Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АСПАЗШЫ ӘСЕМКҮЛ

АСПАЗШЫ ӘСЕМКҮЛ

Әлемнің әміршісі – еңбек» деген тәмсіл бар бізде. Адал еңбек етіп, өз несібесін түрлі салада алып жүрген қарапайым жандар көп. Әсемкүл Зиятқызы – бүгінде зейнетке шыққан ардақты әже. 1995 жылдан бері «Ша­ған Жер» шаруа қожалығында аспазшы болып еңбек етіп келеді. Өмірге бес бірдей перзент алып келген анамыз былтыр зейнетке шыққан.
Бірақ еңбектенуден жаны талмайтын аспазшы апамыз қызметін басшылыққа әлі де жалғастырғысы келетінін жеткізіп, бүгіндееңбектің тай қазанын тасытып жүргендер арасында болғанын мақтаныш санайтынын, әлі де еңбектен қол үзбей келетінін айтты. Ас – адамның арқауы дегендей, аспаз болып отыз жылға тарта уақыт жұмыс істеген Әсемкүл апамыздың әзірлеген тағамдарды шаруашылықта жүрген азаматтар жоғары бағалайды. «Қарапайым күндері 30-40 адамға, ал егін науқанында күніне төрт мезгілден осыдан екі есе адамдарға ас даярлаймын», – дейді аспаз. Бұл шаруашылықта негізінен ер адамдар жұмыс істейді. Жалпы еркектер дәмді тамақты ұнататыны жасырын емес. Демек, олардың тәбетін ашатын, көңілдерінен шығатын тамақ дайындау да оңай шаруа емес. Тағам дайындау – мамандық емес, өнер. Оған ынта-ықылас пен шеберлік, жігер және талап керек. Таңғы алтыдан, қара кешке дейін егін басында отын жарып, ас әзірлеу оны тарату үшін ең алдымен еңбекқорлық керегі рас-ақ. Дәл осы қасиеттерді бір бойына сіңірген Әсемкүл апамыз қандай да болсын құрметке лайықты жан. Осы салада қызмет етіп жүрген уақытта түрлі мерекелерде басшылық тарапынан марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болған. Нағыз еңбектің адамын көріп, біз істеп жүрген жұмыстың ешқандай да ауырлығы жоқ екен ғой деген ойда қаласың.
Әсемкүл Сейтағзамова бұған дейін облыс орта­лығындағы мекемелерде еңбек еткен. Тағдыр тау­қыметімен Шаған ауылына отбасымен көшіп келген уақытта осы аспаздық қызметті бастап кетеді. Өмір оны талай сынаса да, қайсар анамыз сынбады, төтеп берді. Бүгінде қыздары ана жолын қуып аспаз болып жұмыс жасауда. Ал үлкен ұлы ішкі істер саласында еңбек етсе, кіші ұлы осыдан біраз жыл бұрын өмірден өткен екен. Тағдыр сынына сынбаған аяулы жан қазір бақытты. Себебі, ұрпағының жанында немере-шөбересінің қызығын көріп, қуаныштан жүзі бал-бұл жайнап отыр. Бұл еткен еңбегінің зейнетін көрді деген сөз емес пе?!
Қазақтың «әйел – қырық шырақты» деген сөзінің текке айтылмағанына көз жеткіздік десек те болады. Тірлік пен отбасынан бөлек, әйелдің нәзік болмысына артылған ана атауын қатар алып жүрген біздің Әсемкүл апамыз өз отының ғана емес, бүкіл бір ауылдың көзқуанышы болып жүре беруіне тілектестік білдірдік.

Майя ҚОЖАБАЙ

06 тамыз 2019 ж. 1 225 0