Текті сөздің мәйегін терген
Өнер мен отбасын, шаруашылық пен қара жұмысты қатар алып жүрген нәзік жандарды «батыр» деп қалай атамассың?! «Әйелдің қырық жаны бар» деген тіркес, сірә осындай азаматшаларға айтылса керек. «Бір қолымен бесік, бір қолымен әлемді тербетеді» дейтін қолданыс та біздің бүгінгі кейіпкерімізге арналған секілді. Өзі ұстаз, өзі термеші, өзі көпбалалы ана және ерлермен иық тіресе еңбек даласының көркін қыздырып әрі жұмысшыларды дәмді аспен қамтамасыз етіп жүрген аспаз. Бұның бәрі біздің бүгінгі кейіпкеріміз Гүлнұр Сарыбаеваның бірнеше қыры ғана.
Гүлнұр жыр айтқанда жан дүниені шымырлатып қана қоймай, термелері ойыңа небір ізгі ойды үйіреді. Қармақшы ауданының Тұрмағамбет дейтін ауылында дүние есігін ашқан оның домбыра көрсе делебесі қозып, қолға алып бір шертпей жаны байыз таппайды. Себебі қанмен бойына тараған қасиет шабыт арқылы шыңға шығып, иесін ұдайы биікке жетелеп отырады. Қармақшы ауданы жалпылай айтқанда жыршы-термешілердің көптеп шыққан мекені десек, кейіпкеріміздің балалық балдәурені, қыз-бозбала шағы сол өлкеде өткен. Ал атақты Тұрмағамбет ақынның ауылында тұрып, аудармашы-ақынның жырын жатқа білмеу сын болса керек.
Гүлнұр Тұрғанбекқызының Ақжарма ауылына табан тіреп, келін болғанына да отыз жылға жуық уақыт болған. Бүгінде кейінгіге үлгі-өнеге болып, білгенімен бөлісетін орта буын жасқа абыроймен жеткен кейіпкеріміздің бір бойында небір жақсы қасиеттер тоғысқан. Ол – термеші, ол – күрішші, ол – аспаз және ардақты жар, аяулы ана.
Гүлнұр мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінен бастап термешілер үйірмесіне қатысқан. Содан бойындағы қасиетті одан әрі дамытып, кәсіби тұрғыда шыңдай түскен.
– Негізінен домбыра тартуды әкемнен үйрендім. Әкем күй шертіп, терме айтатын, өнерге жақын кісі еді. Түрлі іс-шараларға қатысып, домбырасын арқалап кететіні әлі күнге көз алдымда. Ата-анаға қарап бала бой түзейтіні хақ. Әкеме қарап, домбыра ұстап өстік. Кейін мектепте арнайы үйірмеге қатысып, сахналарда терме орындай бастадым. Ал Ақжармаға келгеннен кейін өнер әлеміндегі екінші тынысым ашылды десем болады. Өзімнің балаларымның мектептегі ата-аналар жиналысында яки сайысында терме айтып, ұстаздар мен ата-аналар өнерімді жоғары бағалады. Содан кейін ұсыныс түсіп, Ақжарма ауылдық мәдениет үйінде арнайы үйірме ашып, дала қосындағы жұмыстан бос уақытта бала тәрбиелеумен айналысамын, – дейді өнерлі келіншек.
Гүлнұр Сарыбаева сонымен қатар «Ақжарма және компания» серіктестігінде ерлермен қатар еңбек етеді. Биыл 40 га жерге күріш егіп, еңбек көркін қыздыруда. Сыр салысының бітік шығып, өнім мол болуы жолында аянбай еңбек етуде. Сонымен қатар кейіпкеріміз он саусағынан бал тамған аспаз. Шаруашылықтағы жұмысшыларға мезгіл-мезгіл ыстық ас әзірлеп, көптің алғысына да бөленіп жүр. Еңбек даласын да, асханасын да әнге бөлеп, айналасына ұдайы жақсы көңіл-күй сыйлайтын жан өте қарапайым екенін кейіпкерімізбен тілдесу барысында анық аңғардық.
Ол көбіне өзінің туған ауылы аталатын Тұрмағамбет ақынның термелерін домбыраға қосады. Бүгінде алты баланы жұбайымен бірге мәпелеп, өсіріп отырған абзал ана немерелерінің тілеуқоры болған ардақты әже екенін де айта кету орынды. Балаларының алды жоғары оқу орнын тәмамдап, еңбекке араласа бастаса, кейінгілері студент және мектеп оқушысы. Өмірінің мәнін балалары мен өнерінен тапқан жанның еңбегі еленіп, домбыра күні қарсаңында аудан әкімінің арнайы алғысына ие болды. Сондай-ақ бәйгеге қосқан оқушылары жоғары марапаттарға ие болып, ұстаз мерейін үстем етіп жүр.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ