Ұстаз есімі кітапқа енді
Жақсылықтың, жаңалықтың жаршысы болып жүрген аудандық газет редакциясы қай кезде де елдің ішіндегі жағымды жаңалықтарға құлақ түре жүреді. Жақында сондай жағымды ақпар қолымызға тиді.
Қызылорда қаласындағы "NUR.KZ" баспа үйінен "Лидеры женщины ХХІ века және ХХІ ғасырдың көшбасшы әйелдері" атты қазақ-орыс тілінде кітабы жарық көріп, онда есімі елге белгілі 40 әйел-аналар туралы түрлі-түсті фотосуреттерімен мақала жарияланған. Қуаныштысы осы кітапқа ауданның білім саласының ардагері, ұстаз, қолөнер шебері Алтын Нұртаеваның да есімі енген.
Қалың оқырманға жол тартқан кітапта әйелдердің қоғамдағы рөлі туралы сөз қозғалып, ең алдымен олардың отбасындағы аяулы ана, асыл жар, мейірімді жаратылыс, қамқор жан екені ойға оралады. Кітаптың Алғысөзінде: "Әйел адамның еңбекқорлығы, жұмысбастылығы, білім мен білігі туралы жайт айтылады. Бүгінгі қоғамда осы отбасы мен қызмет деген екі ескекті қатар алып жүрген әйелдердің жауапкершілігі, қайсарлығы расында үлгі боларлық қасиет. Кітаптың әр парағына арқау болған жанның әр саладағы өзіндік қолтаңбасы, естелігі мен өнегесі сипатталған" деп жазылған.
Ардагер-ұстаздың өнегелі өміріне арналған 6 беттік "Ұстаздар ұясы" тақырыбындағы кең көлемді мақалада қоғам өміріне атсалысып, отбасының ұйытқысы болып отырған ананың ғұмырбаяны жазылған. Ардақты ұстаздың отбасымен, әріптестерімен түскен фотосуреттері мен Мөлдір Айтбайдың Арнауы да оқырманның назарына ұсынылған.
– Жақсы ұстаз болып, әулеттің ұйытқысы болуыма балалардың әкесі Есенгелді Смайловтың қолдауының арқасында жеттім. Марқұм азаматым қай кезде де қолдап отыратын.
"Әйел адам қырық шырақты" болады деген қазақта сөз бар. Бұл бекерден бекер айтылмаған. Себебі әйел адам жаратылысынан мықты, төзімді, қайсар болады. Әйелдің қолынан барлық нәрсе келеді. "Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін" әйел затының жаны нәзік болғанымен, оның мықтылығы мен қадір-қасиеті ерекше екенін мойындауымыз керек. Қай кезде де отбасын бірінші кезекке қойып, ошағының отын сөндірмес үшін күні-түні тыңбай жұмыс істейтін де әйел. Сондықтан мына алмағайып заманда әйел затына жүктелетін міндеттің салмағы жеңілдеген емес. Жас келіндер, жас аналар уақытын тиімді пайдаланып, бар күш жігерін еріне, жанұясына, балаларының тәрбиесіне бөлсе, келешек ардақты ана атанады. Қырық жылғы еңбегім осы кітаптағы мақалада көрініс тапты. Барша әйелдер қауымына, қыз-келіншектерге отбасыларына амандық, бақ-береке тілеймін, – дейді ардақты жан Алтын Нұртаева.
Шын мәнінде қырық жылдан астам уақыт ұстаздық етіп, шәкірттеріне білім нәрін берген ардақты ұстаз ешқашан қоғамнан алыстаған емес. Тереңөзек кентінде әйелдер кеңесін басқарып, қолы қалт еткенде ісмерлікпен айналысады. Немерелеріне сүйікті әже, өнегелі ене болып отырған ақ жаулықты ананың өмірлік тәжірибесі үлгі-өнеге.
Шығармашылық ұжымның үздіксіз жұмысының нәтижесінде сәтті шыққан кітапта жазылған мақалалар көңілге қонымды, жүрекке жұмсақ, тілге орамды жазылған.
Бибісара ЖАНӘЛІ