Аймақтық олимпиада ұйымдастырылды
Аманкелді ауылындағы №42 Қуаныш Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейі – аудандағы, облыстағы алдыңғы қатарлы білім ордаларының бірі. Мектеп – лицей шәкірттері мен ұстаздары облыстық деңгейдегі білім сайыстары мен кәсіби байқауларда топ жарып, республикалық кезеңнен жүлдегер атанып келеді. Мұндай жетістіктер мектеп-лицейде жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Ауыл мектебінде әр апта сайын пән бірлестіктерінің пәндік апталықтары жоғары деңгейде ұйымдастырылуда. Апталық іс-шаралар аясында білікті ұстаздар оқушылардың білім деңгейін арттыру үшін ашық сабақпен қоса интеллектуалдық, тақырыптық білім сайыстарын өткізуде. Соңғы кезде көршілес №174, №139, №44, №147 мектептермен бірлесе іс-шаралар өткізу қолға алынды.
– Өзара тәжірибе алмасу, білім байқауларында бақ сынау ұстаздар мен шәкірттерге орасан зор пайдасын тигізіп, шыңдауда. Сондай айтулы іс-шара – информатика, физика, математика пәндер бірлестігінің «Ғылым. Техника. Ақпарат» атты апталығында орын алды. Апталықтың жоспарына сәйкес, мектепте талай жыл еңбек еткен, ардагер ұстаз Ержігіт Сейдахметов атындағы физика, математика пәндерінен дәстүрлі аймақтық олимпиада ұйымдастырылды. Қарапайымдылығымен, адами қасиеттерімен ерекшеленген ардагер ұстазымыздың өмірбаяны да көпке үлгілі. Ержігіт Сейдахметұлы 1927 жылы Айдарлы ауылына қарасты №2 Ақарық колхозында дүниеге келген. Айдарлы ауылындағы жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін, Қызылту орта мектебінде 1949 жылы онжылдықты бітіреді. Кейін Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтына түсіп, оны физика-математика мамандығы бойынша 1952 жылы бітіріп шығады. Алғашқы еңбек жолын 1952-1953 жылдары Қармақшы ауданында №23 мектепте математика пәнінің мұғалімі болудан бастайды. Ал 1953 жылдан бастап №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектепте өз мамандығы бойынша мұғалім болып үздіксіз 37 жыл бойы қызмет атқарады.
Осындай мықты математик-ұстаздың атында ұйымдастырылғын білім додасына ағайдың ұрпақтары демеушілік жасады. Бұдан бұрында мектептің математика кабинетін толығымен жаңартып, жасақтап берген де осы ұрпақтары еді, – дейді №42 Қуаныш Баймағанбетов атындағы мектеп-лицей директоры З.Жаманқұлов.
Айта кету керек, олимпиада тапсырмаларын математика ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы Қайыңбаева Лариса Сағижанқызы дайындаса, білім байқауына Қорқыт ата атындағы университеттің физика-математика кафедрасының аға оқытушылары Зейнегүл Ерғалауова мен Әлия Ғаниуллақызы қазылық еткен.
Олимпиада нәтижесінде жүлделі орындар анықталып, оқушылар дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Атап айтқанда, математика пәні бойынша 10 сыныптар арасында І орынды (20000 тг қаржылай сыйлық) №42 мектеп-лицей оқушысы Фарида Ғабитқызы иеленді. Алғыр оқушының жетекшісі – Гүлсара Ержанова. ІІ орын (10000 тг қаржылай сыйлық) №147 орта мектеп оқушысы Аяжан Сайлауоваға бұйырды. Бесарықтық оқушының жетекшісі – Мира Есқалиева. ІІІ орынды (10000 тг қаржылай сыйлық) №139 орта мектеп оқушысы Гүлім Амантайқызы еншіледі. Жеңімпаз оқушының жетекшісі – Ерсұлтан Шайқислам.
Сонымен қатар, физика пәні бойынша да үздіктер анықталды. №42 мектеп-лицей оқушылары Баубек Серікқали І орын (20000 тг қаржылай сыйлық), Дәулеткерей Әділ ІІ орын (10000 тг қаржылай сыйлық) иегері атанды. Қос бірдей озат оқушыны байқауға ұстаз Күлайхан Оспанова дайындаған. Ал ІІІ орын тұғырынан (10000 тг қаржылай сыйлық) №147 орта мектеп оқушысы Талшын Сейтбекова көрінді. Оқушының жетекшісі – Ақмарал Нәрікбаева.
Олимпиада қорытындысында сөз сөйлеген ұстаздар ұйымдастырушыларға, демеушілерге шынайы алғыстарын білдірді. Білімді шәкірттер де өз ризашылықтарын айтып, алдағы талабы биік осындай білім байқауына зор дайындықпен келуді мақсат етіп, жақсы көңіл-күйде тарасты.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ