Талантқа құрмет – елге міндет
Талантты тұлғалар мен дара дарын иелерінің кіндік қаны тамған Тереңөзектің қасиетті топырағынан нәр алған азаматтың бірі – Жәркен Исмағұлов. Ол елімізге белгілі мүсінші, облыс орталығы мен аудандардағы қайталанбас туындылардың авторы. Ауданның 95 жылдығына орай талантты тұлғаның туындыларынан көрме ұйымдастырылып, шығармашылық кеші өткізілді.
«Еңбек Даңқы» музейінде ұйымдастырылған іс-шарада аудан басшысы Б.Сәрменбаев жиналғандарды мерейлі мерейтоймен құттықтап, ауданның дамуына өзіндік үлес қосқан мүсінші Ж.Исмағұловтың иығына шапан жауып, шығармашылық сәттілік тіледі.
«Еңбек Даңқы» музейінде ұйымдастырылған іс-шарада аудан басшысы Б.Сәрменбаев жиналғандарды мерейлі мерейтоймен құттықтап, ауданның дамуына өзіндік үлес қосқан мүсінші Ж.Исмағұловтың иығына шапан жауып, шығармашылық сәттілік тіледі.
– Алыптарға алтын бесік болған Сырдария ауданының құрылғанына биыл – 95 жыл. Тамыры терең, тарихы кенен аудан осы уақыт аралығында дамудың даңғыл жолын қалыптастырды. Бүгінде іргелі ауданның әлеуметтік-экономикалық өркендеуі қарқын алған. Сондықтан торқалы мерекеге ауданымыз толағай табыспен жетіп отыр. Ұлы өзеннің атын иеленген ауданнан көптеген дарынды тұлғалар шыққан. Олардың ішінде қазақ өнерінің дамуына үлес қосып жүрген сырдариялық таланттар жетерлік. Бүгін біз мерейтой аясында ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Жәркен Исмағұловтың шығармашылық кешіне жиналып отырмыз. Жәркен Сүйіндікұлын республика жұртшылығы белгілі мүсінші ретінде таниды. Оның қолынан шыққан өнер туындылары республика көлемінде орналасқан. Атап айтқанда, Астана қаласының 10 жылдығына Қызылорда облысының тартуы болып есептелетін «Қорқыт-Қобыз» композициясы бүгінде елорда төрінде тұр. Ерекше дарын иесінің туындыларының қатарында Қызылорда қаласында орналасқан «Қорқыт ата» кітабының 1300 жылдығына арналған монументалды ескерткіш кешені, «Сыр бойының батырлары» ескерткіш кешені, «Бұқарбай батырдың 200 жылдығына» арналған ескерткіш кешені, «Әділет Құдайы» композициясы және басқа да ескерткіш-бюсттері бар. Сондай-ақ Сырдария ауданында мемлекет және қоғам қайраткерлері Иса Тоқтыбаев, Оспан Әбілпаттаев, Азатбақыт Әлиакбаров, ақын-жазушылар Асқар Тоқмағамбетов пен Қалтай Мұхамеджанов, бейбіт күннің батыры Талғат Қозыбаевтың ескерткіш-бюсттерімен қатар, «Парасат» алаңы мүсіндік кешені, «Жас отау» декоративті композициясы мен «Сыр сұлуы» монументалды ескерткіштері бой көтерген. Ауданның айтулы мерейтойы аясында тасқа тіл бітірген мүсіншінің ауданның өнер саласына қосқан үлесі зор. Өміршең өнерімен танылған азаматтың туындылары кейінгі ұрпақ үшін мәңгі өшпес құндылықтар ретінде сақталатыны анық. Мәдениет қайраткерін бүгінгі шығармашылық кешімен құттықтап, әлі көптеген өнер туындыларымен жұртшылықты тәнті ететініне сенемін, – деді аудан басшысы.
Шығармашылық кеште мүсіншінің туындыларынан әзірленген көрме көпшілік назарына ұсынылды. Ж.Исмағұлов өзінің шығармашылық жұмыстарын таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті, сондай-ақ аудан мерейтойы аясында құрмет көрсеткен аудан әкіміне шынайы ризашылығын жеткізді. Іс-шарада А.Божанова, А.Бақтиярова, Ж.Маханбет ізгі лебізін білдірсе, жас ақын Н.Мансұров жырдан шашу шашып, Е.Сағынбайұлы күй тартты.
Ақтөре ҚҰРМАНАЙТЕГІ