Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сапалы өнімді таңдай білейік

Сапалы өнімді таңдай білейік

Жаз маусымында бақша өнімдері көптеп сатылымға шығады. Қазіргі таңда өзге өңірлерден тасымалданатын өнімдердің сапасына мән берген дұрыс. Күн ыстықта жайма базарлардың маңайындағы көкөніс, жеміс-жидек, қауын-қарбызға тұтынушылардан сұраныс жоғары. Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқарма­ның мамандары күнделікті бақша өнімдеріне талдау жасап, адам ағзасына келтіретін зиянды теріс әсерлерін бақылауда.

Күн сайын жергілікті жиі тұтынатын өнімдердің сапасы төмендеп кетуі бек мүмкін. Аптап ыстықтың салдарынан тұтынатын тауар адам ағзасына кері әсерін тигізеді. Ерте көктемде егілетін қауын-қарбыз, көкөністің құрамында нитрадтардың көп мөлшерде болуы қауіпті. Бұл ретте, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық басқармасы мен Ұлтық сараптама орталығының Қызылорда облысы филиалының аудандық бөлімшесі «Қауіпсіз тағам таңда» атты акциясын өткізуде. Акция барысында сала мамандары нитрадтың мөлшерін анықтап, кәсіп иелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, картоп 250, пияз 80, сәбіз 250, баклажан 300, қырыққабат 900, қауын 90, қарбыз, шабдалы, алма, алмұрт 60, болгарь бұрышы мен банан 200, қызынақ 300, қияр мен асқабақ 400, қызылша 1400 мөлшерде нитрад болғаны абзал.

Жоғарыда көрсетілген мөлшерден нит­рад асып кеткен жағдайда адам жұқпалы инфекциялық іш ауруына шалдығады. Мау­сым-шілде айларында арнайы құрылғы­ның көмегімен 30 сынама алынып, 1 заңбұзушылық анықталған. Қауіпті ішек инфекциясын тежеу үшін ең алдымен сапалы бақша өнімдерін тұтынған дұрыс. Сапалы өнімді тұтынбаған жағдайда аурушаңдық белгілері анықталып, ағзаның зақымдалуына әкеліп соқтырады. Сауда-саттық барысында басқа өңірлерден келетін өнімдердің құрамына зер салып, сапасы мен зияндылығын тауар иесі анықтап отыруы керек.

– Жыл сайын Ұлтық сараптама орталы­ғының Қызылорда облысы филиалы­ның аудандық бөлімшесінің мамандарымен бірле­сіп, «Қауіпсіз тағам таңда» атты акция ұйымдастырылады. Біз үшін тұтынушы көп тұтынатын тағамның құрамын анықтау маңыз­ды. Әркімнің талғамына таласымыз жоқ. Дегенмен, өнімнің сапасына мән беру қажет. Әр затты жарамдылығын анықтағаннан кейін пайдаланған дұрыс. Жаз маусымы – іш ауру­ларының белгілері жиі анықталатын кезең. Жеміс-жидек, көкөніс, қауын-қарбыз алған мезетте сатушыдан барлық тауарға қатыс­ты мәліметті сұрап алған жөн, – дейді аудан­дық санитариялық-эпидемиологиялық басқар­­ма­сы­ның жетекші маманы Жанар Бисенбай.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
17 шілде 2021 ж. 600 0