Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастар жасағы жұмысқа кірісті

Жастар жасағы жұмысқа кірісті

Бұл Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» Жолдауы негізінде 2005 жылдан бас­тап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарлама. Сол жылы Нұрсұлтан қаласында «Жасыл ел» Жастар еңбек жасағының Республикалық штабы құрылып, еліміздің түкпір-түкпірінен бөлімшелер ашылып, өз жұмысын бастады. Аталмыш бағдарлама жастарды отан сүйгіштікке тәрбиелей отырып, еліміздің жасыл желекке айналуына зор ықпал етті.
«Еңбек етсең – емерсің» деген халық даналығын жас буынның бойына сіңіріп, жазғы демалыс уақытын тиімді әрі ерік-жігер мен күш-қуатты экологиямызға пайдалы іспен айналысуға даңғыл жол ашты. Бағдарлама аясында жұмыс жасаушы студенттер мен жалпы жастардың қатары жыл санап артып келеді.
«Жасыл ел» жасағының қарқынды дамуы үшін ау­дандық «Жастар ресурстық орталығы» жыл сайын көгалдандыру мен жасыл желекті алқаптарды көбейту шараларын ұйымдастыруда. Бүгінде аудан бойынша маусымдық «Жасыл ел» еңбек жасағының қатарына облыстық жас­тар саясаты мәселелері басқармасы арқылы 100 орын белгіленді. Аудан бойынша «Жасыл ел» еңбек жасағының қатарына құжаттар қабылдау 2019 жылдың қаңтар айынан басталған еді. «Жасыл ел» еңбек жасағына құжаттар өткізген жастар шілде, тамыз айларында жұмыс жасайтын болады. Қазіргі күні шілде айына 41 жастың құжаты қабылданып, Орталық алаң, «Тағзым алаңы» және «Рәміздер алаңын» көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жүргізуде. Қалған 59 жас тамыз айында жұмыстарға араласады.
Кез келген ел өз болашағын ұрпағымен байланыс­тырады. Халық жастарға сенеді. Ал жүрегі «қазақпын» деп соққан әрбір жас елдің саяси экономикасы мен экологиялық жағдайына баса назар аудару керек. Осы тұста «Жасыл ел» бағдарламасы жастардың өз елінің патриоты болуымен қатар, ұланғайыр атырабымыздың көгеріп көктеуіне бірден-бір ықпал ететін жоба.

Ұлбосын Кенішбек

Диас, жобаға қатысушы:
– Мен жыл сайын осы жобаға қа­тысамын. Бұл, біріншіден, мен үшін пайдалы еңбек, екіншіден, қосымша табыс көзі. Өзім Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік уни­вер­ситетінің студентімін. Демалыс күн­дерінде бос жүрмей осы жасақ құрамында туған ауылымның өркендеуіне аз да болса үлес қосқанымды мақтан тұтамын. Әке-шешемнің де ақша сұрап мазасын алмаймын. Оның үстіне, өзім еңбектеніп, тапқан қаражатты үнемдеп, өз орнымен жұмсауды үйреніп келемін. «Еңбекпен тапқан нан тәтті» деген осыдан қалса керек.

06 шілде 2019 ж. 829 0