Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Білім биігіндегі білікті маман

Білім биігіндегі білікті маман

Ауылдағы мектептің тыныс-тіршілігін жақсы білетін ұлағатты ұстаз Шынаркүл Асылбекова ұлт болашағы үшін ұрпақ тәрбиесіне аса мән беріп келеді. Жыраулар елі Қармақшы топырағынан түлеп ұшқан аяулы жан Жетікөл ауылына келін болып түскеніне биыл 30 жылға жуықтады. Содан бері білімнің қарашаңырағынан бір сәтке қол үзген емес. Ол – ұлттың тілі мен әдебиетінің көсегесін көгертіп, шәкіртіне рухани құндылық хақында барынша тәлім беруде.

Инновациялық білім үдерісінде ағартушылық саланың озық үлгідегі көптеген реформасы баланың зейінін ашуға бағытталған. Жыл өткен сайын тың жаңалыққа иек артатын Шынаркүл Асылбекова ұдайы өзінің біліктілігін жан-жақты шыңдап отырады. Оның шәкірт алдыңдағы атқарар міндеті – өз пәніне қызықтыра білу, сауатты, білімді оқушы дайындап шығу және дарынды бала тәрбиелеу екені даусыз.

– Асылында, соңғы 10 жылдықта білім беру ісінде көптеген елеулі өзгеріс орын алғаны мәлім. Бүгінде мұғалім жаңалығы көп бағыт-бағдарға тез бейімделіп, оқулықтың мазмұнына тереңдей алды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні құрылымдық жағынан өзге пәнге қарағанда қарапайым болғанымен, өзіндік жүйесі күрделі саналады. Егемендігіміздің нышаны – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтіп қана қоймай, бала білімін жетілдіруге үлес қоса береміз. Әрине, қашанда ақырын жүріп, анық басқан қалпымыздан таймаймыз. Білім мен ілім нағыз жанып тұрған шырақ десек, шәкірттеріміз сәулелі ұшқынды бойына жиған білімпаз дер едім, – дейді ардақты ұстаз.

Негізінен, Шынаркүл Оразбайқызы педагог-зерттеуші ретінде №174 орта мектеп базасында жас ұстаздарға жол көрсетуде. Мәртебелі мұғалім Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған «Қазіргі білім беру жүйесінің заманауи контексі жағдайында Қа­зақстан Республика­сының үздіксіз білім беруі» та­қырыбындағы халық­аралық ғылыми-практикалық конференциясына қатысқаны үшін сертификат еншіледі. Сонымен қатар «Ұлы халықтың ұлы Абайы» тақырыбында авторлық бағдарлама ұсынған. Білім беру ісінің үздігі атанған маман тағылымы мол саладағы әр белесін өмірлік тәжірибе жүзінде қабылдайды. Оның кез келген шәкірті білімнің сан алуан бәсекесінде топ жарып, ұстаз үмітін ақтап жүрген жайы бар.

– Біз Шынар екеуміз бірнеше жылдан бері №174 орта мектепте қызмет етіп келеміз. Әріптесімнің бала оқытудағы қарым-қабілетін жоғары бағалаймын. Әрине, «Ұстаз болу – үлкен мәртебе». Сондықтан біліктілігі мол мұғалім өз есімін облыс көлемінде бала берген сапалы білімнің арқасында танытып келеді. Педагог мәртебесі жоғары болған сәтте оған деген оқушының құрметі арта түседі. «Ғылым – теңіз, білім – қайық» деген тәмсіл өз өміршеңдігін әлі күнге жойған емес. Қиын да, күрделі қызметтегі әріптесімнің жұмысына сәттілік пен абырой тілеймін, – дейді ауылға белгілі азамат Қанат Көзейбай.


Білім ошағында білікті маман мықты мұғалім болса, үйде үлкеннің өнегесін көрген 4 перзенттің асыл анасы. Осыдан 30 жыл бұрын жетікөлдік Ерлан Болатовпен отау құрған мақтаулы маман осы уақытқа дейін 4 сыныптың түлегін бітірткен. Ал алдағы оқу жылында оның оқушылары 11 сыныпты 10 оқушы аяқтап, үлкен өмірге қанат қағады. Қазақта «Ұстазыңды атаңнан да, әзиз тұт» деген тәмсілді берік ұстанған біздің кейіпкеріміз жетікөлдік оқушыларды әрқашан білім нәрімен сусындата білген. Білім биігін бағындырған білікті маманның алдағы уақытта да жақсы жетістіктерге жететініне сенеміз.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
01 маусым 2024 ж. 127 0