ғимараты Х.Мұратбековтің басшылығымен жә­­­не бүкіл облыстың қолдауымен пай­да­лану­­ға берілді, – дейді кәнігі құрылысшы, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Болат Жұмабаев.

Шынында да қоғам өзгеріп, заман ауысқан сол өтпелі кезеңде ел қиналды. Міне, осындай уақыттарда халықтың алдына шығатын, көптің қамы үшін жұмыс жасайтын азаматтар болады. Бұл жерде өрелілік, заманның лебін түсіне білу керек. Сол кезеңде партияның саясатымен жүрген ортаңқол басшылардың көбі сол сая­сат тоқырап қалғанда не істерін білмеді. Ал Хасен сияқты мықтылар ғана алған бетінен қайтпады, ел үшін жасап жатқан жұмыстарын жалғастыра берді. Бұл оңай емес еді. Одан одақ тараған кезде барлық байланыс үзілді, оны айтасыз-ау, құрылыс материалдарын шығаратын жергілікті зауыттардың өзі жұмысын тоқтатты. Қаржы болса жоқ. Осы кезеңде бартерлік ауыстыруды, басқа да экономикалық қатынастарды пайдаланып, сырттан құрылыс материалдарын алдырды.

Хасен Ыбрайұлы кезінде кәсіп­керлікпен де айналысты. Ол уақытта кәсіпкер деген бір жерден арзан бағаға алып, қымбатына сататын. Бұл жанұя асырау еді, арасында байып кеткендер де болды. Ағамыз ол жолмен жүрген жоқ. Жергілікті жердегі мүмкіндіктерді саралай келіп, көкөніс ектірді. Аудан халқын Сырдың жазғы байлығымен қамтамасыз етті. Арасында сыртқа да шығарды-ау деймін.

Бұл жерде ең басты нәрсе – іскерлік, ол үнемі ізденуден туындайды. Дайын тұрған ешнәрсе жоқ, бәрін басынан бастауға, жаңадан жасауға тура келді. Оның іскерлігін бағалаған аудан басшылығы ең бір қиын сала аудан орталығындағы коммуналдық шаруашылық мекемесіне басшы етіп тағайындады. Өзі ең қиын салаға ең мықты адамдар жіберіледі, ол кісілердің жанқиярлық еңбегі кезінде бағалана берілмеуі де мүмкін, бірақ ел бәрін де біледі. Ешнәрсе де ұмытылмайды, Хасен Ыбырайұлы «комхоз» деп аталатын осы сан-салалы мекемені аяғынан тұрғызуға бар күш-жігерін жұмсады. Хасен Ыбырайұлының құрылыс саласындағы көп жылғы еңбегі лайықты бағаланып, 2012 жылы Қазақстан Республикасының «Құрметті құрылысшысы» төсбелгісімен марапатталды.

«Есті адамдардың мынадай үш үлкен қасиеті болады: біріншіден жұртқа берген ақыл-кеңесін өзі орындайтын болады, екіншіден еш уақытта әділдікке қарсы шықпайды, үшіншіден төңірегіндегі жандардың қателіктеріне кешірімшіл келеді» деген екен орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой. Сол айтқандай марқұм Хасен ағамыз есті де парасатты жан еді. Көзі тірі болғанда биылғы құрылысшылар мерекесінде сексен жасын тойлап жатар едік.

Шаһарбек Нұрсейіт,
журналистика саласының ардагері
13 тамыз 2024 ж. 325 0