Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үздіктерге тәлім берген ұстаз

Үздіктерге тәлім берген ұстаз

Мыңдаған жыл тарихы бар, Пифагор ілімінен бас­тау алатын математика саласында сан түрлі теория бір ғылымның түпқазығы саналады. Нақты ғылымға негізделген аталған пән адам өмірінде өзектілігін жоймайды. Есеп-қисаптан тұратын күрделі ілімді игерген жетікөлдік Айнаш Пайзекеева талай үздіктің бағын ашқан десек, қателеспейміз. Арманы асқақ оқушының болашағына ерекше әсер ететін ұстаз тағылымы өмірлік азық екені даусыз.

Балаға формула жаттатып, теориялық білімді практикалық тұрғыдан меңгертетін аяулы жан әрбір сабаққа дайындықпен келеді. Себебі сыныптағы барлық оқушыны бір мезетте есеп-қисапқа баулу оған асқан жауапкершілік жүктейді. Шын мәнінде, тәжірибесі толысқан ұстаз 1986-1991 жыл аралығында Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының математика және физика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған. Расында, 32 жылдық еңбек өтілі бар Айнаш Қалдыбекқызы дарынды балалардың жол бастаушысы саналады.

– Үнемі шәкірттеріме білімді ұрпақ қана биікке шығатынын айтудан жалықпаймын. Қашанда білек сүріңдіре алмағанды, білім сүріндіретінін ұмытпаған абзал. Ұстаз болудан жалықпаған адам сүйікті ісінен еш уақытта ажырамайды. Өзім ауыл мектебінде қызмет ете жүріп, аға буынның тәлімін ала білдім. Алғаш оқу бітірген сәттен сүйікті мамандығымның үздігі атануға бекіндім. Іздене жүріп, үйрендім, шәкіртіме бар білгенімді игерте білдім. Математика пәні бұрмалауға жол бермейді. Сондықтан «Математика – ғылымдар патшасы» деп бекер айтылмаса керек-ті, – дейді тәжірибесі мол жан.

Бағасы құнды зат қай кезде де тот баспайтын секілді ұстаздың өмірден түйгені ешқашан сарқылмайды. Шындығында Айнаш Пайзекееваның бірнеше ғылыми еңбегі арнайы жинаққа енген. Сонымен қатар оның шәкірттері талай жарыста шашасына шан жұқтырмаған білімпаз қатарынан көрінген. «Кенгуру», «Ақ бота», жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың бірнеше кезеңінде, ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балалар арасындағы «Менің қолымнан бәрі келеді» тақырыбындағы облыстық олимпиадада оқушылары даралана алған.

Жері ырысты бола білген, Сыр салысымен аты шыққан Шиелі ауданының тумасы Айнаш Пайзекеева әркез қайсарлық пен тегеурінділік танытып, өткен жылдары іргелі білім ошағынан 4 «Алтын белгі» иегері шығуына себепкер атанған. Отбасында 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеген ұлағатты ұстаз бала санымен зейнет демалысына шыққан. Десек те, ақ жүректі ана сүйікті ісіне барынша адалдық танытып келеді.

– Аядай ғана ауылда білім сапасын арттыруға бар ғұмырымызды арнай білген едік. Педагогикалық жұмыс өтілімде 4 сыныптың жетекшісі атандым. Жалпы, мектепте жаратылыстану-математика бірлестігінде 11 мұғалім жұмыс жасаймыз. Бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, көптеген семинар алаңында бас қосамыз. Ұжымның мерейін тасыту мақсатында халық баласына сапалы білім беруге қашанда ынталымыз. Биыл бір оқушым «Алтын белгі» иегері атануда. Бұл мен үшін – зор мәртебе. Әрдайым бала бағбаны бола жүріп, еңбегіміздің жемісін көру – керемет сезім, – деді аяулы жан.

Әрине, үздіктердің үздігі бола білген аяулы ұстаз әлі талай дарынды шәкірттердің бағын еселей бермек. Өз кезегінде биыл «Алтын белгіге» үміткер атанған бітіруші түлек Айым Мұрат ұстазына өз алғысын жеткізді.

– Менің аяулы ұстазым Айнаш апай математика пәнінен баулыды. Есеп-қисапты шығаруды үйретіп, күрделі формулалардың шешімін табуға көмектесті. Біз ұстазымыздың еңбегін жоғары бағалаймыз. Бұған дейін талай шәкіртке бағыт-бағдар берген ұстазымның үмітін ақтауға барымызды саламыз. Бірер күннен кейін ҰБТ-дан жоғары балл алып, жақсы нәтижеге қол жеткізгіміз келеді, – дейді бітіруші түлек.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
01 маусым 2024 ж. 115 0