Мереке күндері тамақтан уланып қалмау үшін не істеу керек
Мереке күндері әрбір үйде мерекелік үстелдер жайылады. Көптеген отбасыларда мерекелік үстелдерде тағамның түр-түрі және мол етіп дайындалады. Сондықтан, мерекелік күндері денсаулығыңызға қауіп төндірмеу үшін алдын ала барлық қауіп факторларын анықтап, одан сақтануға кеңес береміз. Осындай қауіп факторларының бірі – тағамнан улану.
Егер, тағам өнімдері сатып алғанда сапасыз болса немесе тағам алдын ала дайындалған болса, әсіресе мерекеден кейінгі үстелден қалған тағамдар желінген жағдайда улану қауіпі туындайды.
Тамақтан улану қауіпін болдырмау және қауіп дәрежесін азайту үшін келесідей тағамнан уланудың алдын алуға бағытталған қарапайым, бірақ тиімді ережелерді сақтауды ұсынамыз:
Тағам сатып аларда қаптаманың тұтастығына, өндіру мерзіміне, жарамдылық және сақтау мерзіміне көңіл бөліңіз;
Қаптамада көрсетілген өндіруші ұсынған мерзімге дейін сақтаңыз;
Тағамды тек жаңа өнімдерден дайындаңыз;
Тағам дайындау барысында жеке бас гигиенасын сақтаңыз;
Шикі және дайын өнімді өңдеу үшін әр түрлі пышақ, кесу тақтайшаларын пайдаланыңыз;
Салатқа арналған көкөністерді кешкісін дайындап, салқындатып, тоңазытқышта сақтаңыз және мереке басталуына 2 сағат қалғанда турап, ұсынар алдында араластырыңыз;
Кондитерлік өнімдерді, кремді торттарды тоңазытқышта сақтаңыз;
Мерекеден кейін тез бұзылатын тағам қалдықтарын тастап және жаңадан дайындаңыз;
Жеміс-жидектерді мұқият жуыңыз;
Көшелерде және базарда, үйде дайындалған консервілерді, сондай-ақ үйде дайындалған ет және балық өнімдерін сатып алмаңыз. Сапасыз консервіленген тағамдарда CI.botulinum микроорганизмі өсіп, жетіледі. Бұл токсиндер ағзаға енген жағдайда дені сау ағзада ауыр «Ботулизм» ауруы туындап, асқынуынан өлімге әкелуі мүмкін. Консерві қақпағы сәл көтерілуі байқалса немесе өнімнің сапасына қандайда бір күдік туындаса өнімді қолданудан бас тартыңыз.
Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы