ЕҢСЕСІ БИІК – ҰЛЫ ЖЕҢІС
Осы тақырыпта Н.Ілиясов ауылындағы №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектепте ұлағатты ұстаздар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері Садуақас Әлиев, Түймебай Айтбаев, Алмат Наурызбаев, Меңлібай Қаймолдаевты еске алуға арналған футболдан турнир өтті. Оған ауылдардан командалар қатысып, бақ сынады. Шараға ауыл әкімі С.Нұрмағамбетов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Жұмабеков және ауыл тұрғындары қатысты. Оның басталуында мектеп директоры І.Анафияев сөз сөйлеп, ардагер ұстаздар жайлы естелік айтты, жылы лебізін жеткізді. Мұнан соң мектеп оқушылары қанды қырғын туралы көрініс қойды, Ж.Мұратова «Туған өлке», М.Кенжебекова «Ана туралы баллада», Г.Құрманғалиева «Әлия» әнін орындап, Р.Жұманиязова, Ж.Өмірзақова, Ұ.Зұлбұхарқызы өлең оқыды.
Еске алу турнирінде елді мекендерден келген командалар тартысты ойын өрнегін көрсетті. Нәтижесінде, Шаған ауылы І орынды жеңіп алды. Нағи ауылы ІІ орынды иеленсе, Қаракөл ауылына ІІІ орын бұйырды. Жеңімпаз командалар дипломмен марапатталып, қаржылай сыйлық алды.
Ардақ АЛАШБАЕВ,
№132 Т.Айтбаев атындағы орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі