Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақын ауылындағы ерекше кеш

Ақын ауылындағы ерекше кеш

Ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов ауылында мерекелік кеш өткізілді. Берекесі тасыған ауылда «Балалар жылы» ресми түрде ашылды. Ауылдық клуб ұжымы «Бақытты бала – бақытты болашақ» тақырыбында айтулы жылға арналған мерекелік концерт ұйымдастырды. Мерекелік кешке аудандық мәслихат депутаты, «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының жетекшісі Анар Қалдыбаева, ең­бек ардагерлері, ауыл тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Кеш барысында ауыл өнерпаздары ән айтып, би би­леді. Домбырамен күй шертті. Осылайша келешек жарық жұлдыздар көпшілік көңілінен шықты. Бұл ретте, «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының өнерпаздары да жергілікті халықтың ыстық ықыласына бөленді. Өз ке­зегінде аудандық мәслихат депутаты, «Сұлу-ай» шығар­машылық өнер орталығының жетекшісі А.Қалдыбаева сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын «Балалар жылының» ашылуымен құттықтады.

– Баршаңызды айтулы жылдың ашылуымен құттық­таймын! Ата-баба өнері – балаға мұра. Біз өнерлі жас таланттардың ауыл топырағынан түлеп ұшатындығын жақсы білеміз. Сондықтан балалармен жан-жақты жұмыс жасауды жолға қойып келеміз. Осыған дейін ауылдық клубтан талай шәкірт тәрбиеленіп шыққаны белгілі. Бүгінде «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығы Асқар Тоқмағамбетов ауылынан 4 үйірме ашқан болатын. Атап айтқанда, «Ұлттық би», «Эстрадалық вокал», «Домбыра», «Сурет салу» үйірмесі бойынша дарындылар өнер биігіне самғайтын болады. Алдағы уақытта үйірмелерге арналған бөлмелерді материалдық базамен жасақтайтын боламыз. Біздің оқушыларымыз биік белестерді бағындырады деп сенемін, – деді өнер орталығының жетекшісі.

Мерекелік кеш соңында үйірме жетекшілері Әсел Ибрае­ва, Гүлназ Сералиева, Әнел Сансызбаева, Нұрсұлу Ажарова арнайы «Алғыспен» марапатталды. Сонымен бір­ге балаларға сыйлық берілді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 

01 наурыз 2022 ж. 494 0