Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » "Жасыл ел" жасағы жұмыс жасауда

"Жасыл ел" жасағы жұмыс жасауда

Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2005 жылы Қазақстан хал­қына арнаған Жолдауында Үкіметке «Демалыс кезінде студенттерге тұрғын үй тұр­ғызатын құрылыс отряд­тарында жұмыс беру, елі­мізді көгалдандырудың «Жа­сыл ел» бағдарламасын өрістетіп, бұл игілікті іске студенттерді және жұ­мыссыз жастарды қа­тыс­­тыру» мәселесіне тоқ­талып, үкіметке нақты тапсырма берген болатын. содан бері жыл сайын «жасыл ел» жасағы жасақталып, студент жастар еңбек етуде.

Соған орай «Жасыл ел және студенттер құрылыс жасақтарының» облыстық штабы өз жұмысын бастаған. Содан бері «Жасыл ел» жалпы ұлттық бағдарламасы облыс, аудан жастарының жазғы демалыстарын ұтымды өткізіп, еңбекке араласуына мүмкіндік жасап келеді. Жыл өткен сайын бағдарлама аясында жұмысқа тартылатын жастар саны артып келеді. Биылғы жылы 110 жас үш ауысыммен жұмыспен қамтылатын болады.

Ауа райы қолайсыз болып, күннің ыстығы әсіресе, оңтүстік аймақ тұрғындарын әбігерге салатын жаз мезгілі басталысымен «Жасыл елдіктер» қызу жұмысқа кірісіп кетті. Туған жердің көркейіп, көгалдануын басты мақсат еткен жалынды жас­тар ала жаздай «ән салмай», еңбекке араласып, табиғатқа қамқорлық жасап қана қоймай, өз еңбектерімен табыс табуда.

Кентті көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына 16-29 жас аралығындағы жас­тар тартылады. Бір жақсысы, жұмыссыздарға ғана емес, жазғы демалыстағы студенттер үшін де ұтымды бағдарламаға кәмелет жасқа де­йінгілер ата-анасының келісімімен қатыса алады.

Биылғы жылдың қызу еңбегіне кірісіп кеткен 40 адам алғашқы кезең жұмысын жүйелі жүргізді.

Күннің ыстығына қарамай жұмыс жасап жүр­ген «Жасыл елдіктердің» жағдайын сұраған едік. Студент Дәулет Жаппасбаев:

– «Отан – отбасынан басталады» демекші, тұтас елімізді көркейту шағын ауданымыздан басталады. Кент орталығы таза, ағаштар жайқалып тұрса, өзімізге де, өзгеге де жа­ғымды. Кешкісін көшеде серуендеп жүргенде ауданымыздың күн өткен сайын көркейіп келе жатқанына тамсанып, осы жолда менің де қол еңбегім бар-ау деген мақтаныш сезімі болады, – десе, Нұрасыл Болат:

– «Еңбектің наны тәтті» деген рас екен. «Жасыл ел» аясында әрі қоғамға пайда кел­тіріп, әрі табыс табамыз. Бұл да болса біздің ата-анамызға көмегіміз. Жұмыссыз немесе біз секілді жазғы демалыстағы жастарға еңбекке араласуға қандай жақсы мүмкіндік, – деп пікір білдірді.

Шілде айынан «Жасыл ел» жасақшылары­ның екінші легіндегі 40 жас еңбек етуде. Ал келер айда 30 сырдариялық жас ауданның көр­кейіп, гүлденуіне үлес қоспақ.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
03 шілде 2021 ж. 703 0