200-ге жуық жас жұмыспен қамтылады

«Жасыл ел» республикалық бағдарламасы мамыр, маусым, шілде, тамыз айларында аудан аумағында жүзегі асырылады. Әр ай сайын 50 жас жұмыспен қамтылып, 50 мың теңге жалақы төленеді. Өткен жылы бағдарлама шапағатын тек тереңөзектік жастар көрсе, бұл маусымда Аманкелді, Айдарлы, Шаған, Қалжан ахун ауылдық округтерінде де «Жасыл ел» жасағының сарбаздары жасақталды.

Өз кезегінде Қалжан ахун ауылының белсенді жасы Ербол Жақыпов өз замандастарын «Жасыл ел» жасағында жұмыс істеуге шақырды.
– Қазақта «Жас адам – қызметке, кәрі адам – кеңеске» деген мақал бар. Еліміздің партиотты жастары уақытында еңбекке араласып, жан-жақтылығымен танылу керек. Қай кезде де үлкеннің ақылын тыңдап, нәтижелі жұмыс істей білу – парызымыз. Ауданның көркеюіне «Жасыл ел» республикалық бағдарламасының тиімділігі зор. Біздер бос уақытымызды тиімді пайдаланып, көркейту-көгалдандыру жұмысын атқарудамыз. Өз кезегінде ауылдардан жұмыс көзі ашылғанына қуаныштымыз. Жаз айларында әрбір үйдің өскелең жастары қаражат табуға мүмкіндік алады. Өзім секілді жастар өз еңбегімен ақша тауып, отбасына болысқаны жақсы. Бұл ретте аудан жастарын жұмыс істеуге шақырамын. «Жасыл ел» жасағында қызмет еткен әрбір сарбаздың бойында патриоттық сезім қалыптасса қуанарлық дүние. Өз замандастарымызбен қызықты күндерді бірге өткізіп, жаңа достар табудамыз, – дейді жалынды жас.
Балтабай ОРДАБЕКОВ