Жақсы ағаның есімі қалса
Биыл Қызылорда облысы Тереңөзек (қазіргі Сырдария) аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің шыға бастағанына 85 жыл толды. Біздің аудан облыс орталығына жақын орналасқан. Негізінен күріш егумен, сондай-ақ мал шаруашылығымен де айналысады. Халқы - еңбекқор, қазақы салт-дәстүрді жақсы ұстанған, қонақжай. Бірақ, біздің ауданның өзгелерден тағы бір ерекшелігі бар, ол бізде үлкенімізде, кішіміз де дарынды әрі талантты. Сондықтан да «Тереңөзек-таланттар мекені» деп бекерден бекерге айтылмаса керек. Ақын да, жазушы да, өнерпаз да, композитор да, мүсінші де, сәулетші де жетерлік. Егер олардың аты мен тегін және алған атақ-марапаттарын санамаласам, біразға шабатын түрім бар. Сондықтан, осылай қысқа қайырып, бүгін тағы да өзіме шарапаты тиген жақсы ағаларыма тоқталамын.
Келдібай ағаның «Тереңөзек туралы» деп аталатын толғауы бар. Онда осы аймақта туып-өскен, елге қызмет еткен ақын, жыршы, өнер иелері мен руханият саласының қызметкерлерін де атын атап, ұзақ толғаған екен.
... Таланттардың мекені деп тамсанып,
Дос марқаяр, қонақ кетер ән салып.
Тереңөзек мауқын басар ілуде,
Тәжібаев Әбілдәні қарсы алып.
Қалтайы бар, Әбілмәжін, Әбдіраш,
Жадыра мен Нұрханы бар сөзі нәш,- деп жырлапты ақын туған жер туралы.
Келдібай Уәйісов өте дарынды жақсы ақын еді. Журналистігі тіпті керемет. Жәй ғана мақаласының өзі бір көркем әңгімедей болатын. Қасаң қалыпқа түскен газеттік шаблондардан ада, қолтаңбасы жұрттан өзгеше. Өте еңбекқор, мақаланы өнімді әрі өндіртіп жазатын. Оның мақалалары сол жылдары республикалық газеттерде бірінен кейін бірі шығып, радиодан жиі берілетін. Алматыда Қазақ радиосында біршама уақыт жұмыс істеді. Жалпы ол кісінің шығармашылық ортасы сол кездегі астанамыз Алматыда болды десек артық айтпаймыз. Себебі көптеген ақын-жазушы достары бар еді. Бірақ, ауылда жүріп те, ол кісі аудандық газеттің мәртебесін әрқашанда жоғары көтеруге атсалысты.
Ол кезде редакцияда әр дүйсенбі сайын таңертең лездеме болады. Онда апталық, айлық, тоқсандық және жартыжылдық жоспарлар талқыланып, қажет болса бекітілген іс-шараларға түзетулер енгізіледі. Аптаның жақсы және нашар мақалалары анықталып, себебіне тоқталатынбыз. Газеттің құрылтайшысы – аудандық партия комитеті. Газет аптасына үш рет, сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері шығады. Сол кезде ұмытпасам, газеттің тиражы 3725 дана болды. Аудан халқының саны отыз мыңнан асатын. Ал, газетті сол жылдары Абызбай Маханбетов ағамыз басқарды.
Жеке мұрағатымдағы газеттерді қарап отырып, ағаның 1991 жылғы 9 наурыздағы санында «Су тасқынына алдын ала тосқауыл» деген көлемді мақаласы жарық көріпті. Сондай-ақ, 1995 жылғы 1 шілдедегі нөмірде «Егін күтімі. Нақты жағдай. Міндет» деген үлкен тақырыппен бір бет сол күйі ағаның мақаласы жарияланған. Ол кісі агроөнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі болды. Сондықтан да аудан шаруашылықтарындағы күріштің шығымы, суға бастырылуы, алдағы күзгі жиын-терін науқанына дайындық барысы және басқа сұрақтарды қамтыған сала мамандарынан құрылған байқаушылар тобының бір апталық жұмысы туралы егжей-тегжейлі тоқталып, өте жақсы талдама мақала жазған екен.
Ағаның газеттегі қолтаңбасын бірден аңғаратынбыз. Ол кісі кейде мақалаларына «Өз тілшімізден», «Арнаулы тілшімізден» деп қол қоятын. Газеттің мазмұны мен сапасын жақсартуға, соның ішінде жанрлық саналуандығына (мақала, заметка, очерк, суреттеме, корреспонденция, шолу, репортаж, эссе, сұхбат, есеп, фельетон және т.б.) мән беріп, ұжымдағы ауызбіршілік пен сыйластықты арттыруға атсалысты. Кейде іссапарлардан суреттерді өзі түсіріп әкелетін. Ұжымдағы аға-апайлармен, баспаханадағы қыздармен орынды қалжыңдасып, көңілді жүретін.
Келдібай ағам шыншыл, әділ кісі еді. Лездемеде, болмаса ұжымның түрлі жиналыстарында, сондай-ақ аудандық деңгейдегі басқосуларда ойын бүкпесіз, ашық айтатын. Бұл кейде біреулерге жақса, біреулерге жақпай қалатын. Ізінен еріп келе жатқан, жазып жүрген іні-қарындастарының аяқ алысына, қалам тербесіне зер салып, әрдайым қамқор болды. Біздің тырнақалды туындыларымызды, новелла, әңгімелерімізді, өлең-жырларымызды «Қанат қақты!», «Сәт сапар!» деп ағалық ақ тілегімен, суретімізбен газеттің «Әдебиет бетіне» жарыққа шығаратын. Біз баламыз ғой, соған мәз боп қуанатынбыз. Ағаның жақсы сөзі қанат бітіргендей, қуанып, шабыттанып жүретінбіз.
Таяуда редактор інім Ақтөре Ибрагимұлы мына суреттегі кепілдемені жіберіпті. Өзімде бұл құжат жоқ еді. Қуанып қалдым. Ақкөңіл ағатайымның кезінде менің Қазақстан Журналистер одағына мүшелікке өтуіме берген ақ тілегі екен. Айналайын, ағатайым, менің атыма біраз мақтау айтып, жақсы сөзін аямапты. Ол кезде Одаққа мүшелікке өту үшін белгілі үш журналистен қолдаухат алуымыз керек еді. Сол ағаларымыздың артқан сенімі, шарапаты тиіп, көп ұзамай 1992 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Журналистер Одағына мүшелікке қабылданған ауданымыздағы ең жас журналист мен едім. Билеттің түсі қызыл болатын, оған ҚЖО-ның сол кездегі төрағасы Камал Смаилов ағамыз қол қойған.
Келдібай аға оқыған-тоқығаны мол, рухани бай, өмірге құштар, жан-жағына шуақ шашып жүретін мінезі ашық, жайдары, кез келген адаммен тіл табыса кететін кеңпейіл әрі адамгершілігі мол азамат еді. Аға науқастанып, ертеректе қайтыс болды. Ол кісінің елге берері әлі де көп еді. Бірақ артында жары Әсия апамыз, балалары қалды. Қазір немерелері де өсіп, елге қызмет етіп жүр.
Ағаның ғұмыры қысқа болғанымен оның журналистика саласында атқарған еңбегі зор. Ақындығы - тіпті, бөлек тақырып. Мың тоғыз жүз қырық алтыншы жылы туып, бір сыныпта оқыған елге танымал үш ақын бар. Олар бүгінде арамызда жоқ Асқар Кіребаев пен Келдібай Уәйісұлы және аман-есен жүрген Қайырбек Асанов ағамыз. Кезінде әдебиетке құмартып, бір-бірімен таласа-тармаса, жарыса мақала, өлеңдер жазған екен. Кейіннен үшеуі де ақындықпен қатар, журналистиканың кермек дәмін де татқан.
Әрине, Келдібай Уәйісұлы туралы достары, замандастары, әріптестері әлі де естеліктер жазатыны сөзсіз. Ағаның құрдастары бір-екі жылда сексенге келеді. Бірақ, олардың да қатары сиреп барады. Сондықтан ағаның атын есте қалдыру мақсатында түрлі рухани, мәдени-көпшілік іс-шаралар, атап айтқанда оның жыр жинағын шығару, болмаса жас ақындардың жыр мүшайрасы, оқырмандар конференциясы, еске алу кештерін ұйымдастырып, өткізуді қолға алған жөн. Ағаның атында өзі туып-өскен ауылдағы немесе кент орталығындағы көшенің біріне аты берілсе деген аудандық ономастикалық комиссияға ұсынысым бар. Расында, ақын, журналист Келдібай Уәйісұлы ауданның өсіп-өркендеуіне, соның ішінде оның шығармашылық өміріне айрықша үлес қосқан лайықты тұлға.
Дәметкүл ҚҰМАҚБАЙ