Аудан халқының 30 пайызы – жастар
Аудан бойынша 14-35 жас аралығындағы 11727 жас бар екен. Бұл шамамен аудан халқының 30 пайызы. Есепті мерзімде 794 жас жұмыс сұрап, жұмыссыздыққа тіркелсе, оның 207-сі тұрақты жұмысқа, 8-і әлеуметтік жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ 141 жас жастар тәжірибесіне және 116 жас қоғамдық жұмысқа жолдама алыпты. Сәйкесінше ауданда 675 жас кәсіпкер тіркелген.
Жалпы ауданда жастар саясаты мәселесімен тікелей аудандық қоғамдық бөлімі айналысады. Бөлімге қарасты аудандық жастар ресурстық орталығы да тиісті жұмыстарды ұйымдастырып, үйлестіреді. 2017 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан орталықтың негізгі мақсаты жастар ұйымдарын қолдау мен дамыту, жастарға қызмет көрсету болып табылады. Бүгінгі күні аталған орталықта директорын қоса есептегенде 7 қызметкер жұмыс істейді.
Аудандық жастар ресурстық орталығы мекемесінің жұмысын үйлестіруге жергілікті бюджеттен 21 599,0 мың теңге қаржы бөлінген. Мұнан бөлек қоғамдық даму бөлімінің «Жастарға патриоттық тәрбие беру және жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау әлеуметтік қызметін ұйымдастыру» мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында да қаржы қаралған. Бұл бағытта бөлінген қаржы көлемі 3 445,0 мың теңге болса, келісім шарттағы сомасы 2 741,3 мың теңгені құрайды. Әлеуметтік жоба аясында жыл басынан бері 9 іс-шара ұйымдастырылған. Атап айтқанда, форум, фестиваль, спорттық сайыс, кездесу, жайдарман ойыны секілді жастар қызығушылық танытатын іс-шаралар бар.
– Жыл сайын аудан әкімі мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бойынша ұйымдастырылатын іс-шаралар жоспарын бекітеді. Жоспар биыл да бекітілген. Соның аясында жыл басынан бері 82 іс-шара ұйымдастырылып, оған 4274 жас қатыстырылды. Сонымен қатар жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, кәсіпкерлікті дамыту мақсатында кеңес беру жұмысы қолға алынып, «Мүмкіндіктер алаңы» кеңес беру жобасы аясында 14 рет кездесу, «Tulga bol» жылжымалы жәрмеңкесі 14 рет ұйымдастырылды. Сондай-ақ саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында «Сырдария барысы», көкпар, «Жеңімпаз бол» денсаулық фестивалі өткізілді, – дейді аудандық жастар ресурстық орталығының директоры А.Ахметова.
Жастар саясаты саласында жетістіктермен қатар мәселелер де бар екені жасырын емес. Мәселен жастар арасындағы құқықбұзушылық күн тәртібінен ешқашан түспейді. Бұл бағытта аудандық полиция бөлімімен бірлесе кешенді профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Әсіресе жастардың түнемелік жүруі өзекті. Сондықтан сала мамандары ата-аналарға кәмелеттік жасқа толмаған балаларын бақылауда ұстауды сұрайды. Негізі жасөспірімдердің қызығушылығын ерте анықтап, түрлі үйірмелерге қатыстырудың, еңбекке баулудың маңызы зор. Осы ретте еңбексүйгіш жастардан құрылған еңбек бригадаларының жұмысын көпке үлгі етуге болады. Қазір ауданның Айдарлы, Аманкелді, Бесарық, Жетікөл, Шіркейлі, А.Тоқмағанбетов ауылдарында жастардың еңбек бригадасы құрылып, 150-ге жуық жас еңбек етіп жатыр. Олар егін науқанында бау-бақша өнімдерін егіп, өз нәпақасын тауып жүр.
Ауданда ерікті жастардың да саны артып келеді. Ерікті жастардың бастамасымен қайырымдылық акциялары көптеп өткізілуде. Жалғызбасты, көпбалалы аналар мен қарттардың үй-жайларына ерікті жастардың қатысуымен тазалық жұмыстары жүргізілуде. Ал «Жасыл ел» еңбек жасағына биыл аудан бойынша 220 жас тартылып, олар ауданды абаттандыру жұмыстарына атсалысты. Нәтижесінде Сырдария ауданының «Жасыл ел» еңбек жасағы үздік деп танылып, облыс бойынша І орынды иеленді.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ