Қауіпсіз тағам адам өмірін ұзартады
Осы күні көпшілік тұтынатын өнім түрі жеткілікті. Сондықтан күнделікті тағамның құнары мен сапасына аса мән берген абзал. Жаз мезгілінде жеміс-жидек пен көкөністен, мерзімі өткен тағамнан улану жағдайы жиі кездеседі. Дегенмен пайдасы мол қауын-қарбыз бен жеміс-жидекті аса ұқыптылықпен тұтынған тиімді.
Әрине, денсаулыққа орасан зор зиян келтіретін сапасыз дайындалған тағамнан бас тартқан дұрыс. Жергілікті халық дәл қазіргі сәтте қауын-қарбыз бен тез дайындалатын тағамды тұтынатыны жасырын емес. Бұл ретте, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандары жеміс-жидек пен көкөніске қосылатын көп мөлшердегі нитраттан және тамақтан уланудың алдын алу мақсатында көпшілікке түсіндірме жұмысын жүргізді.
Бүгінде жергілікті халықтың өнімнен улануының алдын алу үшін «Қауіпсіз тағам таңда» акциясы жүзеге асуда. Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы Жанар Бисенбай мен Бақыт Рымова аудан орталығында орналасқан бірнеше сауда орнына барып, көтерілген мәселеге байланысты өзекті ақпаратпен бөлісті.
Осы орайда жетекші маман Жанар Бисенбай адам денсаулығына нитраттың зияндығын егжей-тегжей айтып берді.
– Қазіргі уақытта бақша өнімдері арасындағы қауын мен қарбыздан улану жағдайлары жиі кездеседі. Қарбызды саудагерлер маусым айынан бастап сататыны мәлім. Бірақ тұрғындар бұл кездегі қарбыздың қауіпті екендігіне назар аудармай жатады. Себебі ерте піскен қарбыз құрамында нитрат мөлшері шамадан тыс көп болады. Мамандардың айтуынша, ең жылдам пісетін қарбыз сұрыпы шілде айының соңында жеуге жарамды. Сондықтан қарбыз жеудің қолайлы уақыты – шілде айының соңы мен тамыз айы екенін ескерген абзал. Айта кетейік, нитратсыз қауын-қарбыздың өсуі қиын. Демек, егінмен айналысатын шаруа біткен мұндай қоспаны пайдалануға мәжбүр. Өнімге мөлшерден тыс тыңайтқыш қосылады. Оның бірі азот қышқылының тұзы – нитрат. Бұл қоспа балаға, егде жастағы жандар мен жүкті әйелге өте қауіпті. Сондай-ақ нитрат аллергияға себеп болып, қалқанша безі, зат алмасу және орталық жүйке жүйесін зақымдайды. Ал оның шектен тыс мөлшері улануға, кей жағдайда адам өліміне әкеліп соқтырады, – дейді сала маманы.
Расында, маусым айынан бері көше аралап немесе сауда орнында қауын-қарбыз көптеп шығатыны жасырын емес. Уақытынан ерте қауын-қарбыз бен көкөністі тұтынатын көпшілік аурухана есігін тоздырумен болады. Есепті мерзімде Сырдария аудандық ауруханасының СӨСҚ мейірбикесі Лилия Ауминова мен жастар денсаулығы орталығының психологы Айнұр Төлепова көпшілік орында «Ұтымды және сапалы тамақтану» тақырыбында семинарды ұдайы ұйымдастыруда.
– Барлық адамда жаңадан бір дүние шыққан жағдайда қызығушылық басым болады. Көпшілік кез келген тағамды қолданар алдында өз денсаулығына келтірер залалды алғашқы сәттен ойлауы керек. Біз аудан тұрғындарына жіті ішек инфекциясына шалдықпау жолын барынша айтып келеміз. Дегенмен, көпшілік арасында немқұрайлылық танытып, нитраты көп қауын-қарбыз пайдаланатын жандар аз емес. Жаз мезгілінде уақытында піскен қауын-қарбызды жеген пайдалы. Дәруменге толы өнімді қолданған жақсы, – дейді Лилия Ауминова.
Балтабай ОРДАБЕКОВ