Дарынды шәкірттердің құтханасы
Білім арзан болғанымен, білу қымбат екені сөзсіз. Аудан өмірінде өзіндік шежірелі тарихы қалыптасқан Ақжарма ауылынан талай мықты түлеп ұшқаны мәлім. Ризық-несібесін жерден терген тату-тәтті ағайынның құтты мекеніне айналған Ақжарма ауылындағы №130 Абай атындағы орта мектеп туған өлкеден қаулап шыққан қаншама шәкірттің құтханасына айналған. Іргелі білім ошағында биылғы оқу жылында атқарған педагогикалық құрамның елеулі жұмысы жөнінде мектеп директорының міндетін атқарушы Бақыт Аяповамен сұхбаттасқан едік.
– Бақыт Төреахметқызы, ең алдымен әңгімеміздің әлқиссасын мектеп тарихынан бастауды жөн көріп отырмыз. Мыңдаған шәкіртті үлкен өмірге қанат қақтырған білім ошағы хақында кеңінен ақпарат бересіз бе?
– Бақыт Төреахметқызы, ең алдымен әңгімеміздің әлқиссасын мектеп тарихынан бастауды жөн көріп отырмыз. Мыңдаған шәкіртті үлкен өмірге қанат қақтырған білім ошағы хақында кеңінен ақпарат бересіз бе?
– «Ғылым – теңіз, білім – қайық» деген тәмсіл ешқашан өз өміршеңдігін жойған емес. Білімнің қайнар бұлағын ауыл мектебінен сарқып ішкен дарынды жастар көптеп шыққаны анық. Ақжарма ауылындағы білімнің қарашаңырағының тарихы 1931 жылдан бастау алады. Жалпы 4 сыныпқа арналған мектепті 1946 жылы су алып, жер үйде халық баласын санаулы ұстаз оқытқан екен. 1949 жылы ауылда жеті сыныптық мектеп ашылады. Ал қазіргі білім ошағының іргетасы 1976 жылы қаланған. Мектеп 620 орынға лайықтандырылған. Шын мәнінде, 94 жылдық тарихы бар мектебімізде 1931-1949 жылдар аралығында Төлек Базарбаев, Құрман Ыбраев, Гүлжамила Райымбекова, Қали Аяпов, Ақтай Мұстафаев, Смағұл Маханбетов, Төлеген Бисенбаев, Жақаш Беркімбаев, 1972-1978 жылдары Алмат Пірімбетов, 1978-1991 жылдары Бақыт Сардарбеков басшылық қызметке келгені белгілі. Тәуелсіздік алған тұста Әсия Асқарова мектепті көптеген тығырықтан алып шыққанын жақсы білеміз. 1998-2004 жылдары Айтмағанбет Нұрсейітов, 2004-2007 жылдары Жанатбек Жағыпаров, 2007-2011 жылдары Дархан Қожахметов, 2011-2013 жылдары Нұрсұлтан Есжанов, 2013-2018 жылдары Бауыржан Әлиев, 2018-2021 жылдары Бауыржан Ахмедияров, 2022-2023 жылдары Жеңісбек Ашықбаев басшылық қызметті абыроймен атқара білді.
Әрине, мектеп тарихына үңілсек, білім саласында қажырлы еңбек еткен жандар жеткілікті. Әрбір ұстаздың балаға білім берудегі қажыр-қайраты өлшеусіз. Кейінгі білімді ұстаздар үлкеннен тағылым алып, жас ұрпақты тәрбиелейді деп сенемін.
– Мектептің материалдық базасын жаңарту жұмысы қалай жүзеге асырылды? Заманауи бағыттағы сынып ашуға барынша көңіл бөлінген болар?
– Мектеп ғимараты осыдан 10 жыл бұрын жартылай жөндеуден өткізілген. Заман ағымына сай жаңадан физика, химия, робототехника, биология, модификациялық-инклюзивті бөлмесі жабдықталды. Негізінен, мектеп базасында математика, география, қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, информатика, бастауыштың 6 сыныбы, 1 спорт және акт зал балалар үшін қызмет етіп келеді. Бала денсаулығын жіті бақылауда ұстау мақсатында қос бірдей медициналық бөлме қарастырылған. Білім ордасының ауласы талапқа сай толықтай қоршалған. Жалпы мектеп сұйық отынмен жылытылады. Күнделікті 60 орындыққа арналған асхана жұмыс жасайды. Асхана барлық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Кітапханада кітап қоры жеткілікті. 2020-2021 оқу жылында мектеп кітапханасында педагог пен білім алушыға қолайлы орта құру мақсатында «Коворкинг» орталығы жасақталды. Орталық қолжетімді сөремен, электронды оқулықпен, қызықты көркем әдебиетпен толықтырылды. «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Рухани қазына» оқырман клубы құрылып, мәдени-танымдық бірнеше іс-шара ұйымдастырылды.
– Білім ошағында қанша педагог бар? Биылғы оқу жылы бойынша аз-кем мәлімет келтірсеңіз...
– Білім ордасының қай-қайсы болсын біліктілігі жоғары маманмен ерекшеленеді. Мектеп ұжымында 97 мұғалім бар. Оның ішінде, 9 зерттеуші, 40 сарапшы, 22 модератор оқушыны білім нәрімен сусындатады. Өткен оқу жылын 545 оқушыдан тұратын 27 сынып жиынтығымен бастап, аяқтадық. Негізінен, оқу жылын 110 оқу озаты, 181 оқу екпіндісі тәмамдады. Мектеп бойынша білім сапасы 65 пайызды құрады. Осы жылы орта мектепті 29, 9 сыныпты 61 түлек аяқтады. Былтыр мектебімізден екі «Алтын белгіге» Мерей Бақытбек пен Нұрайша Кеңесова қол жеткізсе, биыл қос оқушымыздың жетістігін Нұрайлым Ғалымбекқызы қайталады. Ал Әнел Қарайтқызы «Үздік аттестат» иегері атанып, ата-ана үмітін ақтады. 9 сыныпты бітірген 12 шәкіртіміз үздік шықты. Оқушының жазғы демалысын ұйымдастыру мақсатында тиісті жұмыс жүргізілді. Мәселен, Тереңөзек кентіндегі «Жалын» тынығу лагерінде 48 оқушы демалды. Облыс аумағынан тыс өзге өңірлерде 12 оқушы, мектеп жанындағы лагерьде 230 оқушы тынықты.
– Іргелі білім ошағының оқушылары жыл көлемінде қандай жетістікке қол жеткізді?
– Қашанда мұғалім еңбегі оқушы жетістігімен бағаланатыны белгілі. Өткен оқу жылында жекелеген көптеген пән мұғалімі оқушысын ғылыми жобаға қатыстырып, жақсы нәтиже көрсетті. Негізінен, «Өңірде мектептік медиацияны дамыту» тақырыбында оқушылар арасында ұйымдастырылған ғылыми және әлеуметтік жоба байқауында, республикалық, «Дарын» ғылыми жоба байқауының аудандық кезеңінде, «Менің Отаныма – менің бастамам» тақырыбындағы жоба қорғау барысында бірқатар оқушы үздік атанды. Республикалық жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жоба байқауының аудандық кезеңінде, ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданы бірінші кезеңінде «Зерде» республикалық зерттеу жобалары байқауының облыстық кезеңінде, юниорлық олимпиаданың аудандық кезеңінде, «Ақбота» зияткерлік олимпиадасынан біздің мақтаныштарымыз жеңімпаз атанды. «Жасөспірімдер» олимпиадасында және «Жас зерттеуші» ІІ облыстық ғылыми-зерттеу жобалар байқауында бірнеше оқушымыз үздік шықты.
Айта кетейік, дарынды балалар шығармашылық, спорттық бәсекеде барынша топ жара білді. Жеңіс тұғырынан көрінген әрбір оқушының артында ізденімпаз, балаға жан-жақты бағыт-бағдар беретін ұстаздың еңбегі тұрғаны мәлім. Біз әр оқу жылында үздік шығуға барынша жұмыс жасай береміз.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Балтабай Ордабеков