Тағамнан уланудың алдын-алу
Тағамнан улану ауруы – тағам арқылы берілетін түрлі этиологиялы аурулар тобы болып табылады. Ол әртүрлі микроағзалар түрімен жаппай ластанған тағамды жегенде немесе құрамында улы бактериалды заттары бар тағамдарды тұтынған жағдайда пайда болады. Жаз мезгілінде, яғни, ауа райының ыстық кезеңінде микроағзалар, соның ішінде ауру тудырушы бактериялар үшін қолайлы жағдай туындап, тағамнан улану қаупі арта түседі. Себебі, бұл уақытта микроағзалар жылдам көбейеді де, тағамдардың дайындалуы, сақталуы мен тасымалдануына қойылатын санитарлық талаптардың біреуінің дұрыс орындалмауы тікелей тағамнан улануға алып келеді.
Тамақтан уланудың белгілері: жүрек айну, құсу, іштің ауыруы, бастың ауыруы кейде дене қызуының көтерілуі сапасыз өнімдерді қолданғаннан кейінгі бірнеше сағаттан соң пайда болады.
Жылдың жаз мезгілдерінде өткізілетін шаралардың (тойлар) немесе өзге де шаралардың көбеюін ескере отырып, аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы аудан тұрғындарының арасында тағамнан уланудың алдын-алу мақсатында төмендегідей ұсыныстарды назарларыңызға жеткізеді;
– азық-түлік өнімдерін дайындау, сақтау, тасымалдау және сату жағдайлары бойынша санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау керек.
– тамақтан уланудың қауіптілігін салаттар, сүт, ет, балық өнімдері, торттар мен пирожныйлар сияқты тез бұзылатын тамақ өнімдерінің түрлері төндіреді, сондықтан оларды +2 +6 С температурада сақтау керек және оларды белгіленген мерзімге дейін пайдалану қажет.
– сүт өнімдерін рұқсатсыз сауда орындарындағы белгісіз тұлғалардан алмау керек.
– шикі сүтті пайдаланар алдында міндетті түрде қайнату керек.
– тез бұзылатын тағамдарды тек қана тоңазытқышта сақтау;
– ас мәзірін құрған кезде аса тез бұзылатын тағамдарды, соның ішінде кремді-кондитерлік өнімдер мен құрамында бірнеше тағамдар бар, майонез қосылған күрделі салаттардың болмауын қарастыру;
– салтанатты шараларды қоғамдық тамақтану орындарында өткізген жағдайда тамақтану залындағы температуралық режимді қатаң сақтау (салқындатқыштардың жұмыс жасап тұруын қадағалау);
– салқын тағамдар мен салаттар 1,5 сағатқа ғана сақталу керек, сондықтан да шараның уақытылы басталуын қамтамасыз ету;
– мейрамхана, дәмханаларға келген кезде тағам қабылдамастан бұрын қолды жууды ұмытпау қажет.
Ас – адамның арқауы. Өмір сүру үшін тамақ жейміз, ас ішу арқылы өзімізге керекті дәрумен, ақуыз секілді органикалық заттарды тұтынамыз. Бірақ та тағамдарымызды пайдаланбас бұрын оның сапасына, құрамына, пайдалану мерзіміне қарап, сақтанған жағдайда ғана, көптеген аурулардан қашық боламыз.
Салауатты өмір салтын сақтап жүрейік! Тағамнан уланудың алдын алу шараларын қатаң сақтап, ауырмаудың жолын іздеу өз қолдарыңызда екенін ұмытпаңыздар!
Ж.Бисенбай,
Сырдария аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекші маманы