Өнерлінің өрісін кеңейткен
Ауыл мәдениеті өнерімен келбетті, келісті. Еліміздің, оның ішінде ауылдың мәдени-рухани өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген талантты өнерпаздар үйірмеден қанат қағатыны мәлім. Өз кезегінде Іңкәрдария ауылдық клуб үйі жанынан ашылған «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының «Көркем оқу» үйірмесінде ауыл балалары халық ақын-жазушыларының шығармаларын нақышына келтіріп орындауға бейімделеді. Үйірме жетекшісі – Айгерім Жұмабекова.
Бірнеше жылдан бері жергілікті халықтың баласын өнерге баулуға ықпал жасаған «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының өрендері көптеген белесті бағындырып келеді. Қызылқұм топырағынан түлеп ұшқан әрбір шәкірт өнер мен білімде өздерін қатар шыңдауда. Расында, бала қабілетін ашуда сан түрлі әдіс-тәсілге иек артатын сала мамандары қазақ халқының тағылымды сөздерін оларға жаттатуға тырысады.
– Іңкәрдария ауылдық клуб үйінің жанынан құрылған «Көркем оқу» үйірмесіне үлкен және кіші топтан құралған барлығы 20 оқушы қатысады. Көркем оқу үйірмесі аптасына екі мәрте өткізіледі. Жалпы үйірменің басты мақсаты оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу, шығармашылығын шыңдау, поэзияға, әдебиетке, өнерге жақын оқушыларды көркемсөз оқу шеберлігіне, мәнерлеп оқытуға үйрету, қызығушылығын арттыру болып табылады. Бүгінде үйірме аясында танымал ақындардың шығармашылығына байланысты кездесулер, еске алу және шығармашылық кештер, концерттер, түрлі байқаулар ұйымдастырылып отырады. Жетекші ретінде үйірмеге қатысатын әр оқушы өзінің өнерін көрсетіп, үнемі белсенділік танытуын басты назарда ұстаймын. Бүгінгі таңда үйірмеге қатысатын шәкірттерімнің жеткен жетістіктері де аз емес. Ауыз толтырып айтатындай біршама жетістіктері мен марапаттары бар. Атап айтқанда, Алматы қаласында ұйымдастырылған «Балбұлақ» атты халықаралық балалар байқауына шәкіртім Асылым Сұлтанова қатысып, «көркем сөз» номинациясы бойынша бірінші орынды иеленген болатын. Сонымен қатар Алматы қаласында өткізілген «Жеті өнер» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен «Наурыз айы туғанда» атты халықаралық өнер байқауына шәкірттерім «көркем сөз» номинациясы бойынша қатысып Нұрай Мұратбек, Зейнеп Нұрланқызы, Асылым Сұлтанова, Ақбота Ермаханова, Халиалла Жумабеков бас жүлде иеленсе, Кәусар Мұратбек, Аяулым Алпысбай, Мәншүк Бисенбай, Ақнұр Бишенбекова бірінші орынды қанжығаларына байлап, іргелі ауылымыздың мәртебесін биіктеткен болатын, – дейді Айгерім Жұмабекова.
Бала күнінен шығармашылыққа, өнерге жақын Айгерім Жұмабекова сөздің, тілдің тазалығына өте қатты мән береді. Түрлі жанрдағы кітапты көп оқитын ол шығарма жазуға бейім. Білікті маманның әріптестерінің айтуынша Айгерім өте еңбекқор, ізденімпаз, жұмыс талғамайтын көрінеді. Өз ісінің білікті маманы әдіскерлік жұмысымен қатар көркем оқу және би үйірмесі жұмыстарын қатар алып жүреді. Шәкірттері түрлі сайыс пен байқауларға үнемі белсене қатысып келеді. Мәселен, биылғы жылдың 24 маусым күні Шымкент қаласында өткен байқауда көркем оқу үйірмесінің белсенді мүшесі Ақбота Ермаханова көрнекті ақын Мұқағали Мақатаевтың «Мен сені сағынғанда» өлеңін оқып, бірінші орынды иеленіп Түркия еліне халықаралық байқауға жолдама алды. Сонымен қатар Шымкент қаласында сәуір айында өткен республикалық байқауға Жанерке Нұрланқызы жеке би жанры бойынша қатысып, бірінші орынды қанжығасына байлап қана қоймай, Ташкент қаласына жолдама ұтып алды. Шәкірттерінің жеткен әр жетістігі Айгерімнің еңбегінің жемісі, нәтижесі екені сөзсіз.
– «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығы тарапынан өнерпаздарға қолдау көрсетіліп тұрады. Өскелең ұрпақты өнерге барынша баулу маңыздылығын жоймайды. Шын мәнінде, «Көркем оқу» үйірмесі баланы қазақылыққа, төл мәдениетін сақтауға, ой-өрісін дамытуға зор мүмкіндік туғызады. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде киелі сахнада оқушыларым тарихи, әдеби шығармаларды нақышына келтіріп орындауда. Қашанда бала сауатын аша отырып, табиғатына сай келетін шығарма таңдауға тырысамын. Мұндайда кәсіби біліктілікті шыңдай отырып, әрбір сабаққа дайындықпен келемін. Ең алдымен, бала өзінің мәнерлеп оқитын шығармасының шығу тарихына тереңнен қаныққаны дұрыс. Бұның барлығы – үйірме сабақтары барысында бала санасына сіңіріледі. Біз баламен жұмыс жасау арқылы өнерден өзіндік орнын табуға жағдай жасаймыз, – дейді Айгерім Жұмабекова.
Көркем оқу үйірмесіне қатысып, жақсы жетістіктерге жетіп жүрген балалар алдағы уақытта ауданның өнер, мәдениет, білім саласын дамытуға үлес қосады деп сенеміз. Өнерлінің өрісін кеңейткен сала мамандарының жұмысына сәттілік тілейміз.
А.ЖҮНІСОВА