Шәкірт жеңісі – ұстаз жемісі
«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші, оқушының мықты болуы – мұғалімнің айтқан сөзінде ғана емес, көрсеткен үлгісінде. Қазіргі таңда №37 мектеп-лицейдің мұғалімдерінің баптап қосқан әрбір жүйрігі іргелі алтын ұяның абыройын асқақтатып, білім мен ғылым бәйгесінде олжамен оралуда. Бүгінде білімнің биік шыңдарын бағындырып келе жатқан орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Татьяна Казка мен озат оқушы Ескендір Жақсыбек биік белесті бағындыруда.
Негізінен, тәжірибелі ұстаздың шәкірттерімен бірге осыған дейін қол жеткізген жетістігі жетерлік. Мәселен, ұлағатты ұстаз жақында өткізілген білім бәсекесінде даралана білді.
– Оқушының білім мен белсенділігін бір арнаға тоғыстырып, ұшар шыңға жетелеу қиын әрі қызықты жұмыс. Жауапкершілігі жоғары осынау жұмыстың нәтижесі бір жылда емес, қаншама уақыт ішінде белгілі болады. Сондай шәкірттерімнің бірі – Ескендір Жақсыбек. Өзінің оқуға, білімге құштарлығы, ізденісі арқылы көптеген олимпиадалардан жүлделі орындар алуда. Ескендір жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобада орыс тілі пәнінен аудандық, облыстық кезеңнен І орын алып, республикаға жолдама алған болатын. «Молодежный сленг» атты орыс тілінде сөздік шығарып республика бойынша арнайы сертификатқа ие болды. Сонымен қатар пәндік және ауылдық олимпиаданың облыстық кезеңінде ІІ орын алды, – дейді Татьяна Казка.
Расында, орасан жетістік ұстаздың бала қабілетін байқап, одан әрі жетілдірген еңселі еңбегінің арқасында жүзеге асуда.
– Саналы ғұмырын ұстаздық қызметке арнап келе жатқан Татьяна Казка оқушының бойындағы ерекшеліктерді ескере отырып, олардың қызығушылықтарын оятып, өз бетінше жұмыс жасай білуге, дағдыланған маман. Қазіргі заман талабына сай жаңа технологиялық әдістерді енгізу және жетілдіру мақсатын өз тәжірибесінде жүзеге асырып келеді. Шәкірттері мектепшілік, аудандық, облыстық сайыста, олимпиадада жақсы нәтиже көрсетіп, табысқа жетуде. Мектептегі қоғамдық жұмысқа белсене араласатын мұғалімнің ұйымдастырушылық қабілеті жоғары. Ұстаздық қызметті бәрінен жоғары қоятын ардақты жанның білім беру саласындағы еңбегі елеусіз қалған емес. Марапаттарының ішінде Орта Азия мемлекеттерінің ғылыми-педагогикалық қауымдастығынан арнайы диплом, аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ комитетінен «Құрмет грамотасы», облыстық білім басқармасының басшысының «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Өзінің ақжарқын мінезімен дараланатын аяулы ұстаз әріпстестері мен шәкірттерінің арасында зор беделге ие, – дейді мектеп-лицей директоры Қалихан Омаров.
Кез келген ұстаз үшін әрбір оқушының орны бөлек. Баланың өмірден өз жолын тапқанын, болашаққа нық сеніммен қадам басқанын қалайтын ардақты ұстаз шәкіртімен білім сынақтарында топ жара бермек.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА