Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел
Рухани құндылықтар адамның әрбір ісімен жанасып жатады. Ұлттың боямасыз болмысы – жекелеген адамдардың іс-әрекетінен көрінеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұлттық кодымызды қалыптастыруда ел болып қызмет ету керектігін айтты. Ендеше, адам бойындағы рухани құндылықтар тұрғысында аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Омаровпен пруст сауалнамасын жүргізген едік.
– Адамның басты қасиеті не деп ойлайсыз?
– Адамның басты қасиеті не деп ойлайсыз?
– «Адамға ең қиыны – күн сайын адам болып өмір сүру» екені мәлім. Бұл сөз жазушы Шыңғыс Айтматовтың аманаты бойынша көк тасқа қашалып жазылып, басына қойылған екен. Адамға өз ұлтының салт-дәстүрін қадірлеу, сақтау, дамыту басты парыз саналады.
– Ер азаматтың басты қасиеті ше?
Ер азамат отбасына, ағайын-туысына, бауырларына барынша қамқор болу керек. Өмірдегі өз орнын білу арқылы өзін көпшілікке қадірлі етеді. Кезінде бір ағамыз кәсіпкерлікпен айналысып, ағайын-туысқаннан қол үзіп қалыпты. Кейін белгілі зиялы қауым өкілімен құда-жекжат болғанда ол кісі қызмет етіп жүрген кісілерді, әріптестерді емес, өз ағайындарын таныстыруды сұрапты. Сол кезде әлгі ағамыз жерге қараған екен. Ағайынын қадірлеген адам елін де, жерін де қорғайды деп ойлаймын.
– Бақыт деген ұғымды қалай түсінесіз?
– Бақыт деген өмір жолының әр кезеңінде Алла Тағала ризашылығынан туындайтын ерекше сезім деп ойлаймын. Осы жасыма дейін ағайын-туыс, бауырлардың, отбасымның ортасында немерелердің қызықшылығын көріп, ерекше бақытқа кенеліп келемін. Ұлы орыс жазушысы Л.Н.Толстой өмірінің соңында «Бақытты адам – өз отбасында бақытты болған адам» деген екен.
– Сүйікті әдеби кейіпкеріңіз кім?
– Менің әдеби кейіпкерім – жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романындағы Барақ сұлтан. Құнанбайды итжеккенге айдап бара жатқанда, қалың мал беріп, жарты жолда тұтқыннан Барақ алып қалған екен. Қазақ халқы ешқашан бір-бірін сөзге қиса да, өлімге қимайды. Сол шақта Барақ сұлтан Құнанбайға қарап: «Бақ деген аумалы-төкпелі, өлсең де аяғың үзеңгіден кетпесін» деген екен.
– Ең басты кемшілігіңіз?
– Көңілшектік. Көңілім түсіп, жабырқау болатын сәттерім көп.
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Бау-бақша егу, үйдің тірлігіне көңіл бөлемін. Төрт-түлік, құс бағуды жаным қалайды. Балық пен аң аулау ең сүйікті ісіме балаймын.
– Өмірге екінші рет келсеңіз, кім болуды қалар едіңіз?
– Бақ-дәулетті, саяхаттанушы адам болуды қалар едім.
– Қандай ерекше қабілетке ие болғыңыз келеді?
– Аты жаман дерттің емін тапқым келеді.
– Қандай елде өмір сүргіңіз келеді?
– Халқы бай, заң бәріне бірдей, салт-дәстүрді, өз ұлтын қадірлейтін, өзге мемлекет тамсана қарайтын қазақ елінде өмір сүргім келеді.
– Көзіңізге жиі жас аласыз ба?
– Көңілшек адамның бойында ондай қасиет жиі кездеседі.
– «Ғайыпқа сену» дегенді қалай түсінесіз?
– Алланың құдіретіне, шеберлігіне таңқаламын. Теледидардан жануарлар әлемі бағдарламасын үзбей көремін. Антарктидада бір құс бар екен 50-70 градус суықта балапан басып шығаратын, ұрпағын аяқтандырып, өзі өліп кетеді екен. Қандай ғажап?! Дүниені Алла Тағала шебер жасаған ғой. Оның құдіретіне шексіз сену.
– Егер өнертапқыш болсаңыз, нені ойлап табар едіңіз?
– Барлық адамның денсаулығын бақылайтын, түрлі дертке шалдығуға жол бермейтін құрылғы ойлап табар едім.
– Қандай сәттерде осалдық танытасыз?
– Біреуді ренжітіп алудан қорқамын. Кейбір сөзім мен оғаш ісім «жақындарыма тиіп кете ме» деп бар ойымды іште сақтаймын.
– Не нәрседен жиіркенесіз?
– Қолында билігі бар халықтың қаражатын жеуден таймайтын, ел байлығын оңды-солды шет елге асырып жатқан келешек ұрпағымыздың тағдырын ойламайтын адамдардан жиіркенемін. Бұл өмір жалған екенін сезбейтін, өлмейтін адамдай жүретін пенделерден жиіркенемін.
– Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?
– «Үндемесем өзім, өзіме төремін, Үндесем, сөзім өзіме төре» деген сөзді жиі айтамын.
– Үнемі есіңізде жүретін Абайдың бір сөзі?
– «Дүние – үлкен көл,
Заман соққан жел,
Алдыңғы толқын ағалар,
Артқы толқын інілер.
Кезекпенен еленер.
Баяғыдай көрінер» – деген хәкім Абай.
– Біздің заманымыздың мықты ақыны кім? Мықты жазушысы ше?
– Меніңше, мықты ақын – Мұхтар Шаханов. Ақын ағамыздың қадірін біз біле алмай жүрміз. Мұқаңмен өмірде 4-5 рет кездестім. Соңғы рет Қалжан ахун ауылында сайлау кезінде жолыққан едік. Демалыс күні болатын. Барлық ауыл тұрғыны шарушылықтың бас инженері Нұрым Тәжібаевтың үйінде сүндет тойда еді. Әлі есімде қаладан келген үлкен бір әжеміз Мұхтар Шаханов осы ауылға келгенде «барлығың алдыма түсіңдер» деп бүкіл тойдағы адамды кездесуге апарған. Кездесу керемет болды. Одан кейін болған оқиғаны айтып беріп, сол үйге тойға шақырдым. Ағамыз бірден келісіп, тойға барып, мұсылман болған балаға көрімдігін, батасын берді. Ол бала қазір ер жетті. Сол кезде байқағаным, ел қашанда ақынын төбеге көтеріп сыйлайды. Мықты жазушы Д.Исабеков деп ойлаймын.
– Сырдария ауданы сізге несімен қымбат?
– Сырдария – туған жерім, өсіп-өнген, балалық шағымның куәсі болған мекен. Осы жерде оқыдым, екі шаруашылыққа бас инженер гидротехник ретінде қызмет еттім. 14 жыл екі ауылдың әкімі ретінде абыройға кенелдім. 10 жыл аудандық «Nur Otan» партиясының филиалында бірінші орынбасар болып қызмет атқардым. Бар өмірім, еңбегім осы туған жеріммен, Сырдария ауданымен тығыз байланысты.
Сауалнаманы жүргізген Балтабай ОРДАБЕКОВ