Ауыл кітапханасындағы жас оқырмандардың жарқын жетістігі
Нағи Ілиясов ауылдық модельді кітапханасының тұрақты жас оқырмандары жыл сайын облыстық, республикалық байқауларға белсене қатысып, жарқын жетістіктерімен ауыл мерейін асырып келеді. Олар жақында тағы бір байқауда топ жарды.
Алғашында колхоз орталығынан 1941 жылы халықты мәдени, әдеби ағарту саласында мәдениет пен білімді көтеру мақсатында кітап қоры 500 дана болатын кітапхана ашылған. Нағи Ілиясов ауылдық модельді кітапханасында қазіргі таңда 22673 кітап қоры бар, оның 14535 қазақ тіліндегі әдебиеттер. Кітапханада аудандық «Өлке болып оқимыз», «Дауыстап оқу руханиятқа талпыныс» және кітапхананың жанынан құрылған «Ауылымда ізі қалған ұлы есімдер» жобасы аясында ауылдан шыққан тарихи тұлғалар, елге елеулі есімдер, еңбек ардагерлері, жазушылар мен ғалымдар жайлы деректерді жинақтап, кітапшалар дайындап, ауыл жастарына насихаттау жүргізіліп отырады. Одан бөлек кітапханада «Ізденсем, білсем» танымдық клубы жұмыс жасайды. Клубтың негізгі мақсаты – ауыл тарихына байланысты жер-су аттары жайлы аңыз әңгімелер мен тарихи орындар жайлы мәліметтер жинақтау, өлке тарихы мен географиялық орны, халқы туралы мәлімет бере отырып, өлкетану білімін насихаттау. Осы бағытта көптеген тарихи орындарға барып танысып, оқушылармен насихат жұмыстары жүргізіліп отырады. Сонымен қоса «Ауыл кітапханасына – 100 кітап» акциясы аясында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай 100 кітап тарту етті. Кітапхана қорына келген әр түрлі жанрдағы қазақ тіліндегі жаңа әдебиеттер жас ұрпақты оқуға, білімге жетелеп, рухани азық болары сөзсіз.
– Қазіргі заман жастарын тәрбиелеуде кітапхананың рөлі ерекше. Қазір жастар кітапханаға бармайды дейтін пікірлер жиі айтылып жатады. Керісінше, бүгінде жас та, жасамыс та, бала да қария да кітап оқуға ден қоя бастаған. Тіпті, оқырмандардың басым бөлігін жастар құрап келеді. Кітапханада таңертеңнен кешке дейін отыратын оқырмандар аз емес.Ауылдық кітапхана екі жылдан бері Жамбыл облыстық жасөспірімдер мен балалар кітапханасы ұйымдастырып отыратын «Оқитын өңір» онлайн байқауына катысып отырады. Осы байқауға екі жылдан бері қатысып келеміз. Былтыр берілген жазушылардың шығармалары бойынша үш окырманым катысып, Меруерт Серікжанкызы «Зерделі оқырман» номинациясымен марапатталып, смарт сағат ұтып алған болатын. Биыл тағы үш оқырман қатысып, екеуі алғыс хатпен марапатталды. Оқырманым 10 сынып оқушысы Ақжан Сұлтанғазиева Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» повесі желісімен жазған пікірінде көркем шығарманың өзіне ұнаған тұстарын, әсірелеп баяндау тәсілін жетік меңгергендігінің нәтижесінде «Кітапхана досы» номинациясын жеңіп алды. Одан бөлек Еңлік Аманкелдиева, Аида Әбдірахман және Мерейлім Ыдырысова деген жас оқырмандарым әрдайым белсенділік танытып жүреді, соның арқасында аталған байқауға қатысып, алғыс хатпен марапатталған болатын. Оқырмандарымның жарқын жетістігі үшін әрдайым қуаныштымын. Жастардың кітап оқуға деген қызығушылығы мен ынтасын көріп қуанып қаламын, – дейді Нағи Ілиясов ауылдық модельді кітапханасының кітапханашысы Сәуле Найзатаева.
Алтынай Қайратқызы