Әке жолын жалғаған педагог
ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» білім беруді зерттеу және бағалау ұлттық орталығы келтірген мәліметке сүйенсек, елімізде 93048 ер педагог жұмыс істейді екен. Білім ошағында ер мұғалімнің үлес салмағы басым болғаны дұрыс. Баланың тәртібіне көңіл бөліп, қаталдық танытатын кез келген азамат жұмысына ыждағатты келеді. Шыңғыс Жүсіпов – шәкіртіне саламатты өмір салтын ұстануды үндейтін ауыл мұғалімі. Әрине, кейіпкерім секілді ауыл өмірінде тегеурінді педагог көбейсе, біліммен бірге тәрбиеге құлақ асатын жастар көбейері анық.
Шыңғыс Жүсіпов осыдан 59 жыл бұрын Ақжарма ауылында дүниеге келген. Әкесі Әбдіғалым 40 жыл білім ошағында халық баласына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген. «Әке көрген оқ жонар» демекші, тәжірибелі ұстаз №130 Абай атындағы орта мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде елеулі еңбек етуде.
– Бала кезімнен әкемнің тәлімін алып, ұстаз болудың қыр-сырына барынша қанықтым. Ер бала қашанда әкеге қарап бой түзейтіні рас. Жастайымнан қазақ күресімен айналысып, облыстық, республикалық дәрежеде чемпион атанып, аудан мерейін асыра білдім. Өз салмақ дәрежемде «Түйе палуанға» ие болған едім. Өмірлік тәжірибемде спорт саласындағы жетістігім орасан зор. Белбеу күресінен І дәрежелі төреші екенімді айта кетейін. Бүгінде мектеп бағдарламасында дене шынықтыру сабағына қатысты тың өзгеріс орын алғаны рас. Баланы спортқа баулумен қатар, іс-қағаздың дұрыс болуына көз жеткіземіз. Өсіп келе жатқан ауыл баласын икемі келетін спортқа баруға үндейміз. Әрине, дене қозғалысы денсаулық мықты болуы үшін керек, – дейді Шыңғыс Әбдіғалымұлы.
Кейіпкеріміз мектеп бітіргеннен кейін 1 жыл өндірісте жұмыс жасайды. Содан кейін Отан алдыңдағы борышын өтейді. Қызылорда совхоз техникумында техник-механик мамандығын меңгеріп, бірнеше жыл ауыл шаруашылығы саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырады. Қарағанды дене тәрбиесі және спорт техникумына түскен Шыңғыс Әбдіғалымұлы сүйікті мамандығының иесі болады. Оқу бітіргеннен кейін Шаған ауылындағы спорт мектебінде қазақ күресі, дзюдо, самбо күресінен білегі мықты, жүректі спортшы дайындайды. Кейіннен білікті маман Іңкәрдария ауылындағы №191 орта мектепте спорт маманы болып, көптеген жас жеткіншекке бағыт-бағдар береді. Осыдан 21 жыл бұрын жеке кәсіппен де айналысқан ұлағатты ұстаз педагогикалық қызметтен бір сәтке алыстаған емес.
Педагог-сарапшы, буыны қатайған ауыл жастарының жол бастаушысы Шыңғыс Жүсіпов Шымкент қаласындағы университетте жоғарғы білім алады. Оның зайыбы Роза Сағындықова ер азаматы сияқты ұстаздық жолды таңдаған. Ол – ағылшын тілінің мұғалімі. Бүгінде қос педагогтың қызы Шәмшібану бастауыш сыныпта балғын балалардың сауатын ашуда. Кең пейілді, алтын жүректі азаматтың 3 ұлы жеке бизнесті жандандырып, табыс көзін еселеуде. Бала бағбаны бола білген Роза апай ер азаматының бабын табудың негізгі амалын қос келініне үйретіп отырады.
– Жалпы, білім саласында қызмет ете жүріп, асыл азаматым ауыл баласын жарыс жолына дайындайды. Мектеп лигасы жарысына қатысып, мықты спортшылары жеңіс тұғырынан көрінуде. Отбасында 8 ағайынды бір-бірімен тату болып, әкеміз салған сара жолды жалғастыруда. Біздің отасқанымызға 37 жыл толыпты. Осыған дейін білім саласында абыройлы еңбек еттік. Барлық жетістікке маңдай термен жеткен едік. Қилы кезеңнен сүрінбей өтіп, осы күні аман-есен болғанымызға бек қуаныштымыз, – дейді аяулы жары.
Шәкіртіне оң мен солды танытып, еңбек жолында көптеген марапатқа қол жеткізген ардақты ұстаздың жұмысына табыс тілейміз!
Балтабай ОРДАБЕКОВ