Жауапкершілікті сезінген жастар
Бүгінде жастардың өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы өзекті мәселеге айналды. Сан сала бойынша білімін жетілдірген жас буынның әп-сәтте қызметке ие болуы өз алдына қиындық тудырады. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және барынша еңбекке баулу мақсатында елімізде 19 жылдан бері «Жасыл ел» жасағы жұмыс істеп келеді.
«Жасыл ел» еңбек жасағына 14 пен 35 жас аралығындағы жастар қабылданады. Маусым айынан бастап, Сырдария ауданының жастары еңбек жасағының белсенді мүшелерінің қатарына қосылды. Аудан көлемінде, биылғы жылға 110 квота бөлінген. Алғашқы айда 27 сырдариялық еңбек етуде.
– Жыл сайын аудандық жастар ресурстық орталығының үйлестіруімен «Жасыл ел» еңбек жасағына аудан жастары қабылданады. Белсенді жастар күнделікті көркейту-көгалдандыру бойынша бірнеше қызмет атқарады. Демалыс уақытында маусымдық жұмыстың жастарға берер пайдасы мол. Олардың арасында белсенділік жоғары. Ортақ дос тауып, табыс табудың қыр-сырына қанығады, – дейді орталық директоры Айгүл Ахметова.
Расында, ерекше киім үлгісін киген жастар аудан бойынша көркейту-көгалдандыру барысына барынша қаныққан. Маусымдық жұмысқа қызығушылығы артып келген жас Алихан Сақтағанов «Жасыл ел» еңбек жасағы жөнінде пікір білдірді.
– Күнделікті біз орталық алаң мен саябақта шөп жұлып, жер қопсытып, сала мамандарымен бірге еңбек етеміз. Жұмысқа орналасқанымда ата-анама қолғабыс ету – басты мақсатым болды. Әрине, ата-ана үмітін ақтап, табыс тапқаныма ерекше қуанамын. Уақытты ұтымды пайдаланып, бір-бірімізге қолғабыс қыламыз. Мемлекеттің қолдауының арқасында өзім секілді бірнеше жас даланың қыруар шаруашысына машықтануда, – дейді белсенді жас.
Б.АЯБЕКҰЛЫ