Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаздардың ұстазы

Ұстаздардың ұстазы

Саналы ғұмырын мұғалімдік қызметке арнаған ардагер-ұстаз Қынаш Әуелбекованың есімі ауданның білім саласына етене таныс. Ұлағатты ұстаз ұзақ жылдар Ақжарма ауылындағы білім ұясында жемісті еңбек етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көруде. Ол шәкірттері шыңға шығып, биік белестерді бағындырып, білім бәсекелерінің алдын бермеген ұстаз. Мамандығы мақтанышына айналған мерейлі мұғалім туралы оқу жылы қорытындыланар тұста қалам тербеуді жөн көрдік.

Кейіпкеріміз Қынаш Әуелбекованың өзге ұстаз­дар­дан ерек­­шелігі, педагогикалық жұмыстардан бөлек шығарма­шылықпен айналысады. Аудандық газеттің тұрақты оқыр­маны атанғанына да елу жылдан асқан. Қолынан кітабы мен қаламы түспеген ардагер-ұстаз өмір жолында, еңбек жолында кездескен жақсы кі­сілер туралы естелік жазып, адал еңбекті ту еткен ардақты азаматтардың еңбегін насихаттағанды жөн санайды. Жақында аудан халқына белгілі азамат Алмат Пірімбетов жөнінде жазған мақаласын редакцияға ұсынды. Мақаланы оқып отырып, автордың шына­йы шәкірттік әрі әріптестік лебізіне риза болдық. Қ.Әуелбекова білім беру сала­сына айрықша үлес қос­қан ардақты азаматтың тұлғалық болмыс-бітімін, ақыл-парасатын, еңбегін жан-жақты зерде­лепті. Бұл оның ұстазға, ағалық ақыл-кеңесін аямаған алдыңғы буын өкілдеріне деген құрметін білдіреді.

Ұстаздық қызметті ұлы іс санайтын кейіпкеріміздің кітап оқу мәдениетін терең меңгергенін айтпай өту мүмкін емес. Көпшілік кітапты қолы қалт еткенде оқы­са, ұлағатты ұстаз кітап оқуға күнделікті уақыт бө­леді. Сондай-ақ өзі оқып тауысқан кітаптарды құнды қазынаның бағасын білетін жандарға сыйлауды әдетке айналдырған. Мәселен, маған да бүгінгі күнге дейін бірнеше кітапты сыйға тартты. Дәл қазір ардагер-ұс­таздың ұсынуымен белгілі әдебиеттанушы ғалым, ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омарұлының «Төртінші билік» атты туындысын оқып жатқанымды айта кетейін. Бұдан бұрын Қ.Әуелбекова ҚР Мәдениет саласының қайраткері Берік Саймағанбетовтің «Тау тұлға – Тұрмағамбет» атты кітабын ұсынып, зор тебі­реніспен оқы­ған едім. Өзі оқып болған кітапты өзгемен бөлісу, сөйтіп заман­­­дастарының білім көкжиегін ке­ңейтуіне жол ашу ардагер-ұстаздың ағартушылық қа­сиетінің бір белгісі деп бағаласақ болады.
Ұзақ жылғы бейнетінің зейнетін көріп жатқан Қы­наш Әуелбекованы аудандағы білім беру саласының өкілдері ұстаз тұтады. Мысалы, Тереңөзек кентіндегі №131 Талғат Қозыбев атындағы орта мектебінің директоры Айнұр Әлиева ардақты жанның үлгі-өнегесін көрген педагогтардың бірі.

– Қынаш апай мықты тарихшы мұғалім болды. Ол кісінің мақтан тұтатын шәкірттері өте көп. Өзіміз де еңбек жолымызда білікті маманнан көптеген жақ­сы тәжірибені үйрендік. Қынаш апай облыстық, аудан­дық деңгейдегі білім байқауларында, ғылыми жобалар сайыстарында білімді маман екенін бірнеше рет дәлелдеді. Әлі күнге апайдың еңбегін айтып, ол кісіні үлгі тұтамыз. Ұлағатты ұстаздың тағы бір ерекше қыры, ол кісінің жүрегі өте кең. Шәкірттері үшін жанын беруге даяр мерейлі мұғалімнің тыным таппай ұзақ жылдар білім беру саласында жемісті, жеңісті еңбек еткенін ауданымыздың педагогтары жақсы біледі. Ардагерлік кезеңге абыроймен жеткен абыройлы ұстазға зор денсаулық тілеймін. «Ұстаз шәкіртімен мың жасайды» деген қағиданы негізге алар болсақ, Қынаш Әуелбекова адал еңбегімен, іргелі ізденісімен мың жасайтын тұлға, – дейді Айнұр Тоқшылыққызы.

Негізі Қ.Әуелбекова Сыр өңірінде еңбек етіп, абырой биігіне көтерілгенімен, ол кісінің туған жері – қарт Қаратау баурайындағы қасиетті Отырар ауданы. Енді екі жылдан кейін жетпіс жасқа толатын ардагер-ұстаздың кіндік қаны тамған қасиетті мекенге құрметі ерекше.

– 1961 жылы Октябрьдің №50 жылдығы атындағы орта мек­тептің табалдырығын аттадым. Әліппені үйреткен ал­ғашқы ұстазым – Юра Сүлейменова есімді апай болды. Ол кісінің бет-бейнесі, мейірімді жүзі әлі күнге көз алдымда. Ұстазымыз өте білімді, табиғаты таза, тәлім мен тәрбиесі мол жан болатын. Ал жоғары сыныпта математикадан Әтібай Құлым­бетов, физикадан Жаңабай Қашқынбаев, тарих пәнінен Асантай Әлімов, қазақ тілі мен әдебиет пәнінен Орынбек Дербісов есімді азаматтар сабақ берді. Ұстаздарымыздың білімі бізге қанат бітірді. Бізге еліміздің әдебиеті мен мәдениетіне қатысты тың деректер мен тарихи оқиғаларды шебер түсіндіретін. Мен әр жетістігімді ұстаздарымның еңбегімен байланыстырамын. Сондықтан олардың есімін атап өтуді жөн санаймын, – дейді Қынаш апай бізбен әңгімесінде.

Жалпы Отырар ауданынан елімізге белгілі қайрат­кер-тұлғалар көп шыққан. Қынаш апайдың жеке кітап­ханасында олардың әрқайсысының еңбегі, ғылыми жинақтары мен кітаптары бар. Ардагер-ұстаз бізге жерлестерінің тағылымға толы істерін таныстырып, Бейсенбай Кенжебаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Мұхтар Әлиев, Мұхтар Шаханов, Дүкенбай Досжан, Шәмші Қалдаяқов, Ержан Уәйісті ерекше қадірлейтінін атап өтті. Ұлт мақтанышына айналған тұлғаларды қазақ халқының біртуар перзенті санайтынын жеткізді.
Білімі мен біліктілігі ұштасқан, тарихи жады мықты Қ.Әуелбекова Қызылорда қаласындағы бұрынғы Н.В.Го­голь атындағы педагогикалық институттың түлегі. Атақты Әуелбек Қоңыратбаев бастаған ұстаз­дарының бәрі шәкірт­тері шыңға шыққан мерейі үстем мықты мұғалімдер. Оның ішінде Айнаш Шамшатова, Әли Байжолов, Медеуәлі Бима­ғанбетов, Әбдіжаппар Әбілақовтардың есімін ерекше атап өтуге болады. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші Қынаш Әуелбекованың да бойынан ұстазға тән ұлылықты аңғаруға болады. Ол кісінің қазақ әдебиетінің өткені мен бүгіні және ел тарихы туралы айтқан қызықты да әсерлі әңгі­мелерін тыңдай бергіңіз келеді.

– 1976 жылы бұрынғы Илиьч атындағы кеңшардағы №130 Абай атындағы орта мектебіне қызметке орналастым. Мек­теп директоры Алмат Пірімбетов ағай жа­ңадан келген ұстаздардан жас ұрпақтың ұшан-теңіз білім мен тәрбие алуына үлкен жауапкершілікпен қа­рап сабақ беруіне қатал талап қойды. Сабақтың жетістігі мен қиыншылығына назар аударып, әділ басшы сынды өткір тілмен айтатын. Тарихшы болуыма себепкер болған ұстазым Алмат ағай екенін айтып өту – менің шәкірттік парызым. Халқымызда «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген ғибратты сөз бар. Алғашқы ұстаздық жолымның жемісті болуына үлес қосқан мектеп ұжымына дән ризамын. Мектептің оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары әрі атақты тарихшы ұстазым Дәулет Қалжанов ағайға құр­метім ерекше, – деген Қ.Әуелбекова еңбек жолында жас жеткіншектерді бүгінгі күннің талабына сәйкес оқыту мен тәрбие­­леуді басты міндеті санағанын айтып өтті.
Белсенді мұғалімнің алғашқы еңбек жолы осылай бас­талған. Ол көп өтпей білім байқауларынан жүлделі оралып, іргелі ұжымның оң бағасына ие болады. Жетістікке толы же­місті жылдар бүгінде ұла­ғатты ұстаз еңбек еткен алтын ұя мек­тептің тарихына енді. Ауыл мектебінің әрбір мұғалімі ардагер-ұстаз Қ.Әуелбекованың еңбегін жақсы біледі. Ал №35 И.Тоқ­тыбаев атындағы мектеп-лицей директорының бе­йіндік оқыту жөніндегі орынбасары Жанна Сәркеева сынып жетекшісі болған Қынаш апайдың өте білімді, білікті, ізденімпаз ұстаз екенін зор мақтанышпен айтады.

– Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұлағатты ұстазымыз Қынаш апай – білім саласында биік белестерді ба­ғындырған мерейлі мұғалім. «Ұстаздық қызметті адал атқару үлкен жауапкершілікті талап етеді» деп санайтын ол бізге сапалы білім, саналы тәрбие берді. Ұлағатты ұстаздың оқушылары оқуда озат, қызметте жемісті деп айтуға толық негіз бар. Ұстазымыз қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы болғанымен ұзақ жылдар тарих пәнінен сабақ берді. Ол кісінің әрбір сабағы өте мазмұнды өтетін. Әр сабағын асыға күтетінбіз. Нағыз ұстаз деп атауға лайықты жанның бірі де бірегейі – Қынаш апайымыз, – дейді Жанна Есентұрқызы.

Ұлағатты ұстаз туралы жақсы пікірді әлеуметтік желідегі оқырмандар да жалғай түсті. Олардың қа­тарында Гүлсім Раманқұлова: «Қынаш апайдың са­бағы үнемі қызықты өтетін. Ол кісі менің өмірімдегі ең білімді педагог. Ұстазымыздың сабақты түсіндіру тәсілі ерекше болатын» десе, ұстаз Райхан Шыманова: «Қ.Әуелбекова апайымыз қазіргі таңда қолданысқа енгізіліп жатқан жаңартылған білімдегі әдіс-тәсілдерді бізге осыдан 20-30 жыл бұрын үйретті. Ұлағатты ұстаз сабақты тың мәліметтермен толықтырып, өзгеше әдіс-тәсілдермен түсіндіретін. Сондық­тан ол кісінің са­бағына қатыспай қалатын бала болмайтын. Бәріміз белсене қатысып, қызығатын едік. Креативті ұстазға зор денсаулық тілеп, шәкірттік алғысымды білдіремін» деп тілек­тестігін білдіріпті.

Енді ұстаздың бірқатар жетістігіне тоқталсақ. Қ.Әуелбекова 1985-1990 жылдар аралығында «Ұстаз­дық еткен жалықпас, үйретуден балаға» атты аудан­дық деңгей­дегі ұстаздардың сайысына қатысып, бір­­­не­ше жыл қатарынан жеңімпаз атанған. Мұнан бө­­лек 1990-1995 жылдары оқушысы Жанар Әмзеева аудан­дық пәндік олимпиадаға қатысып, І орын алып, облыстық олимпиадаға жолдама алған. Ал 1997-1998 жыл­дары қоғам, тарих, құқық пәндері бойынша шә­кірті Тұрар Бердешов пәндік олимпиаданың ау­дан­дық және облыстық кезеңінде І орын иегері атан­ған. Ұлағатты ұстаз 2001-2002 оқу жылында Ғалия Шіл­мано­вамен бірге Қазақстан тарихы пәні бойынша 8 сы­нып­қа арналған кешенаралық күнтізбе әзірлеген. Ау­дан­дық білім бөлімінің жоғары бағасын алып, аудан ор­та­лы­ғын­дағы мектептерде бірнеше мәрте ашық сабақ өткізген.

– Шәкірттерімнің ішінде Тимур Шакизадаев есім­ді оқу­шыммен ерекше мақтанамын. Ол 10 сынып оқушысы кезінде аудандық және облыстық олимпиададан І орынды жеңіп алып, республикалық «Дарын» орталығының базасында «Қоғам және экология» та­қырыбы бойынша өткен ғылыми-тәжірибелік кон­ференцияға қатыстық. Бұл жолы бізге жүлделі ІІІ орын бұйырды. Ауыл баласының республикалық дәрежедегі жетістігін – тереңдетілген сыныпта оқитын оқушының үздіксіз ізденісінің мәуелі жемісі десек жарасады. Негізі нағыз ұстаздың ізденісі мен еңбегі осындай асуларды бағындырумен бағалануы керек, – дейді саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған ардагер-ұстаз.

Кейіпкеріміз бүгінде өз шәкірттерімен, ізбасар­ларымен мақтанады. Олардың әрбір жетістігі мен бас­тамасына тілектес. Осы ретте Қ.Әуелбекованың Ғалия Шілманова, Айнұр Оңғарова, Рита Қожалақова, Мария Есімова есімді мамандығының майталман шебері атанған ұстаздарға бағыт-бағдар бергенін де айтып өтуіміз қажет. Сонымен қатар жоғары оқу орындарында білім берген Манат Жайлауова, Райкүл Диуанова, Сәрсен Тілеубаева, Еркін Ақтаевтар да Қынаш апайдың тәлім-тәрбиесін көрген білікті мамандар.

– Ұлы тұлғалар айтқандай, мен де «Мектеп – кеме, білім – теңіз» деп бағалаймын. Мыңдаған шәкірттер білім алып, қияға қанат қаққан мектебіме тағзым етемін. Ұстаз бен шәкірттің алтын діңгегі саналатын білім ордасында жұмыс істегенім үшін, бүгінде ұрпақ­тарымның қызығын көріп отырғаным үшін өзімді бақытты санаймын, – дейді кейіпкеріміз.

Біз де бүгінгі мақаламызды ұлағатты ұстаздың осынау түйінді сөздерімен аяқтауды жөн көрдік. Расында да нағыз ұстаз үшін оқушыға білім беріп, шәкірт жүрегіне жол тапқаннан асқан бақыт жоқ шығар. Ал ардагер-ұстаз Қынаш Әуелбекованың өнегелі өмір жолы бұл сөзімізге нақты дәлел бола алады.




Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
14 мамыр 2022 ж. 1 264 0