Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сайт жұмысы жанданған мектеп

Сайт жұмысы жанданған мектеп

Сыр салысымен аты шыққан Ақжарма ауылында Ұлы ақын, хәкім Абай ҚұнаН­байұлы­ның атына берілген №130 мектеп бар. Бүгінде білім ошағында 594 оқушы оқиды. Әркез тың жобаға иек артатын, жа­ңа­лыққа жаны құмар ұстаз­дар алдында мектеп-лицей мәр­тебесін алу мақсаты тұр. Бұл жолда әрбір педагог инновациялық білім деңгейін жетілдіріп, зор жетістікке ұмтылуда. Басылымның «Ауыл» жо­басы негізінде ырыс­ты мекендегі орта мектеп жұмысымен танысып, білім ошағында ат­қарылған жұмыс пен толайым табыс жет­кілікті екенін аңғардық.

Интеллектуалды, дүниетанымы терең, білімді ұрпақ тәрбиелеуде ұлағатты ұстазға үлкен міндет жүктеледі. Ауыл балаларының сапалы білім алуына зор мүмкіндік туғызатын ауылдағы мектепте 97 педагог қызмет етеді. Елдегі пандемия уақытында кезекшілік сыныпта санитарлық талапты сақтай отырып, 273 оқушы білім алуда. Биылғы жылы 11 сыныпты 42 оқушы тәмамдаса, оның ішінде 40 оқушы ҰБТ-ға қатысады деп күтілуде.

– Қашықтан оқытуға байланысты аз қам­­тылған және көп балалы отбасындағы оқушыларға мектеп балансынан 78 ком­пью­терлік құрылғы және «Ақжарма и К», «Ақ­жарма Жер» шаруашылығының демеу­шілігімен 6 планшет табысталды. Ай­та ке­ту керек, қос шаруашылық тарапынан білім ұясына көп қамқорлық жасалуда. Мектеп қабырғасына ілінетін стен­ділер жаңартылып, заманауи талапқа сай бе­зен­дірілді. «Ардагерлер бөлмесі» жасақ­талып, барша ұстаздың рухани ордасына айналды. Ал, мектеп бітіргеніне 40 жыл толған бірнеше түлек мектеп дәлізінен «Робототехника» бөлмесін ашып берді. Қазіргі таңда мектеп бойынша бітіруші түлектің бағыт-бағдарын зерделеп, ҰБТ-ға дайындығы пы­сық­талуда. Араға 15 жыл салып, былтыр 3 оқушымыз «Үздік аттестатқа» қол жеткізді. Сонымен бірге бітіруші түлектің барлығы грант иегері атанды, – дейді мектеп директоры Бауыржан Ахмедияров.

Білімнің қарашаңырағында жаңа заман талабына сай іргелі істер атқарылуда. Аудан бойынша аталған білім ошағында ғана электронды сайт жұмыс жасайды. Сайтта ауыл тұрғындары үшін мектеп жаңалығы, түрлі іс-шара мен фотогалерея айдары қамтылса, оқушы мен педагогқа арналған «Бейне сабақ», «Сабақ кестесі», «Бағалау» жүйесі орналасқан. Аталған сайт мұғалім, ата-ана, оқушы арасындағы үш жақты байланыс құруда таптырмас құрал болып табылады.

Мектеп директоры Бауыржан Ахме­дия­­ров 2019 жылы педагогикалық шебер­лік орталығының бағдарламасы негі­зін­­­­де Қазақстан Республикасы мектеп бас­­шы­ларының 9 айлық біліктілікті арттыру курсын тәмамдаған. Біліктілік нәтижесінде білім сапасын жетілдіру мақсатында Ша­ған ауылындағы №37 мектеп-лицейіне маг­ниттік мектеп болып бекітілді. Әр жылдары мектеп ұжымы түрлі байқау мен олимпиададан жоғары нәтижеге қол жеткізіп келеді. Мысалы, мектеп басшысы аудандық «Үздік кабинет – 2018» байқауында жоғары деңгейде ғылыми әдістемелік, эстетикалық талапқа сай пән кабинеттерінің озық үлгісін көрсеткені үшін І дәрежелі диплом иемденсе, «Табысты менеджер – 2020» мектеп директорлары байқауының аудандық кезеңінде І орын, облыстық кезеңінде ІІІ орын иегері атанды.

– Өткен жылы облыстық «Үлгілі ауыл» байқауында Ақжарма ауылы ІІІ дәрежелі дипломға қол жеткізген болатын. Байқау барысында комиссияның әрбір мүшесі ауылдың тыныс-тіршілігімен танысқан болатын. Сол кез­де біздің мектеп ұйымдастырушы ал­қасының жоғарғы бағасына ие болды. Әр­қашан республикалық, облыстық, ау­дан­дық дәрежеде өтетін олимпиада мен білім бәсекесінде дарынды оқушы мен ұстаздар қауымы жетістікке қол жеткізіп келеді. Ал­дағы уақытта жоспарға сәйкес, жүйелі жұмыстар жалғасын табады, – дей­ді Бауыржан Әбсәлімұлы.

Биыл 1 сыныпқа 59 оқушы қабылдаған орта мектепте қам­қоршылық кеңес құрыл­ған. Мұнда алдағы уа­қытта көркейту-көгалдандыру, тал егу бо­йынша тыңғы­лықты дайындық жұмысы жүр­гізіліп ке­ле­ді. Инновациялық білімнің озық тәжіри­бесін қалыптастырған мектеп ұжымы жаңар­тылған білім беру аясында Назарбаев Зияткерлік мектебі мен пе­дагогикалық ше­берлікті арттыру ор­талығының бірлескен «Критериалды бағалау» курсынан өткен. Заманауи бағытта өркениет көшіне ілескен білім ұясының белесі биік болсын.

05 желтоқсан 2020 ж. 935 0